Рудныйды қандай өзгерістер күтіп тұр

2025 жылы қаланы абаттандыруға 9 миллион теңге бөлінді

Қала тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі – жолдардың сапасы мен абаттандыру жұмыстары. Қала әкімінің қатысуымен өткен кеңейтілген кеңесте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Юрий Итемгенов осы бағытта 2025 жылы қандай жұмыстар жоспарланғанын айтты.

Қалалық бюджеттен бұл мақсаттарға 9,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде жолдарды реконструкциялау мен жөндеуге – 3,8 млрд теңге, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге – 63,8 млн теңге, елді мекендердегі көше жарығына – 649 млн теңге, жолаушылар лифтілерінің қозғалыстағы бөлігін монтаждауға – 262,9 млн теңге, жеке сектордағы жылу желілерін жөндеуге – 749,6 млн теңге, әлеуметтік осал топтарға жеңілдікпен жол жүру шығындарын өтеу және әлеуметтік маңызды жолаушылар тасымалы бойынша шығындарды субсидиялауға – 1,19 млрд теңге, қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға – 2,3 млрд теңге, елді мекендердің санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге – 93,2 млн теңге бөлінді.

2025 жылы автомобиль жолдарын жөндеуге 2 млрд теңге қарастырылған.

Қала әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі 47 көше мен тұйық көшелерді жөндеу бойынша техникалық құжаттама әзірледі. Оның ішінде бұрын асфальт болмаған жеке сектордағы 35 көше бар, жалпы ұзындығы – 28 шақырым. Бұл құжаттама автомобиль жолдары комитетінің ведомстволық сараптамасынан өтті. Қазіргі уақытта мердігер компанияны анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Ауа райының қолайлы кезеңі басталғаннан кейін жөндеу жұмыстары басталады.

Ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында қала жолдарында 30 мың шаршы метр көлемінде шұңқырларды жөндеу жоспарланған.

2025 жылға қарай Горняков көшесінің 2-кезеңін (Дзержинский көшесінен Парковая көшесіне дейін) қайта жаңарту бойынша келісімшарт жасалған.

2024 жылдың қараша айында Рудный қаласындағы 12 тұрақты қалалық маршрут әлеуметтік маңызды деп танылды. Осы маршруттар бойынша жолаушылар тасымалы кезінде тасымалдаушылардың шығындарын өтеуге бюджеттен 859,6 млн теңге субсидия бөлінді. Қазіргі уақытта қаладағы тасымалдаушы компаниялар өнеркәсіпті дамыту қорына жаңа автобустар сатып алу бойынша өтінім берді. Өтінімдер қаралуда. Егер олар мақұлданса, қаладағы автобус парктері ішінара жаңартылады.

Қаланы абаттандыру жұмыстары аясында 900 ағаш отырғызу жоспарланған. Қала жасыл желек қорын сібір қарағайы, кәдімгі шаған және терек толықтырады. Сонымен қатар, 7 мың шаршы метр алаңға гүлдер отырғызу және 8 мың шаршы метр көгалды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

«Халық қатысатын бюджет» механизмі арқылы жүзеге асырылатын жобалар аясында қала тұрғындарының дауыс беру нәтижелері бойынша 2025 жылы жалпы сомасы 162,9 млн теңгеге 8 жоба іске асырылады. Оның ішінде 7 жоба – балалар және спорт алаңдарын салу, 1 жоба – жаяу жүргіншілер жолын жасау. Сонымен қатар, 2025 жылы 2024 жылы іске аспаған 8 жоба жүзеге асырылады. Олардың жалпы құны – 106,6 млн теңге. Бұл жобалар адал емес мердігердің кесірінен аяқталмаған.

2025 жылы қаланың субұрқақтарын күтіп-ұстау жұмыстары жүргізіледі. Космонавттар даңғылы мен Горняков – Ленин көшелерінің қиылысындағы субұрқақтарға 2,8 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, үш жаңа субұрқақ орнату және олардың айналасын абаттандыру мен көгалдандыру жоспарланған. Біреуі 11-шағын аудандағы екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің арасында орналасады, оның диаметрі – 15 метр. Екінші субұрқақ Комсомол даңғылы мен Жантеміров көшесінің қиылысында, ал үшіншісі Гагарин – Ленин көшелерінің қиылысында салынады.

2025 жылы қаладағы 15 лифтіні жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ 1400 шаршы метр аумақты қамтитын екі балалар ойын алаңы салынады. Балалар мен спорт алаңдары «Шығыс» шағын ауданында, Фрунзе мен Парковая көшелерінің қиылысында орнатылады.

Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жоюға қалалық бюджеттен 74 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, қаладағы жыраларды шөптен тазарту жұмыстары жалғасады.

2025 жылы қалада 397 бағана мен 572 жарық шамы орнатылады.

– Өткен жылы біз жақсы жарықтандыру бағдарламасын іске асырдық, алайда бұл әлі де жеткіліксіз, – деді қала әкімі Виктор Ионенко. – Бізде «қара аймақтар» деп аталатын жарықсыз учаскелер бар. Бұл жерлерде жол-көлік оқиғалары жиі орын алады. Сондықтан көптеген көшелерде жарық шамдарының қуатын арттыру мүмкіндігін қарастыру қажет. Қазіргі таңда бізде 100 ватттық шамдар орнатылған, бірақ олардың жарықтығы жеткіліксіз. Жарықтандыру биіктігі 13 метрлік бағаналарда орналасқанымен, қажетті нәтиже бермей тұр, әсіресе тротуарларға, жаяу жүргіншілер өткелдеріне және жүргіншілер аймақтарына қатысты. Ерекше назарды автобус аялдамаларына аудару қажет, өйткені барлық жерде сапалы жарықтандыру жоқ.

Қала әкімі Виктор Ионенко Горняков көшесін қайта жаңарту мәселесіне де тоқталды.

– Горняков көшесін жаңарту жобасына тек жол төсемін жаңарту ғана емес, тротуарларды екі жағынан жөндеу де кіреді. Сондай-ақ жолдардың арасындағы жасыл аймақты қалпына келтіру және жаңа жарықтандыру орнату көзделген, – деді Виктор Николаевич. – Алдағы аптада Дзержинский және Горняков көшелеріндегі жаңбыр суын ағызу мәселесін шешу үшін мердігерлермен кездесу жоспарланған. Ол үшін нөсерлі кәріз жүйесін қалпына келтіру қажет. Бұдан бөлек, Гагарин көшесінде су құбыры мен кәріз желілерін жөндеу және ауыстыру, сондай-ақ жасыл аймақты абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.

Көше шағын болып көрінгенімен, жобаға бөлінген жалпы бюджет 1,7 млрд теңгені құрайды. Бұл сапалы асфальт төсеу үшін алдымен нөсерлі кәріз жүйесін аяқтау қажеттілігімен байланысты. Егер бұл жұмыс алдын ала жүргізілмесе, асфальт төселгеннен кейін көп ұзамай қайтадан қазуға тура келеді, бұл қосымша шығындарға әкеледі. Дәл осы себептен көше 2024 жылы асфальтсыз қалды. Барлық қажетті коммуналдық жұмыстар толық аяқталғанша күту туралы шешім қабылданды.

Қала әкімі жолдарды жөндеу мәселесіне де жеке тоқталды.

– Бұл бағытта ауқымды жұмыс күтіп тұр. Біз жағдайды түзетеміз деп үміттенеміз. Қазірдің өзінде 2026 жылға жоспар құруымыз қажет: қандай көшелерді жөндейміз, қай жерлерді кеңейтеміз. Кеңейту бойынша тұрғындардан көптеген сұрақтар туындайды, әсіресе ағаштарды кесу мәселесі бойынша. Бірақ бұл жұмыстарды жүргізуіміз керек. Ленин көшесінде «Шығыс» аялдамасынан бастап Комсомол даңғылына дейінгі 800 метрлік учаскеде 11 айда 350 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Егер біз көшені кеңейтпесек, тұрғындарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмаймыз, ал ағаштарды кесусіз кеңейту мүмкін емес. Егер бүгін осы көшелерге орташа жөндеу жүргізсек – ал мұндай мүмкіндік қазір бар – онда бұл тақырыпқа алдағы бес жыл бойы қайта оралмаймыз. Жыл сайын қалада автокөлік саны кемінде 10%-ға артып келеді. Бес жылда көлік паркі 40-50%-ға ұлғаяды, сонда біз көлік қозғалысының толықтай тоқырауына тап боламыз. Сондықтан болашақты ойлауымыз керек, – деді Виктор Николаевич.

Жалпы, қабылданған барлық шаралар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және жайлы қала ортасын құруға бағытталған.

Жәнібек ҚАЛАБАЕВ,

суреттерді түсірген

Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *