Рудныйда әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелер талқыланды

Рудный қаласында еңбек ұжымдары өкілдерімен әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша кездесу өтті. Оған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Костанай облысы бойынша Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитеті департаментінің, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының өкілдері қатысты. Кездесуде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау, халықты әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамту мәселелері қаралды.

– Біз жыл сайын осындай кездесулер өткіземіз, жұмыс берушілермен, кәсіпорын қызметкерлерімен, бас бухгалтерлермен, кадр қызметкерлерімен, еңбек қауіпсіздігі инспекторларымен жүздесеміз, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Костанай облысы бойынша Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Бахыт Каширбеков. – Кездесу барысында өндірістік жарақаттану жағдайлары мен еңбек қатынастары саласындағы заңбұзушылықтарға қатысты статистиканы талдап, жұмыс берушілердің міндеттері туралы тағы да түсіндіреміз.

Өткен жылы Қостанай облысында 225 тексеріс жүргізіліп, 223 заңбұзушылық анықталды. Нәтижесінде, 49 ескерту беріліп, 168 айыппұл салынды. Жалпы сомасы 24 миллион теңгеден асты. Жұмысшылардың құқықтарының бұзылуы немесе еңбек даулары туралы мәліметтер үнемі Еңбек тәуекелдері картасына енгізіліп, Еңбек министрлігінің орталығына жіберіледі. Рудный қаласына келетін болсақ, мұнда еңбек даулары мен жалақы бойынша қарыздар тіркелмеген.

Қостанай облысында 2024 жылы 81 өндірістік жарақаттану оқиғасы тіркеліп, 91 адам зардап шекті. Оның ішінде 24 жағдай жеңіл жарақатпен, 7 орташа ауырлықпен, 40 ауыр жарақатпен аяқталса, 20 адам қайтыс болған. Рудныйда 2023 жылы 14 өндірістік жарақаттану оқиғасы орын алған, оның төртеуі өліммен аяқталған.

– 2024 жылы облыста өндірістік жарақаттану деңгейі 22 пайызға төмендеді. Дегенмен, бұл мәселе әлі де өзекті болып отыр, – деді Бахыт Каширбеков. – Өндірістік жарақаттану көбінесе тау-кен өндірісі, коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларында кездеседі.

«ССКӨБ» кәсіпорнында 10 мыңға жуық қызметкер жұмыс істейді. Бұл кәсіпорын – еңбек қауіпсіздігі шараларын енгізу бойынша республикадағы алдыңғы қатарлы мекемелердің бірі. Мұнда бейнебақылау жүйесі орнатылған, жұмысшыларды жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету тұрақты түрде жүргізіледі, медициналық тексерулер уақытылы өткізіледі.

Сонымен қатар, өткен жылы өңірде 16 өндірістік жарақаттану оқиғасын жасыру фактісі анықталған. Бұл жағдайлар бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 96-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік істер қозғалып, жалпы сомасы 3 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.

Қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру мақсатында облыста ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде 58 кәсіпорын «Vision Zero» тұжырымдамасына қосылды. Сонымен қатар, 94 кәсіпорында арнайы ұйымдар арқылы 4000-нан астам жұмыс орны аттестаттаудан өтті. Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша «тік бақылау» жүйесін 39 кәсіпорын енгізді. Тағы 11 кәсіпорын еңбек құқықтарын сақтауды қамтамасыз ететін мекеме ретінде «Сенім сертификатын» алды.

– Біз жыл сайын қауіп деңгейі жоғары кәсіпорындарды тексереміз. Биыл 20-ға жуық мекемеде тексеріс жүргіземіз. Олардың қатарында шағын, ірі және мемлекеттік кәсіпорындар бар, – деді Бахыт Каширбеков.

Кездесуде жұмыс берушілерге олардың міндеттері тағы бір рет еске салынды. Бұл – жұмысшыларды өндірістегі жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру, бос жұмыс орындары туралы ақпаратты жұмыспен қамту органдарына тапсыру және еңбек шарттарын жасасу міндеттері.

Рудныйда жалдамалы қызметкерлер саны 32 966 адамды құрайды. Оның ішінде 32 693 қызметкер электрондық еңбек шарттарымен қамтылған. Бұл көрсеткіш 99 пайызға жетті.

Халықты міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен қамту мәселесі де қарастырылды. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап арнайы мобильді қосымшаны пайдаланып, интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететін жеке кәсіпкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне енгізілді. 2025 жылдың қаңтарынан бастап бұл жүйеге салық агенттерімен азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар да қосылды.

– Осыған байланысты олар әлеуметтік тәуекел жағдайларында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер ала алады. Бұл еңбекке қабілеттілігінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жүктілік және босану, жұмыстан айырылу, сондай-ақ бала 1,5 жасқа толғанға дейін күтім жасауға байланысты кірістен айырылу жағдайларына қатысты, – деп мәлімдеді Қостанай облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалының директоры Наталья Юдина.

Кездесуде әлеуметтік аударымдарды есептеу мен төлеу, жүйеге қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі әрбір қатысушының рөлі туралы толық ақпарат берілді.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *