Қазақстан – түбі бір түркі баласына ортақ мекен, ал шекара асып жеткен әр қазақ үшін бұл жер тек топырақ емес, тамыр. Егемендік алған тұстан бері елімізге 1 млн 151 мыңнан астам қандас оралған. Жылдан жылға қандастарға арналған мүмкіндіктер артып келеді.
Қандас мәртебесін алу, азаматтық алу үдерісі жеңілдеп, жыл басынан бері 3203 қазақ тарихи отанымен табысқан. Ал өткен жылы нақты Рудный қаласына көшіп-қонып келген қандастар саны 400-ден асқан. Тарихи Отанына қоныс аударған қандастардың Рудный қаласындағы алғашқы қадамдары қандай? Қандай рәсімдерден өтуі керек? Осы сауалдарға жауап алу үшін Рудный қалалық Полиция басқармасының көші-қон бөлімінің бастығы Біржан Аманбаевпен тілдестік.
– Біржан Қайыржанұлы, қандас ретінде келген азаматтардың алғашқы тіркеу процесі қалай жүреді?
– Қандас Қазақстан аумағына кірген соң, алдымен тұрақты тұруға келген мекенжайына орналасады. Осыдан кейін үш күн ішінде үй иесі немесе қабылдаушы тарап жергілікті Полиция бөліміне шетел азаматының келгенін хабарлауы қажет. Бұл қандас мәртебесіне қарамастан – заң талабы. Қандастар бастапқыда шетел азаматы болып есептеледі. Келген күннен бастап 30 күн ішінде олар Қазақстан аумағында тіркеусіз жүре алады. Осы мерзімде құжаттарын жинап, тұрақты тұруға рұқсат алу үшін құжаттарын тапсырады.
– Нақты тапсыру қажет құжаттар тізіміне тоқталып өтсеңіз?
Тұрақты тіркеуі жоқ қандастар тұрақты тұруға рұқсатты алу және Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін ПД бастығының атына және біруақытта азаматтық мәселелері бойынша шешім қабылдайтын келген мемлекеттің лауазымды адамына шетел азаматтығынан бас тартқаны туралы нотариалды куәландырылған жазбаша өтінішхатпен жүгінеді. Өтінішхатқа мынадай құжаттар тігіледі: сауалнама-өтініш, бұрынғы азаматтықтан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған өтініш, міндеттеме, ұлттық паспортының, азаматтығы жоқ адамның құжатының көшірмесі және түпнұсқасы, он алты жасқа толмаған баланың жеке басын куәландыратын баланың туу туралы куәлігі, жеке өмірбаян, азаматтығы бар мемлекетінің жазбаша келісімі, сотталмағандығын растайтын анықтама, тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке және заңды тұлғамен нотариалды куәландырылған келісім, медициналық куәландыру туралы анықтамасы, 14-тен 18-ге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған балалар ата-анасының өтінішіне өзінің нотариалды куәландырылған жазбаша келісімі және өлшемі 3,5 х 4,5 см. төрт фотосурет. Аталған құжаттарды жинап болған соң, азаматтар Рудный қаласындағы Космонавтов көшесі, 12 ғимарат мекенжайында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының 418-кабинетіне барып өтініш жазады.
– Қазақстанға келген азаматтарға толыққанды азаматтық алу үшін жалпы қанша уақыт беріледі? Бұл үдеріс қанша кезеңнен тұрады және әр кезеңнің мерзімі қандай?
– Айта кету керек, кейбір құжаттардың, әсіресе шетелде берілетін «Сотталмағаны туралы анықтаманың» мерзімі 180 күн ғана жарамды. Сондықтан азаматтар уақытты өткізіп алмай, құжаттарын дер кезінде тапсыруы тиіс. Яғни, жалпы алғанда, барлық кезеңдер заңнама талаптарына сәйкес жүргізілген жағдайда, қандас азаматтарының толыққанды азаматтық алуына орта есеппен 6-12 айдан астам уақыт қажет етеді. Азамат ел ішінде 30 күнге дейін тіркеусіз бола алады. Осы уақыт аралығында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін қажетті құжаттарды жинауға құқылы. Құжаттар дайын болған соң, азамат ХҚКО арқылы тұрақты тұруға рұқсат алуға өтініш береді. Қаралу мерзімі шамамен 1-3 ай. Тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін, тиісті органдар арқылы қандас мәртебесі рәсімделеді. Қандас куәлігінің жарамдылық мерзімі – 1 жыл. Қандас куәлігі негізінде азаматтық алуға өтініш беруге болады. Өтініштің қаралу мерзімі – 3 ай. Құжаттар толық әрі талаптарға сай болған жағдайда, азаматқа Қазақстан Республикасының азаматттығы беріледі.
– 6 айдан астам уақытқа созылатын бұл азаматтық алу процесінде қандастар қандай негізгі қиындықтармен бетпе-бет келеді? Құжат жинау, сәйкестік, құқықтық талаптар тұрғысынан ең жиі кездесетін кедергілер қандай?
– Ең жиі кездесетін мәселе – құжаттағы сәйкессіздік. Мысалы, паспорттағы аты-жөні мен басқа құжаттардағы деректер сәйкес келмеуі мүмкін. Бұл жағдайда азамат Астана қаласындағы Өзбекстан елшілігіне барып, құжатын түзетуі тиіс. Кейбір азаматтар келген кезде құжаттарын жоғалтыпта жатады. Ондай жағдайда да елшілік арқылы қайта рәсімдеу қажет. Тағы бір маңызды жайт, бұрын әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтарға байланысты. Егер соңғы бес жылда екі немесе одан да көп мәрте жауапкершілікке тартылса, азаматтық алу мүмкіндігі болмайды. Дегенмен бес жылдан кейін қайта өтініш беруге болады.
– Тұрақты тұру ықтиярхатын қалай рәсімдейді?
– Шетелдіктің ҚР тұруына ықтиярхатты ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларының сәйкес тұру ықтиярхаты 10 жыл мерзімге, шетелдіктің азаматтығы бар елдің паспортының қолданылу мерзіміне беріледі. ҚР тұру құқығының қолданылу мерзімін жаңа үлгідегі құжатты беру туралы өтінішті шетелдіктер мерзімі аяқталардан 1 ай бұрын тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына тапсыруы тиіс. Жаңа тұру ықтиярхатын рәсімдеу кезінде шетелдік Қазақстанда тұрақты тұрушы мәртебесін жоғалтпайды. ҚР-да тұруға ықтиярхатты «тұрақты тұру» санатындағы визаның негізінде ел аумағына келген шетел азаматтары ала алады. Үкімет қаулысына сәйкес ҚР шетелдіктің тұру ықтиярхатын рәсімдеу үшін Көші-қон қызметі полициясына келсе болады. Толық ақпаратпен көмекті беруге даярмыз.
– Қандас мәртебесінің мерзімін ұзарту үшін не істеу керек?
– Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алған этникалық қазақтар «қандас» мәртебесінің мерзімін ұзарту үшін тұрғылықты жері бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына немес Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өздеріне бұдан бұрын берілген «қандас» мәртебесін ұзартуға өтініш береді. Өтініш беру мерзімі өздеріне бұдан бұрын берілген «қандас» мәртебесі тоқтатылған күннен бастап 6 (алты) айдан аспауға тиіс. Қандас мәртебесінің мерзімін ұзарту Заңның 21-бабының 2-тармағына сәйкес 3 (үш) айдан аспауға тиіс.
– Рудный қаласына көбінесе қай елдерден қандастар көшіп келеді?
– Негізгі көш Өзбекстаннан. 2024 жылы 400-ден астам қандас Рудныйға қоныс аударды. Өткен жылы Түрікменстаннан 10 адам, Ресейден 5 адам келді. Биылғы жылдың алғашқы бес айында 86 қандас мәртебесін алған шетел азаматы тіркелді. Олардың 90%-ы Өзбекстаннан.
– Қалада қандастармен байланысты қалай орнатылған? Бөлім басқа ұйымдастармен бірігіп қандай шаралар өткізеді?
