Тарихихыңды таны – тұлғаңды құрметте

Осындай атаумен күні кеше мемлекеттік тілдегі кітапханада мектеп оқушылары мен қала тұрғындарының қатысуымен ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ АКСР-інің халық әртісі Елубай Өмірзақовтың 125 жылдығына арналған «Өңір мақтанышы — Елубай» атты шығармашылық портрет түріндегі іс-шара өтті.

Кітапхана меңгерушісінің айтуынша, іс-шара «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы бойынша туған өлкені зерттеуге бағытталған. Мазмұны жағынан бұл мәні терең, ауқымы өте кең жоба. Қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарды сақтап қалу, оны ұрпақ бойына сіңірудің маңызы өте зор. Осы мәселелерді шешу үшін жобаны үш негізгі бағытта іске асыру көзделіп отыр. «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту бағыты — елдің зияткерлік әлеуетін және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру.  «Ел рухы» бағыты — мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ отандық мәдени өнімдерді, оның ішінде шетелде насихаттау бойынша шараларды қамтиды. «Тәуелсіздік ұрпақтары» бағыты — жастар үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға бағытталған. Бұл бағыт жастардың негізгі проблемаларын — қолжетімді білім, жұмыспен қамту және тұрғын үйді шешуге көмектесуі тиіс екенін түсіндіреді.

«Мақсатымыз –  жерлесіміз Қостанай облысы, Таран ауданы, Ақтөбе ауылында дүниеге келген ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі, тұңғыш халық әртісі Елубай Өмірзақовтың өмір жолымен шығармашылығы жайында мәлімет беріп, кең түрде таныстыру. Жастардың ойын, қабілеттерін жетілдіру. Ойды ашық жеткізуге, шығармашылыққа баулу. Оқушылардың патриоттық сезімдерін ояту, елін, жерін сүюге, ұлтын, мәдениетін, өнерін құрметтеу мен ұлықтауға баулу»,- деді мемлекеттік тілдегі кітапхана меңгерушісі Гулбараш Уалиева.

Өнер иесінің шығармашылығымен толығырақ танысу үшін өнер иесінің сомдаған «Атамекен» фильмінен үзінді көрсетілді. Ал оқушылар болса, Б.Майлиннің 1976 жылы Жалын баспасынан шыққан «Ұстаздарым — достарым» атты кітабында Елубай Өмізақов жайында жазылған естеліктерін мәнерлеп оқып берді. Өнер иесінің шығармаларын білген жас жеткеншектер өз туған жерінің тарихын терең меңгеріп, жеке ойларымен көпшілік алдында бөлісті.

Айта кететін жайт, қаламызда жас ұрпаққа патриоттық қасиеттерді бойына сіңіру мақсатында іс-шаралар қарқынды жүріп жатыр. Кітапхана қабырғасында айына бірнеше рет осы бағыттағы жобалар ұйымдастырылса, жыл басынан бері балабақша бүлдіршіндеріне қазақи ұлттық ертегі, аңыздарын оқу үрдісін қолға алған.

Сания САКТАГАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *