Полиция басқармасы 2024 жылғы жұмыс нәтижелерін қорытындылады
Қала полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батыр Искаковтың айтуынша, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі 2025 жылды «Профилактика жылы: полиция – заң мен тәртіп күзетінде» деп жариялады. Басты мақсат – құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмысты болдырмау.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша қаладағы қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендеді. Соңғы бес жыл ішінде қылмыс саны едәуір азайып, 10 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 63%-ға төмендеді. Қылмыстардың басым бөлігін мүліктік қылмыстар (67%) құрайды. 2024 жылы 480 мүліктік қылмыс тіркелді, оның ішінде 193-і – ұрлық, 253-і – алаяқтық.
«Интернет арқылы жасалатын алаяқтық көбейіп барады. Өткен жылы 159 онлайн-алаяқтық тіркелді, бірақ ашылған істердің үлесі төмен – бар болғаны 22%. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, несие рәсімдеуге көмектесеміз деп, не болмаса қаржы пирамидаларына тартып, алдайды. Бұған тек профилактикалық шаралар жеткіліксіз, адамдардың өздері де сақ болуы қажет», – деді Батыр Искаков.
Құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 40 340 пәтер мен 3 401 жеке үйде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қалада нашақорлыққа байланысты қылмыстар жалпы құқық бұзушылықтардың 5%-ын құрайды.
Полиция тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске ерекше назар аударуда. Өткен жылы 1 078 қорғау ұйғарымы шығарылып, 347 адам бұл талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, 19 әйел мен 28 бала дағдарыс орталығына орналастырылды.
«2024 жылы сенім телефонына 56 әйел хабарласып, құқықтық көмек алды. Тағы 17 әйел өздеріне зорлық көрсеткен адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы арыз жазды. Біз бұл бағытта жұмыстарды жалғастырамыз, бірақ ең бастысы – зорлық-зомбылықтың алдын алу», – деп атап өтті Батыр Искаков.
Алкогольдік ішімдікке байланысты құқық бұзушылықтар да өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Өткен жылы полиция 8 948 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін 2 263 адам жауапкершілікке тартылды, 88 адам мәжбүрлі емдеуге жіберілді.
Жол қауіпсіздігі басты назарда
Қалада 246 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7 адам көз жұмып, 277 адам жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі – 200-ден астам апат жүргізушілердің кінәсінен, ал 62 оқиға қауіпті жол учаскелерінде орын алған.
«2024 жылдың 15 маусымынан бастап барлық, тіпті ең жеңіл жол апаттары да тіркелетін болды. Бұл статистиканың артуына әсер етті. Алайда, бастысы – апаттың себептерін жою. Осы мақсатта жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар атқарылады», – деді Батыр Искаков.
Жол қауіпсіздігін арттыру үшін Ленина және Парковая көшелерінде жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қалада 3 жаңа бағдаршам орнатылды, ал биыл қауіпті қиылыстарда тағы бірнеше бағдаршам қойылмақ. Сондай-ақ, тұрғындардың өтініші бойынша қосымша «жол кедергілері» орнату мәселесі қарастырылуда.
Қала тұрғындары көтерген мәселелер
Қала тұрғындары автокөлік тұрақтарының жетіспеушілігіне алаңдаулы. Жыл сайын көлік саны өсіп, тұрақ мәселесі ушығып келеді. Кейбір аудандарда көліктер бейберекет қойылып, жедел қызметтердің жұмысына кедергі келтіруде.
«Тұрақ ережелерін бұзу мәселесі жылдан-жылға күрделеніп барады. Қазіргі таңда қалада тұрақ аймақтарын көбейту, сондай-ақ, жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту жоспарланып отыр», – деді полиция өкілі.
Тұрғындар көтерген тағы бір өзекті мәселе – бақылаусыз жүрген иттер. Наморднигі жоқ иттердің көшеде еркін жүруі әсіресе балалар үшін қауіпті. Бұл жағдайға байланысты тұрғындар ит серуендету ережелерін қатаңдатуды және полицияның бақылауды күшейтуін талап етуде.
Сонымен қатар, Транспортная көшесіндегі жеке теміржол өткелінің жағдайы сын көтермейтіні айтылды. Тұрғындар оны жөндеу қажеттігін баса айтты. Сондай-ақ, Ленина мен Горняков көшелерінің қиылысында бағдаршам орнату қажеттілігі де талқыланды.
Балабақша маңындағы жол жағдайы да алаңдаушылық тудырады. Тұрғындар тар көшелер мен тұрақ тапшылығы ата-аналарға үлкен қиындық туғызатынын атап өтті. Осы мәселені шешу үшін кейбір көшелерде біржақты қозғалыс енгізу ұсынылуда.
Гүлім МҰРАТ,
суретті түсірген
Сұлтан СЕРТАЕВ