Рудныйда үш тіл шеберлері анықталды

Рудный әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығында қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейтін дарынды жастар арасында «Тіл шебері» байқауының қалалық кезеңі өтті. Байқау, ел болашағын құрайтын жастардың тілдік мәдениетке деген сүйіспеншілігін ояту және ұлттық патриотизмді нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

Бұл шараға қала мектептерінің жас ұстаздары қатысып, «Сөзтаным», «Ойтаным», «Тілтаным» атты үш кезеңнен тұратын байқауда бақ сынасты. Байқаудың ерекшелігі – қатысушылардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгеруі ғана емес, сонымен қатар, олардың өз ойларын үш тілде анық әрі нақты жеткізе білуі болды.

Үш кезеңнің қорытындысы бойынша, Рудный қаласының білім бөлімінен төмендегі мұғалімдер жеңімпаз атанды:

— Айслу Жанайдарова – №1 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі.

— Малика Кожамжарова – №1 жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

— Рауан Сейтен – Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Үшінші орын алған мұғалімдер қатарында осы үш тұлға ерекше атап өтілді. Екінші орынды №14 мектептің ағылшын тілі мұғалімі Улжана Қарсыбекова иеленді.

Ал, байқаудың бас жүлдесін жеңіп алып, облыстық кезеңге жолдама алған жеңімпаз – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Владимира Михайлюк болды.

— Мен ағылшын тілі мұғалімі ретінде қазақ мектебінде білім беремін, сол арқылы қазақ тілі мен ағылшын тілінің арасындағы байланысты көріп, оқушыларға жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын. Қазақ тілі мен үшін ең әдемі және сүйікті тіл. Бұл маған қазіргі өмірімде көп көмектеседі. Міне, бүгін мен байқауға қатысып, облыстық кезеңге жолдама алып отырмын. Менің ойымша, осындай шаралар мұғалімдерге өз тілдік деңгейлерін көтеруге және үш тілде еркін сөйлеуді жетілдіруге мүмкіндік береді, — дейді Владимира Александровна.

«Тіл шебері» байқауының басты мақсаты – үш тілді меңгерген жастарды қолдау, сонымен қатар, ұлттық патриотизмді нығайту мен жастар арасында тілдік мәдениетті насихаттау. Қала мектептерінің жас мұғалімдері үш тілде еркін сөйлеп, тілдің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, мәдениеттің бір бөлігі екенін дәлелдеді.

– «Тіл шебері» байқауының басты мақсаты – тілдік мәдениетті насихаттау және ұлттық патриотизмді нығайту. Біз әрдайым жастарға үш тілдің маңыздылығын түсіндіріп, олардың тілдік біліктілігін дамытуға тырысамыз. Бұл байқау қатысушыларға өздерін көрсетуге, тілдік дағдыларын шыңдауға және қоғамдық өмірде белсенді болуға мүмкіндік береді. Қатысушылардың барлығы өте жоғары деңгейде дайындалған. Әсіресе, мұғалімдеріміздің үш тілде еркін сөйлеп, күрделі тапсырмаларды шешуде шеберлік танытқаны қуантады. Мұндай шаралар олардың кәсіби өсуіне ықпал етеді деп сенеміз, — бөлісті Жанат Досубаева, қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы

«Тіл шебері» байқауы – тек тілдік қабілеттерді сынайтын жарыс қана емес, сонымен қатар, болашақ мұғалімдердің біліктілігін арттырып, мәдениет пен патриотизмді дәріптейтін маңызды шара. Осындай байқаулар жастардың тек тілді жетік меңгеріп қана қоймай, елге деген сүйіспеншілігін арттыруға, өзара түсіністік пен көптілділік арқылы жаңа мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді. Алда өтетін облыстық кезеңде жеңімпаздарымызға сәттілік тілейміз, және бұл байқаулардың арқасында жас ұрпақтың мәдениеті мен білім деңгейі одан әрі дамитынына сеніміміз мол.

 

Айлана ЕРХАНОВА,

суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *