Рудный тұрғындары қаланы қардан тазарту жұмыстарын жүргізуде
Қалада республикалық экологиялық акция аясында «AMANAT» партиясының Рудный қалалық филиалы ұйымдастырған кезекті сенбілік өтті.
Іс-шара Марите Бежите атындағы саябақты тазалауға көмекке келген 100-ге жуық қала тұрғындарын жинады. Бұл шара қала тұрғындарын экологиялық жауапкершілікке тәрбиелеу және қоршаған ортаға деген сананың қалыптасуына үлкен үлес қосуға бағытталған маңызды бастама болды.
«Бүгінгі сенбілікке қаладағы түрлі мекемелер қатысып жатыр: жылу желілері, әлеуметтік сала, құқық қорғау органдары, мектептер. Осы науқанды көптеген мекемелер қолдады, бүгін олар өздерінің қажетті құрал-жабдықтарымен келіп, аумақты тазартып жатыр. Тазалау аумағын таңдамас бұрын, өзім қаланы аралап, қолайлы жерлерді қарап шықтым. Бұл аллеяда екі жыл бұрын шырша отырғызған едік. Аумақ қалың қармен жабылып қалған еді. Бұл жерде Марита Бежите ескерткіші және екі ойын алаңы орналасқандықтан, қарды тазалау үшін дәл осы аймақ таңдалды. Экологиялық жауапкершілік пен қамқорлық тек қала тазалығына ғана емес, сонымен қатар азаматтардың белсенділігі мен азаматтық сана-сезімін қалыптастыруға да ықпал етеді. Өз қаласына деген сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсету, оның экологиялық жағдайын жақсарту — табысты, тұрақты және дамыған болашаққа жетудің маңызды құрамдас бөлігі деп санаймын», — деп мәлімдеді «AMANAT» партиясы қалалық филиалының төрағасы Назгүл Манасова.
Қала тұрғындарын экологиялық жауапкершілікке тәрбиелеу және таза қоршаған ортаға деген сананың қалыптасуына үлес қосуды маөсат еткен бұл іс-шара тұрғындардың бірлескен күш-жігерінің арқасында қаланы жақсартуға және тазалықты сақтау үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталды.
Ауа-райының суықтығына қарамастан еріктілер күректермен қарқынды жұмыс істеп, жолдарды және ойын алаңдарын қардан тазартты, нәтижесінде рудныйлықтар үшін серуендеуге және демалуға қолайлы жағдайлар жасалды.
«Біз коммуналдық қызметтердің жұмысын істеп жатқан жоқпыз. Олар өздерінің жоспарлы жұмыстарын орындап жатыр. Бұл акция қала тұрғындарының мемлекет басшысы жариялаған бастамасына қосылуы үшін ұйымдастырылды. Біз осы үлкен шараға өз үлесімізді қосып жатқанымызды сезінуіміз керек. Бұл акция дәл осы мақсатпен ұйымдастырылды, — деді Қалалық мәслихат төрағасы Азамат Ысқақов. — Қазіргі уақытта біз қарды бір орынға жинап, кейін коммуналдық қызметтер оны жоспарлы түрде шығаратын болады. Олар қазір жолдарды қардан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр, бұл жерде де шығарылатын болады. Мұндай жұмыстар үшін жақсы көңіл-күй мен жұмыс істеуге деген ұмтылыс қажет».
Қарды тиімді тазарту үшін, сенбілікке қатысушылар топтарға бөлініп, үйлесімді түрде жұмыс істеді. Сенбілікке қатысушылар тек қарды жинаумен шектелмей, сонымен қатар жолдардың жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз болуын қамтамасыз ету мақсатында мұз қатқан жерлерді де тазартты.
«Қысқа уақыт ішінде адамдардың санасында бәрі өзгерді деп айтқым келеді. Шын мәнінде, бұл олай емес қой. Қаламызды таза ұстау бойынша тұрғындарды тәрбиелеу қысқа мерзімде жүзеге аспайды. Қазіргі уақытта заңсыз полигондардың көбейгенін көріп отырмыз. Яғни, тәрбие болмаған ұрпақ өзін қалай ұстау керектігін білмейді және болған жағдайға тұтынушылық көзқараспен қарайды. Бұл процесс бірден өзгермейді. Мемлекет басшысы да осы мәселеге тоқталды. Біз өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін ұзақ уақыт жұмыс істеуіміз керек. Бірақ, біз болашақта балаларымыз өзімізден әлдеқайда жақсырақ болатынына сенеміз», — деп атап өтті Азамат Ысқақов.
Сенбілік қаланың тазалығына жылдың кез келген уақытында қамқорлық жасауға болатынын және тұрғындардың күш-жігерін біріктіру нақты нәтиже беретінін көрсетті. Бұл шара қала тұрғындарының бірлескен еңбегінің арқасында қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен ынтымақтастықтың маңыздылығын айқындады. «Аманат» партиясының қалалық филиалы болашақта осындай іс-шараларды өткізу дәстүрін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Асем БАЙКАНОВА,
суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