Көші-қон қызметінің мамандары көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау мақсатында республикалық науқан шеңберінде рейдтік іс-шаралар өткізді. Бұл науқан барысында Қазақстан аумағында заңсыз жүрген және сот шешімін орындаудан жалтарған шетелдіктерге ерекше назар аударылды.
Солардың бірі – ағымдағы жылдың сәуір айында сот шешімімен елден шығарылуға тиіс болған көрші елдің азаматы. Алайда ол бұл шешімді елемей, Қостанай облысында жасырынып, заңсыз жүрген. Құқық қорғау органдарынан жасырынған шетелдіктің бұрын да бірнеше мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды: қоғамдық орында ішімдік ішу, ұсақ бұзақылық және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы тәртіп бұзушылықтар.
Көші-қон қызметінің мамандары оның орналасқан жерін анықтап, тиісті құжаттарды рәсімдеген соң, құқық бұзушыны мемлекеттік шекараға дейін шығарып салды. Ол Қазақстан Республикасынан депортацияланды және заңнамаға сәйкес, оған бес жыл мерзімге елге қайта кіруге тыйым салынды.
Көші-қон қызметінің үш күндік жедел іс-шарасы барысында өңірде тағы екі шетелдік азамат елден шығарылды. Сонымен қатар, көші-қон заңнамасын бұзудың 30-дан астам дерегі анықталды. Оның ішінде тіркеу мерзімінің өтіп кетуі, уақытша болу ережелерін сақтамау және тиісті құжаттардың болмауы сияқты заңбұзушылықтар бар.
— Мұндай іс-шаралар елімізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады және заң мен тәртіпті сақтау, сондай-ақ заңсыз көші-қонның алдын алу мақсатында жүргізіледі, — деп атап өтті Қостанай облыстық Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қайрат Дүтпаев.
Полиция Қазақстан аумағында жүрген әрбір шетелдік азамат көші-қон режимін сақтауға міндетті екенін ескертеді. Заңбұзушылық анықталған жағдайда, тиісті шаралар дереу қабылданады — бұл елден шығару және Қазақстанға қайта кіруге тыйым салуға дейін баруы мүмкін.