Еріктілер тобының ұйымдастыруымен «Ақ орамал — асыл кием» атты іс-шара өткізілді
Ұлттық болмысымызды айғақтайтын ұлы ұғымдардың бірі – ақ орамал! Жомарттық пен әдептің айқын нышаны саналатын, әр қазақ үшін қастерлі де мән-мағынасы терең. Сонау ғасырлардан жеткен бұл ұғымның байыбын әсіресе ақ жаулықты әжелер қауымы жақсы түсінеді. Ақ жаулықты құрметтеп, әдебін сақтай білді. Ұлттық болмысын ұмытпады.
Орамал келіншектің адал ниетпен аттаған шаңырағының анасы екенін аңғартады. Біздің халық қасиетті нәрсені ақ түспен теңеген. Мысалы ақ бата, ақ неке, ақ тілек және сол сияқты әйелдеріміз бастарына тартқан ақ орамал.
Аңыз бойынша ерте заманда жайлауда отырған бір жердің азаматтары жаңа аймаққа мал айдап кетеді. Бас көтерер азамат болмаған ауылға тұтқиылдан жау шапқанда, сол ауылдың бәйбішесі басындағы ақ орамалды шешіп, сойылға байлап, жауға қарсы шығып, оларды тоқтатады. Осылайша елін құтқарып қалады. Сол күннен жауды тоқтатқан ақ орамал «Жаулық» аталып кетіпті. Бүгінде қазақ халқы бірінші байлық – денсаулық десе, екінші байлық – ақ жаулық деп айтады. Ақ орамалды басына салған сәттен жаңа түскен келін, келген әулеттің тілеуін тілейді. Жас келіннің арманы дүниеге әкелер болашақ ұрпағының амандығы. Қазақта жаңа түскен келін басына орамалын салып, жанжал болған жерге келіп сәлем салса, ұрысты тоқтатқан деседі. Қазақ үшін орамалды сыйламау ананы қорлау болып табылады.
1 ақпан күні – әлем бойынша орамал күні болып саналады. Мыңдаған әйел қауымы, оның ішінде мұсылманы да, басқа дін өкілдері де бар, барлығы жиналып, орамал киіп далаға шығады. Бұл дінаралық бірлестік пен ислам дініне деген сыйластықтың белгісі ретінде өтетін айтулы күндердің бірі.
Алғашқы рет Хиджаб күнін Нью-Йорктың тұрғыны Назма Хан өзінің мұсылман емес құрбыларына бір күн бойы хиджаб киіп, сұлулықтарын бөгде адамдардың жанарынан жалтартып, жасырудың қандай екендігін сезіндірту үшін ұсынған болатын. Мектепте де, ЖОО-да басындағы орамалына байланысты талай сөз естіген қыз өзі секілді әпке-сіңлілеріне рухани көмек көрсетпек ниетпен бүкіл әлемге үндеу тастады. Назма Ханның ұсынысын барлық әлем қабыл алды, ал оның құрған тобының парақшалары әлемнің 22 тіліне аударылып, таратылған еді.
Ұлыбритания, Австралия, Индия, Пәкістан, Франция, Германия және тағы да басқа елдерден хиджабқа байланысты сұрақтармен хабарласып, мұсылман әйелдердің жамылғысын бір күн өздерінің де кигілері келетіндігін айтып ойларымен бөлісіпті.
Жалпы орамал тағу тек дін немесе дәстүрге байланысты емес. Оны сондай-ақ тұрмыста, күнделікті үй шаруасын жасау кезінде де тағу ыңғайлы. Орыс халқының әйел қауымы өздерін суықтан, қатал климаттан сақтау үшін тағып жүрген. Ол халықта орамал парасаттылықтың символы болды: шаш көрінуі әдепсіздікке жататын. Бүгінде қоғамда орамалдың сан түріне қарай тағып алу үрдісі бар. Бұл сәнді әрі ұлттық дәстүрдің сақталып келе жатқаның білдіртеді.
Күні кеше «Ата жол, ана-ұлағат» еріктілер тобының ұйымдастыруымен «Ақ орамал — асыл кием» атты іс-шара өткізілді. Қатысушылар арасында құрметті ақсақалдар кенесінің мүшелері, ардақты әже-апалар мен мектеп оқушылары болды. Бұл еріктілер тобының алғашқы мәдениет пен дәстүрді насихаттауды ұштастырған іс-шарасы. Бірінші кезекте әжелер шашу тастап, сыңғырлаған домбыра үнімен ана жайлы әнді тарту етті. Келесі кезекте керемет бір әулеттің үш келіні мен енесі арасындағы қарым-қатынасы көрсетілді. Көрініс қарапайым сыйластық, мейрімділік пен жылулықты айқындап, қазақ дәстүрімізде қалыптасқан орамал тағу ұғымының мән-мағынасын түсіндірді. Оның арасында ізгілік, «салем салу» дәстүрі арқылы көрсетілген құрметті де байланыстырды.
Бүгінгі күні келешек ұрпақтың рухани дамуына, елін, мәдениетін, дәстүрін сүюге шақырып өз үлесін қосып келе жатқан азаматтар баршылық екеніне көз жетеді. Олардың бірі тұсаукесер болған «Ата жол, ана-ұлағат» жобасының мүшелері.
«Ақ орамал киеміз, ақ некеміздің иесі» демекші, бүгін іс-шара өткізіп мәре-сәре болып жатырмыз. Біздің жобаның мақсаты- қазақ тілімізді, дәстүрімізді ұлықтау, кейінгі ұрпаққа насихаттау. Ешкімде мәңгілік емес, біздің айтарымыз, көрсететініміз бар. Жаман мен жақсыны, ақ пен қараны ажырата білуді үйретуге асықпыз. Ата-бабаларымыз айтып кеткен әрбір сөзін құламызға тоқып өскен бізде жас ұрпақ едік. Міне бізде әже болдық. Біздің ұлтымыз көп қиындық көрсе де, төтеп бере алды. Себебі, біз рухты халықпыз, ол рухты беріп тұрған дәстүріміз, тіліміз, мақал-мәтеліміз және тарихымыз. Ендеше, жас ұрпаққа айтарым «өз тіліңнен жиренбе айналайын, сенің ұлтың ең ұлы ұлт, сенің тілін ең әдемі тіл, сенің әжен ең дана әже, сенің анан ең аяулы ана. «Ақ орамал» күнін өткізу арқылы отандастарымыздың этностық шығу тегіне, әлеуметтік, діни немесе басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бейбітшілік идеясы аясына шоғырландыру мақсатын жылдан-жылға қолға аламыз. Отан отбасынан басталатынына назар аударып, әр отбасындағы ана мейірімінің, тәрбиесінің маңызына аса мән береміз. Орамал — әуелі ана, біреудің Құдай қосқан жары екеніңді, ақ-адал ниетпен аттаған шаңырағың бар екенін білдіретін белгі. Ақ орамалдың мән-маңызы ұлықталып, сол арқылы Ана бейнесі ардақталады. Өйткені әйел-ана – өмірдің жалғасы, тіршілік ұйытқысы. Анаға қанша құрмет көрсетсе де артық етпейді», – деді «Ата-жол, ана-ұлағат» еріктілер тобының жетекшісі Данагүл Жанахметқызы өз сөзінде.
Іс-шара барысында ортаға жаңа түсен, ана болу сезімін жаңа сезініп жатқан жас келіндер шақырылып, ақ орамалдың қадірін өмір бойы ұмытпай, ел ертеңі — ұрпақ тәрбиесіне аса мән беретін сүйікті жар, аяулы ана болыңыздар деген ниетпен, құрметті әжелер өз ойларымен бөлісті. Мереке соңында балалар өз ілтипатын білдіріп, үлкендердің ұлағатты сөздеріне құлақ ілді. Бүгінгі жас отау иелерін, жас аналарды қазақы мәнер, ұлттық үрдіс негізінде сусындатудың маңызы зор. Бейбітшілік пен бірлікті, татулықты, қазақтың салт-дәстүрін дәріптейтін іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Сания САКТАГАН