Қазақ бар жиған-тергенін тойға жұмсаған халық. Қазақтың тойы да, сән-салтанаты жағынан ешкімге дес бермейді. Шілдехана, тұсаукесер, құдалық, сүндет той сыңды ұлттық дәстүр жоралғыларының өзі күннен күнге, таңнан таңға жалғап, той тойға ұласып жатады. Бүгінде қандай той мереке болмасын көздің жауын алатындай етіп безендірілген қоржындар мен тойбастарлар, келушілерге керемет көңіл күй сыйлайды. Осындай бағытта жарты жыл көлемінде сүйікті ісін табыс көзіне айналдырған Аяулым Рысбековамен сұқбаттасатын боламыз.
Аяулым Рысбекова Рудный қаласының тұрғыны, үйдің тұңғышы, көпбалалы отбасы мүшесі. 2019 жылы Б.Майлин атындағы 7 мектеп-гимназиясын бітіріп, Алматы қаласындағы Қ.Сатпаев атындағы ҚазҰТЗУ университетінің техникалық маманының түлегі. Мектеп кезінен бастап шығармашылыққа жақын болды. Сурет салу, тігінмен айналысу және қолдан туындылар жасауды ұнататын.
«Кішкентайымнан әрқашан матадан көйлектер тігіп, әшекей-бұйымдар жасайтынмын. Мектеп кезде ұйымдастырушылық сәттерде белсенді болатынмын. Жылдың басында тойбастар көптеген жиындардың, тойлардың жұлдызына айналғанын байқадым. Оған қоса, әлеуметтік желілерде шығып, туыстар арасында той-домалаққа сатып алып жатқанын көрдім. Біраз біліп, ізденіп, қарап отырып өзім неге істеп көрмеске деп іске кірісе бастадым»,-дейді ол.
Аяулым той қоржындары Рудный қаласында сұранысқа ие және дамымағанын байқадым дейді. Алғашқы тапсырысты сәнді, заманауи үлгіде жақын туыстарына жасап, алғыстарын алған. Уақыт өте келе, үйінде отырып табыс таба бастаған.
«Негізінен мен бұл кәсіпті хобби ретінде бастаған болатынмын. Бірақ, қазіргі таңда, іс маған қосымша табыс алып келеді, яғни екінші жұмысым болды. Бұл ниша маусымдық деуге болады. Жаз айында тойдың нағыз көп болатын уақытында 1 айда кем дегенде 20 тапсырысқа дейін жетеді. Әзірге тапсырыс берушілер тым көп деп айта алмаймын. Дегенмен де, орташа бір айда 6-7 заказ түседі. Қала кішігірім болғандықтан, адамдар бір бірінен естіп, тойларда да көріп тапсырыс бере бастайды. Кейде тапсырыс көп болып үлгере алмай жатсам, кей күндері мүлдем болмауы мүмкін», – дейді жас талант.
Арнайы материал мен құрал жабдықтарды Алматы және Рудный қаласынан сатып алады екен. Жалпы 1 тойбастар қоржынына бір күн шамасында уақыт кетеді, бірақ үй жағдайында істеуіне байланысты отбасы жандары көмек беруге ұмтылады.
«Сәнді көзге түсетін пластиктен жасалған аяқтар тек Алматы қаласында сатылады. Сол себептен арнайы тапсырыс жасаймын. Тойбастар қоржынының түрі көп. Олар: домалақ келген, тік төрт бұрышты, екі сатылы, шілдеханаға апаратын корона тәрізді, ұзату тойына арналған үкімен безендірілген және әр адамның қалауына сай қылып жасауға тырысамын. Кейбір тойларда тіптен комплект ретінде бірнеше дана жасалады. Ол көбінесе құдалыққа тапсырыс беріледі. Бүгінгі күні «instagram» әлеуметтік желісі ақша табудың платформасы десем қате емес. Әзірге, жеке парақша дамымаған, алдағы уақытта дамытуға бар күшімді саламын. Себебі, бұл іске барынша өзімді салып, шабытыма қарай әртүрлі дизайн ойластырып жасау маған ұнайды»,-дейді Аяулым Рысбекова.
Қазіргі күні өз ісін бастап, табанды еңбекқорлығынын арқасында қаракөз қыз-келіншектер табыс үйде отырып табыс табуда. Аяулымның тұрақты тұтынушылары көп болатынына сеніміміз мол. Себебі өз ісінің шебері әрбір өнімді ерекше ынтамен жасайды.Алдағы шығармашылығы үлкен кәсіпкерлік орталығын ашуға мүмкіндік болары анық.
Сания Сақтаған