Кикбоксингтен ҚР спорт шебері Нуржас Байниязов рудныйлықтарды Жастар күнімен құттықтайды
Нуржас 19 жаста. Оның 10 жылын кикбоксингке арнады. «Витязь» клубында Андрей Калыгиннің жетекшілігімен жаттығады. Нуржас – Қазақстанның спорт шебері, жастар арасында әлем кубогының иегері (Стамбул, 2022 жыл), Солтүстік Қазақстан кубогының иегері (2022 жыл), Азия чемпионы (Ташкент, 2022 жыл), Қазақстанның екі дүркін чемпионы (Қостанай, Семей, 2021, 2022 жылдар) және бірнеше республикалық турнирлердің чемпионы.
Нуржас кикбоксингтің Қостанай облысында және Рудныйда жақсы дамып келе жатқанын айтады. Біздің қаламызда бұл спорт түрі екі клубта – «Витязь» және «Спарта» клубтарында дамытылуда.
– Негізінен 10-12 жастағы балалар жаттығады, сәл үлкенірек балалар да бар, бірақ олар аз. Балаларға кикбоксинг неге қызықты? Біріншіден, бұл өзін-өзі қорғаудың тамаша әдісі. Және өте көрнекі, бәсекеге қабілетті спорт түрі. Кикбоксингтің болашағы бар. 2028 жылы оны Олимпиада ойындарына енгізу жоспарлануда, – дейді ұлттық құраманың мүшесі.
Сонымен бірге, Нуржастың айтуынша, жас кикбоксшыларға сырттағы жарыстарға қатысу тәжірибесі жетіспейді, бұл жаңа деңгейге шығудың, қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалмаудың мотивациясы. Бірақ, өкінішке орай, жарыстарға бару қаржылық шығындарды талап етеді. Әрбір ата-ана өз баласына қаладан, облыстан тыс жерге шығуды қамтамасыз ете алмайды. Нуржас Байниязов Рудныйда жас спортшыларға демеушілік көмек көрсете алатын адамдар табылатынына үміттенеді.
Рудныйлықтарды алдағы Жастар күнімен құттықтай отырып, Нуржас былай дейді:
– Қуаныштымын, біздің жастар, балалар спортта дамып, Рудныйдың намысын республикалық және халықаралық жарыстарда лайықты қорғауға тырысады. Спорт – бұл, ең алдымен, тәртіп, ол өмірде де қажет. Егер бірдеңе дұрыс болмаса, еңсеңізді түсірмеңіз. Спорт сынбауға көмектеседі.
1999 жылдан бастап бүкіл әлемде 12 тамызда Халықаралық жастар күні аталып өтеді. Рудныйда бұл мерекеге арналған бірнеше іс-шара жоспарланған. Кейбіреулері қазірдің өзінде өтті. Мысалы, Горняцкий ауылында балаларға арналған кино және ойын-сауық шаралары өтті. Екі рет біздің жастар республикалық «Таза Қазақстан» жобасы аясында экологиялық акцияларға қатысты. Бұл іс-шараларды Рудный жастар ресурстық орталығының өкілдері ұйымдастырды, онда 3-12 тамыз аралығында Жастар күнін мерекелеуге арналған онкүндік өтеді.
Елена ВОРОНИНА,
Нуржас Байниязовтың жеке архивінен алынған сурет