Тазалық – саулық негізі

Тазалықты – жәй ғана қарапайым сөз емес, үлкен ұлағатты, мағыналы сөздердің бірі ретінде қарап, түсінуіміз қажет. Себебі, тазалық – адамның рухани, мәдени жетілу деңгейінің, кісілігі мен тәрбиесінің маңызды көрсеткіштерінің бірі. Тазалық жан-жақты адам өмірін, бахытын, болашағын, имандылығы мен адамгершілік сияқты көптеген адам өміріне тән тармақтарды қамтиды. 

Алғаш түскен құран аяттарында да тазалық жайында айтылған. Ардақты пайғамбарымыз хадисінде: «Дін – тазалық үстіне құрылған» – деп насихаттаған. Асыл дініміз Исламмен біте қайнасқан, осы діннің ұстынымен тіршілік етіп, өмірлеріне арқау еткен қазақ халқы: «Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» — деп нақыл айтқан.

Мұсылман баласының салауатты өмір салтын сақтап, әлеуетті өмір сүрудің бір негізі қоршаған ортаға көңіл бөліп, бай табиғатымызды қорғай білуде. Алла елшісі адамдар жүретін жолдың үстіне, тынығатын көлеңкелерде, әсіресе жемісті ағаштардың маңайларын ерекше таза ұстауға шақырып, сахабаларға: «Екі түрлі қарғыс арқалаудан сақ болыңдар!» дегенде, олар: «Я, Алланың елшісі! Екі қарғыс алушы дегеніңіз кімдер?» – деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз: «Адамдар жүретін жолға немесе тынығатын көлеңкеге дәрет сындырып, бүлдіріп-ластаушылар» – деу арқылы қоғамдық орындарды таза ұстауға шақырған. Себебі өмір сүрген ортада қоғамның әрбір мүшесінің өз хұқығы бар. Негізінде мұсылман бүлдіруші емес, ол – бүтіндеуші, қиратушы емес – дұрыстаушы, зиян келтіруші емес – пайда әкелуші.

Тазалықтың өмірдегі алатын орны мен мәні осындай жоғары болғандықтан, оны әспеттеу әрі оған ұмтылу мұсылманға тән сипат. Өзіміз тұрып жатқан қаламыздың тазалығын сақтау – барлық тұрғындардың ортақ міндеті. Бүгінде облыс көлемінде тазалық айлығы жүріп жатқаны баршаға мәлім. Бірақ тазалық бір-екі айлықпен бітпейді, ол күнде қажет. Тазалық жоқ жерде құт-береке де болмайды. Әр саналы азамат өзі тұратын елді мекеннің, қаланың таза әрі көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. Хадисте: «Адамдардың ең жақсысы басқаларға пайдасы тигені» делінген өсиетті жадымыздан шығармайық. Әрқайсымыз өз ауламызды таза ұстап, жүрген жерімізде қоқыс қалдықтарын әр жерге шашып кетпестен, арнайы орындарға жинастыра білсек, тазалық қызметкерлерінің еңбегін бағаласақ, сонда ғана шаһарымыздың гүлденуіне қосқан зор үлесіміз болмақ.

«Адамзаттың табиғатсыз күні жоқ. Мұны айтуға табиғаттың тілі жоқ» – демекші, табиғатты аялау, оған көңіл бөлу, таза ұстау, зиян келтірмеу, аманатқа қиянат жасамау әрбір адамзаттың міндеті.

Табиғатты аялап, оны таза ұстау өз қолымызда. Қаламызды көрікті таза қалаға айналдырайық ағайын. Алла тағала әрбір жасаған амалдарымызды қабыл алып, еккен ағаштарымыздың жемісін екі дүниеде көруді нәсіп етсін. Әмин!

Бектұрсын ТОРҒАЙБАЙҰЛЫ

Рудный қалалық

мешітінің имамы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *