Рудныйда 47 көше жөнделеді

2025 жылы орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 3,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді

Биыл Рудный қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқынды басталды. 2 мамырдан бастап қалада орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Юрий Итемгеновтың айтуынша, биыл жөндеу жұмыстарымен 47 көше қамтылады. Бұл – 27 шақырымнан астам жол жамылғысы.

Мердігер және жұмыс барысы

Жөндеу жұмыстарын Қостанай облысының ірі құрылыс ұйымдарының бірі – «ВАН» ЖШС жүргізіп жатыр. Бұл компания бұған дейін Рудныйда жұмыс істемегенімен, Қостанай қаласында және республикалық трассаларда ауқымды жобаларды жүзеге асырған. Өндірістік қуаты жоғары, өз асфальт зауыты бар. Бүгінде олар қаладағы асфальт зауытынан материал сатып алуда. Компания үш бригадаға бөлініп, әрқайсысының өз техникасы мен учаске басшысы бар.

Қазіргі таңда орташа жөндеу жұмыстары Розовая, Ромашковая және Гаражная көшелерінде асфальт төсеуден басталды. Сонымен қатар Тургенев көшесінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. 24-ықшамауданда Фабричная, Индустриальная, Верхняя көшелері мен Лебединый тұйығына асфальт төсеуге негіз әзірленді.

– Барлық жұмыстар белгіленген кесте бойынша жүргізіледі. Жол сапасына ерекше назар аударылып отыр. Жөндеу аяқталғаннан кейін жол бетінің бірнеше бөлігінен керн алынып, зертханаға жіберіледі. Асфальт стандартқа сай болмаса, сол учаскелер қайта төселеді, – деді Юрий Итемгенов.

Бюджет және қосымша жобалар

Орташа жөндеу жұмыстарына қала бюджетінен 1 млрд 937 млн теңге бөлінген. Бұдан бөлек, бұрынғы жобалардан үнемделген қаржы – 105 млн теңге – Орджоникидзе көшесі мен Солнечный, Целинный тұйықтарын жөндеуге жұмсалады. Бұл жобаларға да мердігер ретінде «ВАН» ЖШС тартылған.

Жөндеу сапасын қадағалау мақсатында «Nomad Partners» ЖШС техникалық қадағалаушы ретінде келісімшартқа отырды. Сондай-ақ жол материалдарының сапасын сараптау үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» Қостанай облыстық филиалы тартылған.

Ағымдағы жөндеу және күрделі жобалар

Биыл қалада ағымдағы жөндеу жұмыстары да жоспарланған. Оны «Рахат – 2018» ЖШС жүргізуде. Жалпы көлемі – 30 мың шаршы метр, бюджеті – 231,5 млн теңге. Қазір Комсомол даңғылында жөндеу аяқталды. Топоркова және Горький көшелерінде жұмыстар жүріп жатыр. Жақында Ленин, Парковая және 50 лет Октября көшелері жөнделеді.

Сандригайло көшесінде ескі асфальт толық алынып, жаңасын төсеу дайындалып жатыр. Сонымен қатар Свердлов пен Шевченко көшелерінде дайындық жұмыстары басталған. Бұл үш көше мамыр айының соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Горняков көшесінің реконструкциясы

Қаладағы ауқымды жобалардың бірі – Горняков көшесінің Дзержинский мен Парковая арасындағы бөлігін қайта жаңғырту. Жолдың ұзындығы – 1,129 км, жобаның құны – 1 млрд 646 млн теңгеден асады. Жұмыстарды «Қостанайжолдары» ЖШС жүргізуде. Қазір бұл учаскеде су, кәріз және нөсер кәріз жүйелерінің монтажы аяқталуда. Сонымен бірге, жаяу жүргіншілер тротуарларын жасауға дайындық жүріп жатыр.

Юрий Итемгенов жол жөндеудің жеке сектордағы үйлесімділігіне де тоқталды:

– Көптеген көшелерде жылу және су желілерін жаңарту да қатар жүргізілуде. Осыған байланысты біз жөндеу жұмыстарын басқа жылдарға шегеріп отырмыз. Мәселен, былтыр жылу жүйесі жаңартылған Молодая гвардия көшесінде биыл ливневка мәселесін шешіп, содан кейін ғана жөндеу жүргіземіз, – деді ол.

Сапа – басты талап

Қала тұрғындары арасында жол сапасына қатысты сұрақ жиі қойылады. Осыған байланысты Юрий Итемгенов түсініктеме берді:

– Шағым көбіне шұңқырлы жөндеуден кейін туындайды. Бұл көшелерде соңғы 10-15 жылда толық жөндеу болмаған. Ал өткен жылы орташа жөндеуден өткен 36 көшені қазір тексеріп жатырмыз, әзірге ешқандай ескерту тіркелмеді. Орташа жөндеудің кепілдік мерзімі – 5 жыл, – деп нақтылады ол.

2025 жылы Рудный қаласындағы жол сапасын жақсарту мақсатында ірі көлемде жұмыс атқарылып жатыр. Бюджеттік қаржы тиімді игерілуде, инженерлік инфрақұрылыммен үйлестірілген жөндеу жұмыстары қаладағы көлік қозғалысын жақсартуға сеп болады. Жауапты мекемелер мердігерлердің жұмысын қадағалап, сапаға ерекше назар аударып отыр.

 

Аруна КӘДІРБЕК,

суретті түсірген

Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *