Рудный қаласында дәстүрлі «Жолдағы қабылдау» акциясы өтті

«Жолдағы қабылдау» азаматтарға бұрыннан таныс орында – Ленин мен И.Франко көшелерінің қиылысында ұйымдастырылды. Бұл жолы акцияның басты мақсаты – жеке тұлғалардың салықтық берешегін азайту болды. Іс-шараға сот орындаушылары, полиция, салық органдары мен прокуратура өкілдері қатысты.

Бүгінде Рудный қаласы бойынша көлік салығын төлемеген 1200-ден астам азамат тіркелген. Жалпы берешек сомасы шамамен 33 миллион теңгені құрайды. Қарызды өндіріп алу мақсатында рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Кезекті шарада көлік жүргізушілеріне 2024 жылға арналған көлік салығын төлеу мерзімі 2025 жылдың 1 сәуірінде аяқталғаны ескертілді.

– Көлік құралдарына салынатын салық Салық кодексінің 493-бабына сәйкес азаматтардың өзі тарапынан есептеледі, – деді Рудный қаласы Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Салтанат Әбдікова. – Бұл салық уәкілетті органның мәліметтері негізінде есептеледі. Егер көлік құралы тіркеуде тұрса, салық органдары сол мәліметке сүйене отырып, салықты есептеуге міндетті. Салық берешегінің бар-жоғын ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің порталы kgd.gov.kz сайтында «Электрондық сервистер» бөлімінен, «Салық берешегінің бар/жоқтығы туралы мәлімет» қосымшасынан тексеруге болады. Сондай-ақ E-salyk Azamat мобильді қосымшасы (App Store мен Play Market арқылы жүктеп алуға болады), SalyqBot (Telegram қосымшасында), egov.kz порталы мен екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары да қолжетімді.

Салық сомасын есептеу үшін kgd.gov.kz порталындағы «Электрондық сервистер» бөлімінде орналасқан «Калькулятор» сервисін немесе «E-salyk Azamat» мобильді қосымшасын пайдалануға болады.

Салық мөлшері АЕК көлеміне және көлік қозғалтқышының көлеміне (литражына) байланысты. Яғни, АЕК мөлшері өскен сайын салық сомасы да өседі. 2024 жылға арналған салықты есептеу үшін қолданылатын АЕК мөлшері – 3 692 теңге.

  • B санатындағы жеңіл көліктер үшін (BE, B1 қоса алғанда) салық қозғалтқыш көлеміне (см³) байланысты есептеледі.
  • С санатындағы жүк көліктері үшін (CE, C1E, C1 қоса) – жүк көтергіштігіне қарай (тоннамен).
  • D санатындағы жолаушы тасымалдауға арналған көлік үшін (DE, D1E, D1 қоса) – орын санына байланысты есептеледі.

Салықтан босатылатындар

Көлік салығынан мына тұлғалар босатылады:

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілгендер;
  • Басқа мемлекеттер аумағында соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлер;
  • КСРО ордендері мен медальдарымен марапатталған, соғыс кезіндегі еңбегі мен әскери қызметі үшін танылғандар;
  • Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, «Отан» және «Даңқ» ордендерінің иегерлері;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» ордендерімен марапатталған немесе «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар;
  • Мүгедектігі бар жандар, егер олардың иелігінде бір ғана мотоколяска немесе көлік құралы болса.

Бұл жеңілдіктер тек бір көлік құралына ғана қолданылады (егер ол жеңіл автокөлік болса және қозғалтқыш көлемі 4000 см³-тан аспайтын болса, 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін тіркелген жағдайда босатылмайды).

Егер мұндай көлік жалға берілсе, сенімгерлік басқаруға немесе өзге де пайдалануға берілсе, жеңілдік қолданылмайды. Егер мүгедек азаматтың бірнеше көлік құралы болса, салықтан ең жоғары салық сомасы есептелетін бір ғана көлікке жеңілдік беріледі.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар үшін көлік салығынан босату қарастырылмаған.

Фермерлер үшін жеңілдіктер

Сондай-ақ салықтан босатылады:

  • Шаруа немесе фермер қожалықтарының басшылары мен мүшелері, егер олар арнайы салық режимін (АСР) қолданса және:
  • қозғалтқыш көлемі 2500 см³-қа дейін болатын 1 жеңіл автокөлік
  • әр 1000 гектар егістікке 1000 кВт-қа дейінгі қуаттағы жүк көлігі пайдаланатын болса.

Ескерту

Егер көлік құралы меншікке, шаруашылық басқаруына немесе жедел басқаруға 1 жылдан аз уақытқа берілсе, салық жылдық соманың 1/12 бөлігін нақты айлар санына көбейту арқылы есептеледі.

Егер көлік құралы меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында бір күнтізбелік жылдан кем уақытқа тіркелсе, салық сомасы жылдық төлемді он екіге бөліп, көлік нақты иелікте болған айлар санына көбейту арқылы есептеледі.

Салық сомасы меншік құқығы туындаған айдың 1 күнінен, ол құқық тоқтатылған айдың 1 күніне дейінгі кезең үшін есептеледі. Келешектегі төлем сомаларын ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің kgd.gov.kz порталынан, «Электрондық сервистер» бөліміндегі «Жеке тұлғалар үшін алдағы төлемдер» қосымшасынан, egov.kz порталынан, E-Salyq Azamat мобильді қосымшасынан немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшаларынан көруге болады.

– Егер көлік ұрланған болса, иесін көлік салығынан босату үшін қылмыстық істің қозғалғанын растайтын ресми дерек болуы қажет. Салық есептеу көлік ұрлығы бойынша қылмыстық іс қозғалған күннен бастап тоқтатылады және іс тоқтатылып, көлік қайтарылған күннен бастап қайта есептеле бастайды. Яғни, егер уәкілетті органда ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны тіркелмесе, салық органдарының салық есептеуді тоқтатуға заңды негізі болмайды, – деп түсіндірді Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы.

Салықты уақытында төлемегендер неге тап болады?

Егер азамат көлік салығын уақытында төлемесе, салық органдары мәжбүрлі өндіріп алу шараларын қолданады. Алдымен, борышкерге салық берешегі туралы хабарлама жолданады. Бұл хабарламаны 30 жұмыс күні ішінде орындау қажет. Егер көрсетілген мерзімде төлем жасалмаса, автоматты түрде салық бұйрығы шығарылады. Ол да салық төлеушіге жолданып, 5 жұмыс күні ішінде орындалуы тиіс. Орындалмаған жағдайда бұл бұйрық Жеке сот орындаушылары палатасына (ЖСО) жолданып, атқарушылық іс қозғалып, берешек мәжбүрлеп өндіріледі.

Сот орындаушылары борышкерлерге қатысты мынандай шаралар қолданады:

– мүлік пен банк шоттарына тұтқын салу;

– елден шығуға тыйым салу;

– банктік қызметтерге шектеу қою (шот ашу, аударым жасау, несие рәсімдеу және т.б.).

Бұдан бөлек, ЖСО салық қарызына қоса, берешек сомасының 25%-ы мөлшерінде қосымша ақы өндіріп алады.

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *