Таза қала – таза жүректен басталады

Рудныйда «Жасыл ел» бағдарламасының екінші ауысымы басталды

Биылғы екінші еңбек ауысымы 1 шілдеде басталды. Жаңа құрамда бұрыннан келе жатқан бригадирлер де бар, алғаш рет қатысып жатқан жасөспірімдер де жетерлік.

Күнделікті таңертең базада жиналып, арнайы кесте бойынша қаланың әр түкпіріне тарайды. Жұмыс жеңіл, бірақ мағынасы терең. Қай-қайсысы да бұл жұмыстың тек табыс көзі емес екенін жақсы түсінеді. Бұл орта еңбекке баулитын, ұжыммен жұмыс істеуді үйрететін алаң.

Солардың бірі София Разова, Рудный музыкалық колледжінің студенті. Ол былтыр да «Жасыл елдің» қатарына қосылып, биыл осы ортаға қайта оралған.

«Алдағы уақытта мені басқа да жоспарлар мен жұмыстар күтіп тұр. Дегенмен, әзірге уақытымды “Жасыл елге” арнауды жөн санадым. Біздің жұмысымыздың мәні – қаланы көркейту. Біз қала аумағындағы шөптерді шауып, гүлзарлар мен аллеялардағы өсімдіктерге күтім жасаймыз. Сондай-ақ, көшелердегі қоқысты тазалап, қаламыздың экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосамыз. Біздің жасақта шамамен 19 адам жұмыс істейді, олардың қатарында бір бригадир бар. Жұмыс барысында бәріміз ұйымшылдықпен әрекет етеміз», — дейді София.

Оның айтуынша, мұнда келген жастар тек ақша табумен шектелмейді. Еңбек арқылы олар өз қаласына пайдалы іспен айналысып жатқанын сезінеді, тәжірибе жинап, болашаққа бір қадам жақындай түседі.

«Маған бұл жерде ең ұнайтыны жасөспірімдерге арналған жақсы мүмкіндіктің болуы. Жасы кәмелетке толмаған, еңбек тәжірибесі жоқ жастар үшін бұл – алғашқы қадам, алғашқы еңбек мектебі. Мұнда өзіңе жақын дос табуға, қолдау көруге болады. Егер осы ай маған ұнаса, келесі маусымда да қатысуды жоспарлап отырмын. Тіпті бригадир ретінде де өзімді сынап көргім келеді»,- дейді ол.

Азат Мағжан 15 жаста. Былтыр «Жасыл елде» алғаш еңбек етіп, биыл тәжірибе жинап келген.

«Алдыңғы жылы тәжірибе болмады, ал биыл жұмысты жақсы істеп жүрміз, өйткені үйрендік. Қаланы тазартуға, көркейтуге көмектесеміз. Қазір біз брусчаткалардың арасындағы арамшөптерді жұлып жүрміз. Маған бұл жұмыс ұнайды. Келесі жылы да қатысқым келеді. Жұмыс уақыты мен еңбекақысы да көңілімнен шығады. Жасыл елге келіп, жұмыс істеуге кеңес беремін»,- дейді Азат.

Жастар күн сайын таңғы сағат 8:00-де жиналып, өздеріне бекітілген учаскелерге бөлінеді. Бірі гүл суарады, бірі шөп шабады, бірі жол жиектерін қоқыстан тазартады. Жұмыс ауыр болмаса да, тәртіп пен жауапкершілікке үйрететіні анық.

Мұндай бағдарламалар жасөспірімдер үшін өзін сынауға, өмірге бейімделуге мүмкіндік. Ең бастысы – табиғатты аялап, туған жерге жанашырлықпен қарауға баулиды.

Еске сала кетейік, «Жасыл ел» 2005 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жалпыұлттық жоба. Мақсаты – жастарды еңбекке баулу, экологиялық сананы қалыптастыру, туған жерге жанашырлыққа тәрбиелеу. Рудный қаласында бағдарлама аясында жұмысқа орналасқан жастар көгалдандыру, абаттандыру, тазалық жұмыстарына жұмылдырылып отыр. Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отырған бұл жоба арқылы 14 жастан бастап әр жасөспірім өз жасына сай уақыт пен жүктемемен жұмыс істей алады.

 

Жанарай

РҮСТЕМҚЫЗЫ,

суретті түсірген

Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *