Тау-кен құтқарушысы болып туылмайды, оған айналады

Қауіпті өндірістік нысандарды тәулік бойы апаттан қорғау – тау-кен құтқарушыларының басты міндеті

Бірақ олардың міндеті мұнымен шектелмейді. Олар кез келген сәтте апат пен өртті жоюға, төтенше жағдайлар кезінде адамдарды құтқаруға және эвакуациялауға дайын.

Рудный қаласында, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ жанында 60 жылдан астам уақыт бұрын әскери-тау-кен құтқару бөлімі құрылған. Келесі жыл – мерейтойлық.

Бұл қызметтің ерекшеліктері туралы Республикалық орталық штабының кәсіби әскери апаттан құтқару қызметі Солтүстік Қазақстан филиалының жедел-профилактикалық жұмыстар жөніндегі директорының орынбасары Денис Кулишов айтып берді:

– Солтүстік Қазақстан филиалында 477 қызметкер бар. Біз екі облысты қамтимыз: Ақтөбе және Қостанай облыстары. Қостанай өңірінде 300-ге жуық құтқарушы, жүргізуші және инженерлік қызметкерлер жұмыс істейді, ал Ақтөбе өңірінде шамамен 170-180 адам бар. Рудныйда ССКӨБ-ға қызмет көрсететін өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді, онда 128 қызметкер еңбек етеді. Олар карьерлер мен фабрикаларды және Қоржынкөл кенішін де қамтиды. Қашар кентінде де өрт сөндіру бөлімі бар, онда 40-қа жуық қызметкер жұмыс істейді. ССКӨБ шахталары мен карьерлеріне жарылыстардан кейін қызмет көрсететін Рудный взводында шамамен 90 құтқарушы бар. Сонымен қатар, шаң-газды талдау зертханасы мен арқанды сынақ станциясы жұмыс істейді, олардың негізгі тапсырыс берушісі – «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ. Басқаша айтқанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында кәсіби апаттан құтқару қызметін атқарамыз. Заң бойынша қауіпті өндірістік нысандарда апат және өрт болған жағдайда оларға қызмет көрсетеміз.

Денис Кулишовтың айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда биыл құтқарушылардың шақыртулары азайған:

– 2023 жылы шамамен 100 өрт тіркелді. Сонымен қатар, біз қалаға су жеткізуде көмек көрсеттік. Егер өрт тұрғын үй секторында болса, бізді де қосымша шақырады. Өткен жылы мұндай 20-30 шақырту болды, ал биыл қала бойынша 13 рет шақыртуға шықтық. Жалпы, шамамен 50 рет жедел көмек көрсеттік. Шахта немесе басқа өндірістік нысандарда биыл өрт болған жоқ.

– Сіздерді шақыртқанда, әрекеттеріңіздің алгоритмі қандай?

– Біз тек апаттан құтқару жұмыстарын ғана емес, алдын алу жұмыстарын да жүргіземіз. Біздің профилактикалық қызметіміз кәсіпорындардың жағдайын қадағалап отырады. Бұл – апатты жағдайлар, өрт қауіпсіздігі, дабыл жүйелері мен өрт сөндіру құралдарының дұрыстығы. Шахталарда газ және шаң-газ бақылауын жүргіземіз. Карьерлерде жарылыс жұмыстары жүріп жатқанда, жұмысшыларға рұқсат тек біздің тексерістен кейін ғана беріледі. Біздің мамандар газтұмылдырық құралдарымен жұмыс істеуге үйретілген, дем алуға жарамсыз ортада төрт сағатқа дейін қызмет атқара аламыз. Егер газды ортада оқыс оқиға болып, жұмысшы жарақат алса, біздің құтқарушылар тыныс алу аппараттарын киіп, зардап шеккендерді эвакуациялап, алғашқы медициналық көмек көрсетеді.

– Сіздегі тағылымдамадан өту қаншалықты қиын?

– Адамның физиологиялық ерекшеліктерін ескеру қажет. Ол респираторды пайдалана ала ма, атмосфералық ауаны емес, оқшауланған респиратордағы ауаны жұта ала ма? Көбінесе физиологиялық ерекшеліктер бұған мүмкіндік бермейді – респираторда тыныс алу қиынға соғады. Егер адам өзін нашар сезінсе, зардап шеккендерге көмек көрсете алмайды және өзін де қауіпке ұшыратады. Осы себепті көптеген адамдар жұмыстан кетеді. Мысалы, физикалық жүктеме кезінде респираторда тыныс алу да көпшілікке ауыр тиеді. Бізде арнайы эргометрияға негізделген жаттығулар кешені бар. Тағылымдамадан өтушілер үш айлық сынақ мерзімінде 10 түрлі жаттығу кешенінен және жылу төзімділігі бойынша дайындықтан өтеді.

– Бұл қалай жүзеге асады?

– Респираторда ауа айналымы жабық циклде жүреді, ауа қызады. Біз тағылымдамадан өтушіні қызу температура жағдайына — шартты түрде айтқанда, өрт орнына ұқсас жерге орналастырамыз. Оны кез келген адам көтере алмайды.

– Физикалық жүктеме туралы айтсақ, құтқарушының жабдықтарының салмағы қанша?

– Жер бетінде барлық жабдық көлікпен жеткізіледі, бірақ қалғандарын өзіңмен алып жүру қажет. Құтқарушы арқасына 15 килограмм шамасында газқорғау аппаратын тағып, апат түріне байланысты әр қолына 20 килограмға дейінгі жабдықтарды алады. Бұған қоса, біз белгілі бір қарқынды ұстап жүреміз. Жер бетінде жүгіруге мүмкіндік болса да, респираторда тыныс алу ырғағын бұзуға болмайды. Сондықтан біз жабдықтармен минутына 40 метр жылдамдықпен қозғаламыз.

– Сіздің шаң-газ талдау зертханаңыз қандай жұмыстар атқарады?

– Зертханамыз әртүрлі деңгейдегі құралдармен жабдықталған. Шахталар мен карьерлерден сынамалар аламыз. Жаппай жарылыс болғаннан кейін газ бұлты пайда болады, сол себепті ол жаққа қорғаныс аппараттарынсыз кіру мүмкін емес. Біздің мамандар респиратор киіп жұмысқа кіріседі. Бұл жоспарланған апатты жағдай. Газ концентрациясы рұқсат етілген деңгейге түскен соң, біздің жұмысымыз аяқталып, ССКӨБ зертханасы іске қосылады. Алайда олардың зертханасы шахтада аттестатталмаған, сондықтан барлық сынамалар (газ бен шаң) бізде алынады. Құтқарушылар сынамаларды жинап, талдау үшін зертханаға жеткізеді. Зертхана ауа сапасы туралы қорытынды жасайды: жарамды немесе жарамсыз деп.

Денис Кулишовтың айтуынша, Рудный бөлімінде ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан қызметкерлер аз емес, тіпті еңбек әулеттері де бар. Кулишовтың өзі де осындай әулеттің өкілі, ол бұл қызметте 1996 жылдан бері еңбек етеді.

Құтқару қызметінің ішкі жұмыс тәртібін білу үшін біз құтқарушылардың өздерінен сұрадық. Асыл Ақшалов бұл жерде сегіз жылдан бері қызмет атқарып келеді.

– Біздің жұмыс, ең алдымен, әскердегідей тәртіптілікке, адамгершілікке, көмек көрсетуге үйретеді. Істеп жатқан ісіңнің босқа емес, адамдарға пайдасы болғанын түсіну маңызды, – дейді Асыл Ақшалов. – Біздің қызмет үнемі оқуды және машықтануды талап етеді. Біз тұрақты түрде тактикалық жаттығулар өткіземіз. Әрдайым түрлі жағдайларға дайын болу керек. Біздің жұмысқа кез келген адам келе бермейді, тек психологиялық тұрғыдан дайын адамдар ғана шыдайды. Тағылымдама кезінде адамның осындай талаптарға сай келетінін бірден байқаймыз.

– Құтқарушы дабыл бойынша қалай әрекет ету керек?

– Дабыл түскенде, алдын ала бекітілген нөмірлерге сәйкес әрекет етеміз. Оқиға орнына жеткен соң, командирлер жазбаша бұйрық пен зардап шеккендер туралы ақпарат алады. Құрал-жабдықтарды жинап, олардың жұмысқа жарамдылығын тексереміз. Содан кейін бөлімшенің дайындығы мен жағдайы туралы баяндама жасаймыз. Біздің қауіпсіздігіміз бірінші орында болуы керек. Оқиға орнына келген соң, жағдайды тексереміз. Егер зардап шеккен адам табылса, базаға хабар береміз. Келесі қадамдар база берген нұсқауларға байланысты орындалады. Біз алғашқы медициналық көмек, реанимация, жасанды тыныс алуды үйренгенбіз, бірақ түбегейлі шешімдер қабылдауға құқығымыз жоқ. Ең бастысы – зардап шеккен адамды медициналық қызметке аман-есен жеткізу.

