Тазалық және тәртіп – ортақ ісіміз!

Рудный қаласында күн сайын тұрғындардың қала тазалығын сақтау ережелерін бұзу деректері тіркеліп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар мен учаскелік инспекторлар бұл мәселені бақылауда ұстап, үнемі рейдтік шаралар жүргізеді, оның ішінде жеке секторды да қамтиды.

Рудный қаласы мен облыста көктемгі сенбіліктер басталып, 27 наурыздан бастап санитарлық тазарту айлығы басталды. Осы орайда, қала әкімдігі мен Полиция Басқармасының өкілдері жеке секторда тексеру жұмыстары қайта жалғастырды. 1 сәуірде алғашқы рейдтердің бірі өткізілді, оған ТКШ бөлімі мамандары, «AMANAT» партиясының қалалық филиалы өкілдері, сәулет және жер қатынастары бөлімдерінің басшылары, Полиция қызметкерлері және Рудный қаласының әкімінің коммуналдық мәселелер бойынша орынбасары Қазбек Түлендинов қатысты.

Әдетте, тұрғындар өз үйлерінің маңайын тәртіпке келтіріп, аулаларын жинайды. Кейбіреулер гүлдер мен көгалдар өсірумен айналысады, ал басқа біреулердің ауласында кесілген бұтақтар, құрылыс қалдықтары, топырақ немесе қиыршық тас сияқты заттар жиналған.

Қазіргі уақытта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, тұрғындарға өз аулаларының бес метр радиусында тазалықты сақтау қажеттігі түсіндірілуде.

— Құрметті тұрғындар, қала тазалығын сақтамағаныңыз үшін жауапкершілікке тартылатыныңызды ескертемін, — деді Рудный қалалық полиция басқармасының учаскелік инспекторы, полиция лейтенанты Әділбек Қадірбеков. — Қала тазалығын сақтау бойынша ережелерді орындауға шақырамын. Алғашқы бұзушылық үшін ескерту жасалады, ал кейін айыппұл салынады!

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 505-бабына сәйкес, қала аумағындағы тазалық ережелерін бұзғаны үшін алғаш рет ескерту жасалып, кейін айыппұл салынады. Айыппұл мөлшері келесідей: жеке тұлғаларға — 20 АЕК, шағын кәсіпкерлер мен коммерциялық емес ұйымдарға — 30 АЕК, орта кәсіпкерлерге — 40 АЕК, ірі кәсіпкерлерге — 100 АЕК.

— Әр көктем сайын тексерулер өткізіп, тұрғындарға аумақ тазалығын сақтау, аулаларын қоқыстан тазарту қажеттігін ескертеміз. Егер құрылыс қалдықтары немесе басқа да қоқыстар жиналса, тұрғындарға уақыт беріледі. Айыппұлды бірден салмаймыз, полиция ескерту жасайды. Өткен жылмен салыстырғанда тазалық айтарлықтай жақсарды, шағымдар да азайды. Өткен жылы жеке секторда тұрғындар өз ауласының алдында көң қалдықтарын жинаған болатын. Биыл ондай жағдай байқалмады, сонымен қатар қоқыс көлемі де әлдеқайда азайған, — деді Рудный қалалық ТКШ бөлімінің әдіскері Алексей Нурушев.

2024 жылы қала тазалығын бұзу бойынша 12 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталған.

Қала тазалығы бойынша ережелерге сәйкес, тұрғындар өз үйлерінің алды мен қоршауларын жөндеуден өткізіп, бояп, таза ұстап, аулаларын қоқыстан тазартып, шөптерді қырқып, 5 метр радиусында жинау қажет.

Бұған қоса, тұрғындар ауласында құрылыс материалдарын, отын, тыңайтқыштар мен көң сияқты заттарды сақтауға болмайды.

Тексеріс барысында бірнеше жеке сектор тұрғындары құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды жинап қойғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған дейін әкімшілік жазаға тартылмаған тұрғындарға ескерту жасалды.

Қала әкімдігі тұрғындарды өз ауласының ғана емес, үйдің жанындағы учаскелердің тазалығына да жауапкершілікпен қарауға шақырады. ТКШ бөлімі өкілдері жиналған жапырақтар мен бұтақтарды қаптарға салып, жол жиегіне қоюды ұсынды, коммуналдық қызметтер оларды алып кетеді.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *