Бүгін қала әкімдігінде өткен баспасөз брифингінде Рудный қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Елена Скаредина 9 мамыр – Жеңіс күніне орай атқарылып жатқан әлеуметтік қолдау шаралары туралы баяндады.
Оның айтуынша, ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ арнайы санаттағы азаматтарға жалпы сомасы 27 миллион теңге көлемінде төлемдер жүргізілген. Үш ҰОС қатысушысына 5 миллион теңгеден, басқа санаттағы азаматтарға – 50-100 мың теңге аралығында жәрдемақы берілген.
Бөлім басшысы атап өткендей, бүгінде марапатқа лайық 232 адамға арнайы мерекелік медальдар табысталмақ. Олардың басым бөлігі жасы 90-нан асқан қариялар болғандықтан, көпшілігі салтанатты жиынға келе алмайды. Сондықтан қала әкімдігі мен әлеуметтік қызметкерлер олардың үйлеріне барып, жеке марапаттап, құттықтауды ұйымдастырады.
— Біз ардагерлердің әрқайсысының жағдайын жіті бақылап отырмыз. Қазір олардың арасында 17 адам интернатта, 26 адам үй жағдайында арнайы әлеуметтік қызмет алып отыр. Барлығына қажетті көмек көрсетілуде. Төлемдер толық аударылды, – деді бөлім басшысы.
Қазіргі таңда Рудныйда үш соғыс ардагері – Смағұлов, Марьяшин және Екібаев тұрады. Егер денсаулықтары мүмкіндік берсе, олардың екеуі мерекелік іс-шараға қатысуы мүмкін. Марьяшинге – 100 жас, Екібаев – 5 қазанда 100 жасқа толады.
— Біз үшін бұл кісілер – нағыз батырлар. Олар Жеңісті жақындатты, ал біз олардың ерлігі мен еңбегін ұмытпауымыз керек, – деді Елена Скаредина.