– Біздің ұжымда достық атмосфера қалыптасқан. Мұнда тәжірибелі қызметкерлер мен жастар бірге жұмыс істейді, бұл білім алмасуға мүмкіндік береді. Біз қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетеміз. Командалық рух бізді қиындықтарға төтеп беруге үйретеді. Осындай ұжымда жұмыс істейтініме мақтанамын, – деп бөлісті Асыл Ақшалов.

Марина Глухова Рудный авариялық-құтқару бөлімінде радиотелефонист болып 12 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді:

– Бұған дейін «ССКӨБ» АҚ-да жұмыс істедім, соңғы екі жылда РЦШ ПВАСС-та қызмет етудемін. Менің міндетім – біз қызмет көрсететін нысандардағы өрттер туралы қоңырауларды қабылдап, құтқарушылардың әрекеттерін үйлестіру, – дейді ол. – Бізде жұмыс күні таңғы сегізде басталады, ауысымдық кесте: тәулік бойы жұмыс істеп, үш күн демаламыз. «ССКӨБ» мен «ERG Service» нысандарын қамтимыз, кейде қалалық өрт сөндіру бөлімшесіне де көмектесеміз. Жылдам әрекет етіп, нақты ұйымдастыру өте маңызды, себебі әр қоңырау ерекше және жеке көзқарасты талап етеді.

Марина Глухованың алғашқы жұмыс күнін әлі күнге дейін есінде.

– Ол кезде ССКӨБ фабрикасында өрт шыққан еді. Бұл мен үшін қиын жағдай болды, өйткені қоңырауларды қалай дұрыс қабылдап, өңдеу керектігін білмейтінмін. Дегенмен, біз жағдайды бақылауға алып, мен үшін бұл өте құнды тәжірибе болды. Содан бері жұмыс бағытына үйреніп, қорқыныш сезімін сезінбеймін. Өрт туралы қоңырау түскенде, өрттің нақты қай жерде болғанын анықтауым қажет. Адамдар көбіне үрейге беріліп, маған оларды сабырға шақырып, нақты ақпарат алу маңызды. Қажетті мәліметтерді анықтап, оқиға орнына қандай техниканы жіберу керектігін дұрыс бағдарлаймын. Кез келген жағдайдың күрделілігін ескере отырып, қажетті техника санын анықтаймыз. Егер өрт кішігірім болса, бір машина жеткілікті. Ал егер ауқымды оқиға болса, қосымша ресурстар қажет. Зардап шеккендер туралы ақпарат түссе, шақырудың деңгейі бірден жоғарылайды. Жылдам және тиімді әрекет ету арқылы шығындарды азайту – біздің басты міндетіміз, – деп түйіндеді Марина Глухова.

Марина Глухова ұжымда достық атмосфера орнағанын атап өтеді:

– Біз кішігірім, бірақ ұйымшыл ұжымбыз, мұнда бәрі бір-бірін құрметтейді. Мен жігіттердің арасында жалғыз қызбын, бұл ерекше динамика қалыптастырады. Біз қиын сәттерде бір-бірімізге қолдау көрсетеміз және әрдайым команда ретінде жұмыс істейміз. Жұмыс орнын ауыстырғанды ұнатпаймын, ал ауысымдық кесте жұмысымды басқа істермен үйлестіруге мүмкіндік береді. Өз орнымды таптым және бұл жерде өзімді жайлы сезінемін.

Марина Глухова құтқарушылардың еңбегі туралы айтып, оның қаншалықты қиын әрі қауіпті екенін атап өтеді:

– Олардың жұмысын іштен көрмесем де, атқаратын істері жайлы көп әңгімелер естимін. Құтқарушыларға үнемі физикалық дайындықта болу және тұрақты психологиялық күй қажет. Олар жастарды үйретіп, тәжірибесімен бөліседі. Мен олардың батылдығы мен кәсібилігіне таңданамын.

Солтүстік Қазақстан филиалында шамамен 400 адам жұмыс істейді, олар Ақтөбе және Қостанай облыстарын қамтиды. Құтқарушылардың негізгі құрамы – жерасты тау-кен өндірістерінде құтқару жұмыстарын жүргізуге құқығы бар өрт сөндірушілер мен құтқарушылар. Оларға Рудный жедел взводы, Қашар құтқару командасы, Жітіқара әскери тау-кен құтқару бекеті және Краснооктябрь боксит кен басқармасы, Қашар, Қоржынкөл мен Рудныйдағы өрт сөндіру бөлімшелері кіреді. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар тәулік бойы қызмет атқарады.

 

Айым СЕРІК,

суреттерді түсірген Султан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *