Тілге құрмет – рухани байлықтың негізі

Рудный қаласы әкімдігінің «Қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ ұйымдастыруымен өткен «Тілі бірдің — тілегі бір» тіл форумы рухани байлыққа толы мерекеге айналды.

Форум аяқталғанына бірнеше күн өтсе де, әсері мен сезімдері әлі күнге дейін жүрегімде жаңғырып тұр. Бұл шара – мемлекеттік тілімізге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттырып, халқымыздың мәдениеті мен руханиятына терең бойлатқан ерекше іс-шара болды.

Тіл форумы аясында сахна төрінде көрсетілген әр өнер туындысы жүректі тебірентті. Алаш қайраткерлерін сомдаған жас әртістердің шеберлігі, мың бұралған бишілердің өнері, жан тебірентер композиторлардың шығармалары барша көрерменге рухани азық сыйлады. Әсіресе, Рудный қаласының ақыны Жаңбыршы Тілеуқабыловтың дана сөздері мен терең ойлары жастардың бойына тілге деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырғандай. Көрермендер қатарында оқушылар, студенттер және қаламыздың құрметті азаматтарының болуы бұл форумды ерекше әсерлі етті.

Салтанатты жиынның айрықша сәттерінің бірі – бұл қазақ тілін үйретуде, халқымыздың құндылықтарын дәріптеу жолында ерен еңбегімен көзге түскен жандарды, сонымен қоса мемлекеттік тілімізді аса құрметпен үйреніп жүріп, белгілі жетістіктерге ие болған өзге ұлт өкілдерін марапаттау рәсімі. Осы орайда маған және менің шәкіртім Менщиков Глебтің марапатталуы ерекше сезім сыйлады. Оның үстіне оқушым үлкен сахнаға шығып, таза қазақ тілінде сөз сөйлегенде, жүрегімді бір керемет мақтаныш кернеді.

Осындай іс-шаралар мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттырып, халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеуге зор үлес қосады. Әсіресе, өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген құрметі мен оны үйренуге деген құлшынысы – еліміздің бірлігін нығайта түсетін игі қадам. Тілге жанашыр жандардың қатары артып, мемлекеттік тілімізді ұлықтайтын шаралар көбейе берсін!

 

КАЛЬЖАНОВА

Айгуль Мирасовна,

Қостанай облысы әкімдігі

білім басқармасының «Рудный қаласы білім бөлімінің №2

гимназиясы» КММ

қазақ тілі мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *