Тіл жанашырлары бас қосты

Биылдан бастап еліміздің барлық облыс орталықтары, қалалар мен аудандарда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының филиалдары ашыла бастады

Мәселен, 2022 жылдың 4-наурызынан бастап өз жұмысын бастаған Қостанай облыстық филиалына танымал журналист Заңғар Санай тағайындалса, Рудныйлық филиал төрайымы лауазымына қалалық мәслихатының депутаты, Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясының директоры, Қымбат Бірманованың кандидатурасы қала басшылығымен ұсынылып, облыста қолдау тапты.

Жақында әкімдік ғимаратында «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы отырысы өтті.  Оған мәдениет және тілдерді дамыту, ішкі саясат бөлімдерінің өкілдері, тіл жанашырларынан құралған қоғамның мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде екі сұрақ қаралды. «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы» қоғамдық бірлестігі туралы жалпы ақпаратпен жиналғандарды Тілдерді оқыту орталығының жетекшісі Жанна Джамбурчина таныстырды.

Қазақ тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын оқып-үйренуге, әдет-ғұрпын, тұрмыс-салтын сақтап, оны одан әрі дамытуға ықыласты қазақ және басқа ұлт өкілдерінің басын біріктіретін ерікті ұйым 1989 жылы Алматы қаласында құрылды. Мақсат – қазақ тілінің республикада және одан тыс жерлерде кеңінен қолданылуына байланысты мемлекеттік, қоғамдық әр түрлі ұйымдар мен ұлттық мәдени орталықтарға, жеке азаматтарға көмек көрсету.

Бүгінде «Қазақ тілі» қоғамыныңның бөлімшелері Омбы, Орынбор, Астрахань, Қорған, Санкт-Петербург, Саратов, Волгоград қаласында, Моңғолия, Түркия, Қарақалпақстан, Түркіменстанда жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ «Қазақ тілі» қоғамының мүшелігінде Франция, Швеция, АҚШ, Қытайда тұратын отандастарымыз бар.

– Шыны керек, соңғы жылдары шаруасы біраз тоқырап қалған қоғамның жұмысына енді қан жүгірді. Қазір ұйымның жұмысын солтүстік өлкеде жандандыру ісі қолға алынуда. Себебі, өңірде ана тіліміздің мәселесі өткір тұр. Оны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып шешу қажет, – деді Жанна Сембайқызы.

«Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деген Ахмет Байтұрсыновтың қасиетті қағидасын басшылыққа алған филиал төрайымы Қымбат Исланбекқызы «Қазақ тілі» халықаралық қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына егжей-тегжейлі тоқталды.

Жиын соңында тіл жанашырлары Рудный қаласында қазақ тілінің кең етек жаюына арналған ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.

Айзат ИБРАГИМ

газета «Рудненский рабочий»

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *