Отбасы – шағын мемлекет. Әрбір әулеттің өзіндік тарихы, салт-дәстүрі, ұстанымы болады. Ұрпақ сабақтастығын жалғастыру, елдің ертеңі болатын ұл-қызды тәрбиелеу – ата-ананың басты міндеті. Осындай өнегелі отбасының бірі – ақын, «Асылдар сөзі» кітабының авторы Сүндет Ұбайұлы Молдашевтың әулеті. Ақынның өмір жолы, отбасы құндылықтары жайлы сыр шертіп, газеттің оқырмандарына үлгі боларлық дүниелерді бөлісуді жөн көрдік.
Атамекенге оралу – ұрпақ үшін маңызды шешім
Сүндет Молдашев – қазақ руханиятына зор үлес қосып жүрген қаламгер. Ол Өзбекстанның Тамды ауданында дүниеге келіп, жастайынан қазақ әдебиетіне ерекше қызығушылық танытып өсті. Ауыз әдебиетінің маржанын, шешендік өнердің озық үлгілерін санасына сіңіріп, елінің тарихына, мәдени мұрасына терең бойлады. 40 жыл ұстаздық етіп, «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін иеленді.
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, ата-баба жеріне оралуға бел байлады. Алдымен 2009 жылы ұлдары жұмыс бабымен Рудный қаласына көшіп келсе, 2013 жылы Сүндет Ұбайұлы мен жұбайы да ұрпақтарының ізімен Атамекенге аяқ басты. Қазіргі таңда немерелерінің қызығына тоймай, шығармашылықпен айналысып, қоғамдық өмірге белсенді араласып келеді.
«Рудныйға көшіп келгеніме еш өкінбеймін. Бұл жер бізді бауырына басты. Қазақтың қай жері де өз топырағымыз. Ұрпағымыздың болашағы үшін, олардың қазақы ортада өсуі үшін осы шешімді қабылдадық», – дейді ақын.
Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің негізі
Сүндет Молдашевтың айтуынша, отбасы – адам өміріндегі ең маңызды құндылықтардың бірі. Ақынның отанасы, жан жары екеуі 1977 жылы шаңырақ көтерген. Сол уақыттан бері бірге өмірдің түрлі сынағынан өтіп, бір-біріне сүйеу болып келеді.
«Біз отбасымызда ең бастысы – адамгершілік, бауырмалдық, адалдық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету қағидаларын берік ұстандық. Балаларымның әрқайсысына өзіміздің өмірлік тәжірибемізді, ата-бабамыздан қалған өнегені үйретуге тырыстық. Қазақтың дәстүрін білу, салт-санасын құрметтеу – әрбір азаматтың парызы», – дейді ақын.
Бүгінде Сүндет Ұбайұлының он немересі бар. Олар да ата жолын жалғап, қазақы тәрбиені бойына сіңіруде. Бірі мәнерлеп оқу сайыстарына қатысып, әдебиетке қызықса, екіншісі домбыра тартып, ұлттық өнерге ден қойған. Бұл – ата-ана мен ата-әженің дұрыс берген тәрбиесінің жемісі.
Батамен ел көгерер
Қазақ халқы үшін бата – ерекше рухани құндылық. Бата – тек дұға ғана емес, ол үлкендерден кейінгі ұрпаққа берілетін тілек, өнеге, өмір сүрудің дұрыс бағытын көрсететін аманат.
Сүндет Молдашев осы дәстүрді насихаттауға белсене араласуда. Ол түрлі сайыстарда бақ сынап, өзінің бата айту өнерімен талай жүлдені қанжығасына байлаған.
«Бата – үлкеннің ақ тілегі, жүректен шыққан дұғасы. Әрбір қазақ осы дәстүрді ұмытпай, кейінгі буынға үйретіп отыруы керек. Қазір тойларда, мерекелік шараларда бата сұрайтындар азайып барады. Бірақ біз бұл үрдісті жоймай, қайта жаңғыртуға тырысамыз», – дейді қаламгер.
Ұлттық руханиятқа қосқан үлес
Сүндет Молдашев шығармашылықты ешқашан тоқтатқан емес. Ол өлең жазып, әдеби шараларға қатысып, жастарды ұлттық мәдениетке баулуға бар күшін салуда.
«Қазақта “ақын – халықтың үні” деген сөз бар. Ақындар халықтың мұңын, арман-тілегін өлеңмен өрнектейді. Мен де өзімнің қаламым арқылы туған жерді, халықтың мүддесін жырлауға тырысамын. Қалалық, облыстық деңгейдегі мәдени шараларға қатысып, өз жырымды арнап келемін», – дейді ақын.
Болашақ ұрпаққа аманат
Сүндет Ұбайұлы жастарға үнемі білімге ұмтылуды, салт-дәстүрді құрметтеуді, ұлттық руханияттан алшақтамауды өсиет етеді.
«Ұрпақтың саналы болуы – ата-ананың берген тәліміне байланысты. Бала қай ортада өссе, сол ортадан нәр алады. Сондықтан әр қазақ баласына ұлттық құндылықтарды кішкентайынан сіңіруі керек. Оларға ата-баба тарихын, салт-дәстүрді үйрету қажет. Біз өткенімізді білсек қана болашағымызды жарқын ете аламыз», – дейді ақсақал.
Сүндет Молдашев – отбасы құндылығын дәріптеген, ұлттық руханиятқа қызмет еткен ардақты азамат. Оның өнегелі өмірі мен тағылымды ойлары әрбір жанға үлгі болары анық. Қазақтың қасиетті батасын, отты жырларын ұрпақ санасына сіңіріп, еліміздің рухани дамуына үлес қосып келе жатқан ақынның шығармашылығы ешқашан ұмытылмақ емес.
Осындай ардақты жандардың өмір жолын насихаттау арқылы біз болашаққа дұрыс бағдар бере аламыз. Ендеше, ақынның тағылымды сөзі мен өнегелі өмірі жастарға үлгі болып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін!
Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,
суретті түсірген автор