Рудный қаласында Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтті

Бүгін Рудныйда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар өтті. Мерекелік күннің бағдарламасына патриоттық концерттер, тарихи көрмелер, оқырман алаңдары мен тағзым рәсімдері енді. Қала тұрғындары мен қонақтары, ардагерлер мен жастар, мемлекеттік органдар мен кәсіпорын өкілдері Жеңіс рухын бірге сезініп, ортақ естеліктермен бөлісті.

Мереке орталық алаңдағы концертпен басталды. Сағат 10:00-де орталық алаңда «Ұлы Жеңіс – ұрпақ есінде» атты салтанатты концерт өтті. Қалалық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары соғыс жылдарының әндерін шырқап, би мен патриоттық қойылымдар ұсынды. Сахна жанында №11 және №3 мектеп ұйымдастырған арнайы фотозоналар жұмыс істеді. Онда оқушылар әскери киіммен, музыкалық аспаптармен, үшбұрыш хаттармен келгендерді қарсы алып, соғыс жылдарының атмосферасын қайта тірілтті.

Сағат 11:00-де Космонавтар даңғылы бойындағы Даңқ обелискісінде Мәңгілік алауға гүл шоқтары мен веноктар қойылды. Салтанатты рәсімге Рудный қаласының әкімі Виктор Ионенко, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Бексейітов, ардагерлер, оқушылар, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты. Құрмет көрсетіліп, бір минут үнсіздік жарияланды.

Сағат 12:00-де И. Франко көшесіндегі Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған ескерткішке де гүл шоқтары қойылып, екінші тағзым рәсімі өтті.

Сағат 12:00-ден 16:00-ге дейін «Достық» саябағында қалалық музей ұйымдастырған «Жылдармен сырласқан соғыс» атты әскери артефактілер көрмесі өтті. Экспозицияда қару-жарақ үлгілері, солдаттық бұйымдар, майдан хаттары мен құжаттар ұсынылды. Мұражай қызметкерлері әрбір экспонаттың тарихымен бөлісіп, келушілерге әсерлі ақпараттар берді.

Сонымен қатар, сағат 12:00–14:00 аралығында «Жүрекке жақын – соғыс жайлы кітап» атты ашық аспан астындағы оқырман залы жұмыс істеді. Орталықтандырылған кітапхана жүйесі ұйымдастырған бұл шарада соғыс тақырыбындағы кітаптар ұсынылып, келушілер оларды оқып не сыйлыққа ала алды. Солдаттық үшбұрыш хаттарды бүктеуге арналған шеберлік сағаты да өткізілді.

Кешкі 18:00-де мерекелік бағдарлама музыкалық қойылымдармен жалғасады деп жоспарланған. Қала бойынша Жеңіс күніне арналған атмосфера ерекше сезіліп тұрды – ту ұстаған балалар, гүл шоқтарын ұстаған жастар, естелік суреттерге түскен отбасылар мен ардагерлердің құрметіне құрылған ортақ алаң барлық тұрғындарды біріктірді.

Рудный қаласындағы 9 мамыр – Жеңіс күні жоғары деңгейде ұйымдастырылып, патриоттық рухты, бейбітшілікті және батыр бабаларға деген құрметті ұлықтаған тағылымды күнге айналды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *