Жоғары оқу орындарын бітірген Рудныйлық жас мамандар мемлекеттік қызметке
конкурстық іріктеусіз түсу мүмкіндігін белсенді пайдалануда
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың басынан бастап мемлекеттік грант есебінен жоғары оқу орындарын тәмамдаған, GPA көрсеткіші 3,33-тен жоғары үздік түлектерге аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі пайда болды.
Биылғы жылы Қостанай облысында 20-дан астам түлек конкурстық іріктеусіз мемлекеттік қызметке орналасты. Айта кету керек, бұл жаңашылдық түлектерді мемлекеттік қызметке орналасуға ынталандырып, бастапқы жұмыс тәжірибесіз мансапты бастау үшін оңтайлы жол болып табылады. Мысалы, осы жылдың тамыз айында Рудный қаласында екі жас маман осы бағдарлама бойынша жұмысқа қабылданды.
Олардың бірі — Диана Нұрмұхамбетова. Қазір таңда Рудный қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының салықтық бақылау бөлімінің бас мамандары болып жұмыс атқарады. Ол Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін «Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша бітірген. Жас маман жоғары оқу орындарын грантпен оқып, жақсы үлгеріммен бітірген түлектерге конкурссыз мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігі туралы естігеннен кейін, бұл мүмкіндікті бірден пайдалануға шешім қабылдады.
«Мен өз мамандығым бойынша Рудный қаласында бос орын таптым. Мемлекеттік мекемеге барып, қандай құжаттар керектігін сұрадым: диплом қосымшасымен, оқу орнынан алынған мұрағаттық анықтама және жеке куәлік. Барлық құжаттарды жинап, өтініш жаздым. Мекеме үш күн ішінде жұмысқа қабылдады. Мемлекеттік қызметке орналасу, мен ойлағаннан оңай болып шықты», – дейді Диана Талғатқызы.
Алғашқы жұмыс күндерінде арнайы көмектесетін тәлімгер бекітілген. Қазір маман барлық жұмысты өзі атқарады, бірақ қандай да бір сұрақтар болса, әріптестері әрқашан көмектесуге дайын. Болашақта Диана мемлекеттік қызметте қалып, мансаптық сатыда алға жылжуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, жұмыс қиын емес, бастысы – тұрғындардың өтініштерімен жұмыс істегенде сабырлы және сыпайы болу.
«Қазіргі уақытта жұмысым қоңырау шалумен байланысты. Әрине, адамдар әртүрлі: дөрекі болуы мүмкін немесе мүлде байланысқа шықпауы мүмкін. Мен барынша сабырлы түрде жауап беріп, олардан не талап етілетінін түсіндіруге тырысамын. Егер олар байланысқа мүлде шыққысы келмесе, басқа шараларды қолдануға тура келеді», – дейді ол өз сөзінде.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Экономист» мамандығы бойынша білім алған Аслан Нұрсұлтановта Рудный қаласына конкурстық іріктеусіз арқылы Мемлекеттік кірістер басқармасының салықтық бақылау бөлімінің бас маманы ретінде жұмысқа орналасқан. Асланның айтуынша, қызметте жұмысты сапалы әрі жылдам орындау үшін төзімділік, белсенділік және сабырлық қажет. Бас маманның алдағы жоспары – мемлекеттік қызметте жұмысын жалғастырып, тәжірибе жинақтау.
«Негізінен барлық жұмысты басқарма басшысының орынбасарымен бірге атқарамын. Қазіргі уақытта менің жұмысым салық төлеушілерге қоңырау шалу және олармен әңгімелесуді қамтиды. Сондай-ақ, оларға келу туралы хабарлама жіберіп, талдаулар жинаймын. Кейде адамдармен жұмыс істеу қиын, бірақ мен оны еңсеремін. Ең бастысы – қажетті ақпаратты дұрыс жеткізіп, олардың өтініштерін тыңдай білу», – дейді Аслан.
Қостанай облыстық мемлекеттік қызмет департаменті барша жас мамандарды даярлауға, көмек көрсетуге дайын. Ол үшін тек білімге деген құштарлық, зейін және отанға қызмет етудегі адалдық қажет.
«GPA көрсеткіші жоғары түлектерді мемлекеттік лауазымдарға конкурстан тыс тағайындау – жастар үшін үлкен мүмкіндік. Енді түлектерге әлеуметтік маңызды жобалармен жұмыс істеп, ел мен қоғамның дамуына өз үлестерін қосуға барлық жағдай жасалған. Егер сіз барлық талаптарға сай болсаңыз, конкурстан тыс мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігіңіз бар. Мемлекеттік қызметке көкірегі ояу, көзі ашық мамандарды шақырамыз. Әр саланың кәсіби мамандарын жинақтау – бізідң мақсатымыз. Бұл жас ерекшелігіне немесе тәжірибеге қарамайды. Ең бастысы білім және ниет», — деп атап өтті басқарма басшысы Әлия Оспанова.
Асем БАЙКАНОВА,
суретті түсірген Алексей ФРОЛОВ