Сабын шығарушы рудныйлықтың аты-жөні — Сегізбай Жүнісов. Бұл кәсіпті бастағанына бар жоғы 3 ақ ай өтіпті. Десе де клиент саны артып, «Учкудук» сабынына сұраныс көбейген. Танымалдылықтың сырын «сабынның құрамында» деп отыр кәсіпкер.
Сабынның атауына арқау болған Үшқұдықтан Сегізбай Жүнісовтің Рудныйға келгеніне 4 жыл ғана толды. Кейін сол жақтағы темір құрылғыны сабын жасау үшін арнайы алдыртқан екен. Құрылғы сағатына 500-ге жуық сабын шығара алады. Бүгінде кәсіпкер Соколов Сарыбай комбинатында жұмыс істей жүріп, ісін кәсіпке айналдырып жүр.
«Комбинатта токорь болып жұмыс істеймін. Қосымша сабын кәсібін аштым. Сабын жасауды туған жерімде цехтарда жұмыс істей жүріп үйрендім. Комбинатта бізге сабындарды таратып береді. Алайда маған сабынның иісі ұнамады. Сөйтіп цех ашып, сабын жасаймын деген ой пайда болды», — деді кәсіпкер Сегізбай Жүнісов.
Сабын бизнесін дөңгелетуге қаржының жетіспеушілігі тұсау болып отыр. Кәсіпкердің өзі «баспаған жерім, бармаған тауым қалмады» деп мұңын шақты. Қайтарылмас грантқа да өтініш беріпті. Ендігі нәтижесін күту үстінде.
Қаржының жоқтығы қолбайлау болса да, кәсіпкер енді кір жууға арналған ұнтақ пен сусабынды шығарғысы келеді. Қазір осы қаладан 2 километр тұратын «Юбилейное» ауылында цехті танысынан жалға алып тұрады. Цехтың жағдайы да мәз емес. Іштегі бөшкені өз қолынан жасапты.
«Бұл орынды танысымнан тегін алып отырмын. Рудныйдың өзінде цех ашу ойда бар, десе де тағы қаржының жоқтығы тағы қолбайлау. Жалға орын алуға да жағдайым жетпейді. Алдағы уақытта сабыннан бөлек кір жуғыш ұнтақ, сусабын шығарғым келеді. Тағы да ақшаға кеп тіреледі. Егер шығарып жатсам, дүкендерде сатылып жатқан шаруашылық тауарлар жолда қалады», – деді нық сеніммен кәсіпкер.
Сабын жасау отбасылық кәсіп деп айтуға толық негіз бар. Әкесімен ұлы сабын шығарса, үйдің отанасы оны дүкендерге өткізумен айналысады. Сабын құны – небәрі 250 теңге. «Үшқұдық» кір сабынының салмағы – 200 грамм, құрамындағы кір ашатын майлы қышқылдың үлесі 72 пайызға жетеді. Кәсіпкер сабын құрамына доңыздың майы мүлде қосылмайды деп қосты. Сондықтан сұраныс та жақсы.
«Сабынды дүкендерге шығарып көрдік, сатқыздық. Сұраныс жақсы. Құрамы таза, иісі жоқ. Оған малдың іш майы және аздаған химиялық қоспалар қосылады. Мен оларды жергілікті ет комбинаттары мен мал сою цехтарынан, дәмханалар мен мейрамханалардан сатып аламын», – деді Сегізбай Жүнісов.
Сабын жасаушы ісін дөңгелетуге 5 млн теңгедей қаражат қажет дейді. Кәсіпкердің жан айқайын естір құлақ табылса игі. Сегізбай Жүнісовтің арманы орындалып, сабын шығаратын кәсіпорын ашады деп сенеміз.
Арай Марат