– Бөлімде 6 маман бар. Барлығы өз құзыреттіліктері бойынша қызмет атқарады. Бір құжаттарды тіркее, бірі азаматтық бойынша сауалдарға жауапты. Сонымен қатар, тұрақты негізде құжатсыз көшіп келген немесе қызмет атқарып жүрген азаматтарды іздеу жұмыстары да жүргізіледі. Жуырда қала құрылыс аландарының бірінде осындай жағдай орын алды. Көші-қон қызметінің мамандары көші-қон заңнамасын бұзушылықтарды анықтау мақсатында республикалық науқан шеңберінде рейдтік іс-шаралар өткізді. Бұл науқан барысында Қазақстан аумағында заңсыз жүрген және сот шешімін орындаудан жалтарған шетелдіктерге ерекше назар аударылды. Солардың бірі – ағымдағы жылдың сәуір айында сот шешімімен елден шығарылуға тиіс болған көрші елдің азаматы. Алайда ол бұл шешімді елемей, Қостанай облысында жасырынып, заңсыз жүрген. Құқық қорғау органдарынан жасырынған шетелдіктің бұрын да бірнеше мәрте әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды: қоғамдық орында ішімдік ішу, ұсақ бұзақылық және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы тәртіп бұзушылықтар. Көші-қон қызметінің мамандары оның орналасқан жерін анықтап, тиісті құжаттарды рәсімдеген соң, құқық бұзушыны мемлекеттік шекараға дейін шығарып салды. Ол Қазақстан Республикасынан депортацияланды және заңнамаға сәйкес, оған бес жыл мерзімге елге қайта кіруге тыйым салынды.
Сөз соңында Біржан Аманбаев кез келген сұрақ бойынша 3-34-02 жұмыс нөміріне тікелей хабарласуға болатынын айта кетті.
Еске сала кетейік, елге оралған кездегі ең алғашқы қадам – уақытша тіркелу. Бұл мәселе бойынша жұмыс күндері 3-34-55 нөміріне хабарласа аласыздар.
ҚАНДАС МӘРТЕБЕСІН АЛҒАН АДАМДАР ҚР КЕҢ ЖЕҢІЛДІКТЕР СПЕКТРІНЕ ИЕ. ОЛАРДЫҢ НЕГІЗГІЛЕРІ:
- жұмысқа орналастыруда, біліктілігін арттыруда және жаңа кәсіпті меңгеруде көмек көрсету;
- мемлекеттік және орыс тілдерін меңгеру үшін жағдай жасау;
- ҚР заңнамасында белгіленген тәртіпте Қарулы күштер қатарындағы қызметтен босату;
- орта кәсіптік және жоғары кәсіптік білім беру ұйымдарына түсу үшін квоталар бөлу;
- мұқтаждар үшін мектептерде, мектепке дейінгі мекемелерде, сондай-ақ әлеуметтік қорғау мекемелерінде орындар беру;
- зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеу;
- азаматтығы қалпына келтірілгендердің жаппай қуғын-сүргін құрбандары үшін берілетін өтемақыға құқықтарын іске асыру;
- ҚР кіруге виза беру үшін консулдық алымдардан босату;
- заңнамаға сәйкес кепілдік берілген тегін медициналық көмек көлемін алу;
- ҚР азаматтарына көзделген атаулы мемлекеттік көмек көрсету;
- шекара арқылы кедендік төлемдер мен салықтарды төлеусіз өту;
- тұрақты мекенжайына ақысыз жол жүру және жолжүгін (соның шінде малды) алып өту;
- келген жерінде тұрғын үйді алуға қаражат бөлу және біржолғы жәрдемақыны төлеу.
Қандастар – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, тарихи отанына келген және Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақтар және (немесе) олардың ұлты қазақ отбасы мүшелері.
Қандас мәртебесімен елге оралған азаматтар үшін көші-қон және құжат рәсімдеу процестері жауапты, әрі бірнеше кезеңнен тұратын рәсім. Уақытша тіркеуден бастап, тұрақты тұруға рұқсат алу, құжаттар жинау, азаматтыққа өтініш беру барлығы нақты тәртіппен жүзеге асады. Бұл процестің тиімді жүруі тек мемлекеттік органдардың емес, келген азаматтардың да белсенділігі мен жауапкершілігіне байланысты.
Қазақстан – тарихи отанына оралған әрбір қандасына қолдау көрсетуге мүдделі. Заңда белгіленген талаптарды орындап, құжаттарын реттеп келген әр азаматқа есік ашық. Жүйелі бағыт пен түсіністік болған жағдайда, бұл үдеріс те оңай әрі нәтижелі болмақ.
Жанарай
НУРМАХАНБЕТОВА,
суретті түсірген
Даулет КУЛАТАЕВ