«Тең құқық – ортақ жауапкершілік»

Құқық қорғаушылар, заңгерлер мен қоғам белсенділері адам құқығын қорғаудың өзекті мәселелерін ортаға салды

Рудныйда «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық механизмдері» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Аталған шара қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылып, конференцияны Рудный қаласы әкімінің орынбасары Сәкен Қоқышев ашты. Ол қатысушыларды құттықтап, құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі мұндай іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды.

Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының өкілдері, халықаралық ұйымдардың, атап айтқанда, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар офисінің өкілдері және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшелері қатысты. Семинардың басты мақсаты – адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық механизмдері, құқықтық мәдениетті көтеру және қоғамдағы осал топтардың мүдделерін қорғау мәселелерін жан-жақты талқылау болды.

Семинардың алғашқы бөлімі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Тастемір Әбішев мырзаның баяндамасымен басталды. Ол Қазақстан Конституциясында бекітілген негізгі адам құқықтары мен бостандықтары туралы, құқықтық мемлекет құрудағы азаматтардың рөлі және еліміздегі құқық қорғау жүйелерінің өзекті мәселелерін толық ашып көрсетті. Әбішев мырза Комиссияның азаматтардың өтініштерін қарау тетіктері мен халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен өзара әрекеттестігіне баса назар аударды.

Семинардың екінші бөлімі Еуразия ұлттық университетінің ассоциацияланған профессоры және Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі Светлана Жаркенова ханымның баяндамасымен жалғасты. Ол еңбек құқықтары, соның ішінде мүгедектер мен тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының еңбек құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталды. Баяндамасында еңбек шарттары, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ еңбек дауларының тиімді шешілу жолдары туралы өзекті мәселелер көтерілді.

Келесі бөлімде «Жан-Сая» дағдарыс орталығының директоры Зульфия Байсакова сөз алып, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, гендерлік теңдік және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған әлеуметтік қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету мәселелері жөнінде өз ойларын білдірді. Байсакова ханым осы салада психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен медициналық мамандардың бірлескен әрекетінің маңыздылығына ерекше назар аударды.

Семинардың соңғы бөлігінде Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі, кәмелетке толмағандардың істері бойынша заңгер Ирина Осокина құқық қорғау және сот процесіндегі адам құқықтарының қамтамасыз етілу мәселелерін сөз етті. Ол қоғамдағы құқықтық мәдениеттің әлсіздігін сынға алып, азаматтардың тек өз құқықтарын ғана емес, міндеттерін де жақсы білуінің маңыздылығын атап өтті:

– Әр азамат өз құқықтарын және міндеттерін бірдей білуі қажет. Егер заң бір әрекетке тыйым салса – оны орындамау керек. Құқықтық ағарту жеткіліксіз болғандықтан, әр отбасы өз балаларын заңға құрметпен тәрбиелеуі тиіс, – деді спикер.

Сонымен қатар, Осокина жастардың рұқсатсыз жиналулар мен митингілерге қатысуын аса қауіпті үрдіс ретінде бағалап, заңнаманың айқын талаптарын орындау қажеттігін атап өтті.

Семинар барысында қатысушылар тарапынан түрлі әлеуметтік мәселелерге қатысты сұрақтар қойылды. Солардың ішінде көпшіліктің қызығушылығын тудырған маңызды сауал – зейнеткерлік жасқа жеткен азаматтардың еңбек ету құқығына қатысты болды. Бұл сұраққа ЕҰУ-дың доценті, Құқық қорғау комиссиясының мүшесі Светлана Жаркенова жауап берді. Оның айтуынша, Қазақстан заңнамасында зейнеткерлердің жұмыс істеуіне ешқандай шектеу жоқ.

— Егер қызметкер зейнет жасына жетсе, оның жұмыс берушімен еңбек шарты бір жылға жаңадан жасалады және бұл келісім жыл сайын қайта рәсімделіп отырады. Бұл ретте зейнет жасындағы маманның білімі мен тәжірибесі ескеріліп, жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беріледі. Еңбек заңнамасына сәйкес, зейнетке екі жыл қалғанда қызметкерді жұмыстан шығаруға болмайды, бұл кезеңде оны жұмыспен қамтамасыз ету – жұмыс берушінің міндеті»,- деп атап өтті Жаркенова.

Адам құқығы – тек заң жүзіндегі ұғым ғана емес, ол – әрбір азаматтың қадір-қасиетін, еркіндігін және қоғамдағы орнын айқындайтын басты құндылық. Қаламызда өткен бұл семинар-тренинг – сол құндылықтарға деген құрметтің, заңға деген адалдықтың, әділеттілікке деген ұмтылыстың көрінісі болды. Ұлттық және халықаралық сарапшылардың пайымды пікірлері мен шынайы тәжірибелері тыңдарманды бей-жай қалдырмады. Әрбір баяндамадан кейін қойылған нақты сұрақтар мен олардың өміршең жауаптары қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастырудың қаншалықты өзекті екенін тағы бір мәрте айқындады.

Семинар соңында айтылған әрбір ой – заң үстемдігін құрметтейтін, әділетке ұмтылатын, жауапкершілікті терең түсінетін азаматтық қоғамның қалыптасуына жасалған маңызды қадам екені сөзсіз. Құқықты білу – тек өзіңді қорғау емес, ол – өзгеге де үлгі болу, әділеттің жаршысы болу. Осы бір игі бастамалар ел ішінде жалғасын таба берсе екен деген тілекпен семинар өз мәресіне жетті.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген автор

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *