«Рудный су арнасы» ЖШС 2024 жылғы қызметінің қорытындысын жария етті
Су – өмірдің көзі. Ол тек табиғи ресурс емес, сонымен қатар халықтың әл-ауқатын, өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды факторлардың бірі. Осы тұжырымды басшылыққа ала отырып, «Рудный су арнасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сәуір айында тұтынушылар мен мүдделі тараптар алдында 2024 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша есеп берді.
Бұл мекеме – Қостанай облысындағы сумен жабдықтау және су бұру саласындағы стратегиялық маңызы бар табиғи монополия субъектісі. Қазіргі таңда «Рудный су арнасы» Рудный қаласын және оған іргелес орналасқан Юбилейный, Качар, Горняцкий және Перцевка елді мекендерін сапалы ауыз сумен, ал өндірістік нысандарды техникалық сумен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, мекеме кәріздік суларды бұрып, тазарту жұмыстарын да атқарады.
Кәсіпорынның жоспарлау-экономикалық бөлімінің басшысы Ирина Воропаева 2024 жылы іске асқан инвестициялық жобалар туралы баяндап, жыл көлемінде 3,8 млрд теңгеден астам қаражат игерілгенін атап өтті. Оның ішінде 776,7 млн теңге – кәсіпорынның өз қаражаты, ал қалған 3 млрд теңгеден астамы – мемлекеттік бюджеттен бөлінген.
Бұл қаржы мына бағыттарға жұмсалды: сүзгілеу станцияларындағы жабдықтар жаңартылып, насос станцияларында сорғылар ауыстырылды, Сергеев гидроқұрылысындағы насос ауыстырылып, су құбырының қайта құру жобасы әзірленді және тұнбақырғыштар жөнделіп, насос жабдықтары мен жиілік түрлендіргіштер орнатылды.
Ірі жобалар қатарында: Қаратомар – Қашар арасындағы 552,5 м су құбыры ауыстырылды, 4-көтерілім насос станциясынан ЖЭО-ға дейін 349,5 м құбыр жаңартылды, 18-шағын ауданда 567 м желі қайта құрылды және Қашар кентіндегі қысымды құбырдың 3533 м бөлігін ауыстыру жұмыстары аяқталды.
Сондай-ақ, зертханаларға заманауи жабдықтар алынып, дәнекерлеу аппараттары мен арнайы техника паркі толықтырылды.
ЖАҢҒЫРТУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ НӘТИЖЕСІНДЕ НЕГІЗГІ КӨРСЕТКІШТЕР ЕДӘУІР ЖАҚСАРДЫ:
- Негізгі құралдардың тозуы 74,95%-дан 56,3%-ға дейін төмендеді (яғни 18,65%-ға);
- Су желілерінің тозуы 78,33%-дан 52,5%-ға дейін азайды;
- Апаттар саны 621-ден 465-ке қысқарып, 25%-ға азайған;
- Техникалық судың нормативтік шығыны 13,32%-дан 13,2%-ға төмендеді;
- Энергияны тұтыну көлемі қысқарды, бұл мекеменің тиімді жұмыс істеп жатқанын дәлелдейді.
Одан бөлек, 3920 метр су желісі мен 319,5 метр кәріз желісі жөнделіп, 1195,3 шаршы метр асфальт пен 161,34 шаршы метр брусчатка қалпына келтірілген.
— 2024 жылы мекеме тұтынушылармен байланыс орнатуда да белсенді жұмыс жүргізді. 4981 жеке тұлғамен келісімшарт жасалып, 20 мыңнан астам өтініш өңделген. WhatsApp және Telegram-бот арқылы көрсеткіштерді жіберу, есепті көру сияқты қызметтер қолжетімді. Сонымен қатар, контролерлерге арналған цифрлық шешімдер де енгізілген,- деді кәсіпорынның жоспарлау-экономикалық бөлімінің басшысы.
Берешекпен күресу бағытында 534 талап арыз сотқа жолданып, нәтижесінде 10 млн теңгеден астам қаражат өндірілген. Кейбір тұтынушылар үшін өсімпұлдарды кешіру акциялары ұйымдастырылды.
Алдағы жылы мекеме 8,4 км ауыз су желісін, 0,4 км техникалық су желісін және 3,5 км су бұру желісін жөндеуді жоспарлап отыр. Бұл жұмыстарға шамамен 1,1 млрд теңге бөлінеді. Сонымен қатар, экскаватор, самосвал және жөндеу бригадаларына арналған жылжымалы шеберханалар сатып алу жоспарда бар.
— «Рудный су арнасы» ЖШС 2024 жылы тиімді басқару мен сапалы қызмет көрсету арқылы жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Кәсіпорын ашықтық пен кәсібилікті ұстанып, 2025 жылы да тұрақты даму жолынан таймай, тұтынушыларға ыңғайлы, сенімді қызмет ұсынуға ниетті. Басты мақсат – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту арқылы өңірдің экологиялық және экономикалық тұрақтылығына үлес қосу,- деп қортындылады Ирина Воропаева.
Гүлім МҰРАТ,
суреттерді ұсынған «Рудный су арнасы» ЖШС