Рудный тұрғындары да алғаш рет қала әкімін таңдады

5 қараша Рудный қаласы мен бүкіл Қазақстан үшін маңызды күн болды, өйткені ел тарихында тұңғыш рет 42 аудан мен облыстық маңызы бар үш қаланың тұрғындары өз елді мекенінің басшысын таңдауға мүмкіндік алды.

Сайлау күні барлық учаскелерде қалалық шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін көрсетті, жеке кәсіпкерлер жәрмеңкелер ұйымдастырды.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Елімізде алдағы уақытта жаңа саяси реформалар қолға алына бастайды. Солардың бірі – қала, аудан әкімдерінің сайлауы. Бұл шешім ауыл тұрғындарының мүдделеріне тікелей әсер етеді» деген болатын. Осылайша, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау өткізу туралы бастама мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыруға және азаматтардың жергілікті атқарушы билік деңгейінде шешімдер қабылдауға тікелей қатысуын кеңейтуге бағытталған саяси реформалар үдерісінің маңызды кезеңдерінің бірі болды.

Соңғы екі-үш жылда сайлау жүйесіне көптеген өзгерістер енгізілді. Атап өтсек, 2021 жылы Президент «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес ауылдық округ әкімдерін елді мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлау құқығына ие болды. Саяси партияларды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны жөніндегі талапты 40 мыңнан 20 мың адамға азайту, сайлау кезіндегі партиялық тізімде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота қарастыру, парламенттік оппозиция институтын енгізу секілді жаңашылдықтар орын алды. Елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалардың нәтижесінде алдағы уақытта тұрғындар облыс әкімін сайлайтын болады. Сонымен қатар, сайлау бюллетеньдеріне «Бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды.

Рудный сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, сайлаушылар тізіміне енгізілген 82255 азаматтың 31160-ы дауыс берді. Әкім сайлауының нәтижелері келесідей: Виктор Ионенкоға 26260, Денис Петрухноға – 2232, Максим Устиновқа – 1098 тұрғын дауыс берді. Сондай-ақ «барлығына қарсымын» белгісі бар 917 бюллетень тіркелді. Пилоттық режимде өткен сайлау барысын»AMANAT» партиясының, «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясының өкілдері және әкімге кандидаттардың сенім білдірілген адамдары белсенді қадағалады.

Жаңадан сайланған қала әкімі Виктор Ионенко Қостанай облысы Таран ауданы Асенкритовка ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1992 жылы Таран ауданы «Николаевский» совхозының машина – трактор паркін пайдалану инженері болып бастаған. Мемлекеттік қызметте үлкен тәжірибесі бар. Таран аудандық мәслихатының хатшысы, Денисов, Меңдіқара, Қарасу аудандарының әкімі, Қостанай облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.

Толғанай Ибраева, зейнеткер:

Мен Рудный қаласының тұрғынымын. Бұл қалаға көшіп келгеніме 27 жыл болды. Бүгінгі №166 сайлау учаскесінің дауыс берушісімін. Өтіп жатқан әкім сайлауы керек деп ойлаймын. Үкімет жергілікті елді-мекеннің әкімін сайлау дұрыс болады деп есептесе, біз халық болып бұл бастаманы қолдаймыз. Осыған орай, бүгін лайықты кандидатқа дауыс беруге келдім. Баршаңызға құтты болсын! Біздің мақсаттарымызды, талаптарымызды орындайтын жақсы әкім сайланады деп сенемін!

Галина Рощина, мәдениет және білім саласының ардагері:

Сайлау-бұл шағын мереке және үлкен жауапкершілік. Себебі, біздің қала жас және жыл сайын өсіп келеді. Бізде шешілетін мәселелер бар және биліктің басында білікті, кәсіби әкім болуы керек. Ол қазірдің өзінде жүргізіліп жатқан саяси қадамдардың жалғасы. Барлық үміткерлер өте лайықты. Бүгін сайлау учаскіде барлығы жақсы ұйымдастырылған. Концерттік қойылымдар көрсетіліп, біздің халық ұжымдары өнер көрсетуде. Көріп қуанышты болдым, көңіл-күй көтеріңкі.

Анатолий Веклич, Қостанай облысының белбеу күресі федерациясының президенті:

Мен де бір кездері сайлауға үміткер болдым. Бұл 1986-1987 жылдар болды. Есімде, бұл қала тарихындағы бірінші сайлау болды. Мені Арқалық қаласының атқару комитетінің бірінші орынбасары етіп таңдады. Ал, бүгін біз тәуелсіздік жылдарында Рудный қаласының әкімін таңдауға мүмкіндік алдық. Бұл қаланың тағдырын шешетін өте маңызды лауазым. Қазір жас әкімдер тағайындалған қалаларда не болып жатқанын көрдік. Сол себепті бұл лауазымда білікті маманды көремін деп үміттенемін. Мен жұмыс барысын өте жақсы білемін, себебі бір кездері өзімнің басымнан өткердім. Халық сені таңдағанда бұл сезім қандай екенін түсінемін. Сондықтан кеше жарыстан келіп, дауыс беруге бірден келдім.

Қаламыздың жаңа әкімін қала активіне аймақ басшысы Құмар Іргебайұлы таныстырды. Өз сөзінде сайланған Виктор Ионенко өзінің білімі мен тәжірибесін қаланың дамуына қолданатынына сенім білдірді. Облыс басшысы қалада жылу желілерін жөндеу жұмыстарын жалғастыру, қаланы абаттандыру, тұрғын үйлер салу және қалпына келтіру сияқты жобаларды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, инфрақұрылымды жаңғырту және экономиканы дамыту жөніндегі жұмыстардың қажеттілігі айтылды.

— Өткен сайлау кезеңі маңызы жоғары саяси қадам деп айтуға болады. Өйткені, өтіп жатқан демократиялық процесстердің одан әрі жалғасуына және қоғамның жаңартылуына әсер етпек. Халықтың сайлау науқанына қызығушылықтарын білдіріп, қатысуының өзі Ел Президентінің жасап жатқан саясатын қолдауының белгісі деп айтуға болады,- деп атап өтті облыс басшысы.

— Тарихымызда алғашқы рет қала әкімінің сайлауы өтті. Мен үшін бұл аса маңызды оқиға, — дейді Виктор Ионенко. — Қазіргі таңда тағайындалудан, сайлану арқылы басшылық келу жауапкершілікті одан сайын арттырары анық. Мені қолдап, сенім білдірген барша тұрғындарға алғыс білдіремін. Сайлауалды бағдарламадағы жоспарлардың барлығы сіздермен бірге жазылды. Осы жылы басталған жұмыстар өз жалғасын табады. Маған бергенді сенімді ақтау үшін барлығын жасаймын.

Жиын соңында халық қалаулысының қолдаған қаламыздың белсенді ааматтарының бірі Жақсылық Кәкенов өз сөзінде басышылыққа табыс тілеп және оның халыққа жақын болуына үлкен үміт артты.

-Бұл біздің қоғамды демократияландырудың тағы бір маңызды қадамы. Мен қала тұрғындарымен бірге Виктор Николаевичті сайлаудағы сәтті жеңісімен құттықтаймын. Бұл қала әкімі болған қысқа уақыт ішінде атқарылған үлкен жұмыстың нәтижесі. Қазақта «Әкім болсаң-халқын жақын бол» дейді. Шынымен де халықпен, қаламен бірге болды. Виктор Николаевич мемлекеттік қызмет саласының тәжірибесі мол, біліктілігі жоғары, беделі зор басшыларының бірі.Сапалы қызметімен ұтымды істері, аса қарапайым мінезімен байыптылығы, азаматтық бітім — болмысы үлгі тұтарлық. Бұл нағыз мемлекеттік қызметкердің сипаты. Сайлаудың нәтижесі-тұрғындардың дұрыс таңдауы,- деп қалалық Ардагерлері кеңесінің атынан тілек білдірді.

Аякөз ҚОЖАБЕКОВА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *