Жаңа мереке отбасы институтын нығайтып, әкелерімізді құрметтеуге септігін тигізері сөзсіз. Жақында жастар ресурстық орталығында Әкелер күнін мерекелеуге орай кездесу өткізілді. Іс-шарада қалалық ішкі саясат бөлімі қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін Рудный қаласы әкімінің орынбасары, №7 мектеп — гимназиясының Әкелер кеңесінің төрағасы Мұхит Инкаровқа алғыс хат табыс етті.
Мұхит Махмұдұлы Өзбекстан Республикасы, Зарафшан қаласында дүниеге келген. Қазір үш перзент тәрбиелеп отырған жас әке. Мұхит Инкаровтың әкесі — құрылыс-инженері, анасы — педагог, ал жұбайы — дәрігер болып қызмет атқарады. Рудный қаласына 2007 жылы қоныс аударған. 2014 жылы Рудный Индустриалдық институтының Ақпараттық жүйелері факультетін бітіреді. 2007 жылдан бері фото-видео қызметтерімен айналысып жүр.
«Менің кәсібімнің мектеп өміріне тікелей қатысы бар болғандықтан, балаларымның оқып жатқан мектебімен араласып, көмек көрсетіп тұруды жөн деп санаймын. Қызым мен ұлым білім алып жатқан мектепке көңілім толады. Балаларымды тәрбиелеуде ата-анамның салған жолымен бізге берген тәрбиесін негіз етіп ұстанамын. Отбасымызда ұлттық салт-дәстүрлеріміз дәріптеледі, мерекелер, туған күндер атап өтіледі. Үлкенді құрметтеу, сәлем беру, сыйлау, үлкенге жол беру, сөзді бөлмеу, ұқыптылық, тазалық, жақсы оқу тәрізді насихаттарды балаларыма үнемі айтып отырамын. Балаларыммен бос уақытта спортпен шұғылданамыз. Үй тапсырмасын орындауға көмектесемін», — деді Мұхит Инкаров.
Жас әке Бейімбет Майлин атындағы № 7 мектеп-гимназиясында Әкелер кеңесінің төрағасы. Әкелер мектебі білім ордасында екінші жыл жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында бірқатар істер атқарылған. Әр тоқсан сайын Әкелер мектебінің мүшелерімен кездесу өткізіледі. Биылғы оқу жылында кезекті Әкелер кеңесінде «Бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі» тақырыбы қозғалды. Іс шара барысында топтық жұмыстар: қамшы өру, жілікті мүшелеу, ат әбзелдерін атау сияқты тапсырмалар берілді.
«Әкелер мектебі қаламыздағы әрбір мектепте ашылғаны дұрыс деп есептеймін. Біз әкелерді бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге, жауапкершілікті сезінуге, балалардың бақыты үшін үлгілі отбасы болуға шакырамыз», — дейді Әкелер кеңесінің төрағасы.
Мұхит Инкаров қамқорлық кеңесінің белсенді мүшесі. Бірнеше жылдан бері кеңес жұмысына белсене араласып, мектеп пен қоғам алдындағы туындаған мәселелерді шешу жолында бірқатар істер атқарып келеді.
«Мұхит Махмұдұлы мектебімізде былтырғы жылдан бастап ашылған Әкелер мектебінің төрағасы. Өзінің жұмысы тығыз, әрі қолы босамай жатса да, әкелер мектебінің отырыстарына, жиналыстарына уақытын арнап келеді. Мектебіміздегі ұлдар тәрбиесі, ер бала бойындағы патриоттық сезім, ер баланың мінезі және т.б. өзекті тақырыптарды талқылап, өзінің оңтайлы пікірін білдіріп, дұрыс шашім қабылдауға үнемі атсалысады», — деді мектеп басшысы Кымбат Исланбеккызы.
Әке мәртебесін көтеру, бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін күшейту мәселесі күн тәртібінен түспесі анық. Аталмыш мереке отбасы институтын нығайтып, әкелеріміздің мәртебесін көтеруге, отбасылық құндылықтарды дамытуға ықпал етеді деп сенеміз! Ал, осы ретте әкелер кеңесін құру – оңтайлы шешім.