Соңғы уақытта «Халал» мөрі бар тауарлар мен қызмет түріне сұраныс артқан. Дегенмен, бұл логотипті рұқсатсыз пайдаланатындар да бар екен. Халал шұжықты қалай таңдау керек? Сертификат қалай беріледі? Біздің редакция анықтап көрді.
Қаламызда «Халал» сертификаты бар «Муслима» кафесі осыдан 7 жыл бұрын ашылған. Сол сәтте Қостанай қаласынан арнайы комиссия келіп, кафенің, әрі дүкеннің ет өнімдерін толықтай тексерді, содан кейін ғана «Халал Даму» сертификатын табыстайды. Әр 2 жыл сайын кафедегі тағамдар толық тексеруден өтіп, сертификат жаңарып отырады.
«Халал» сертификаты 2017 жылы берілді. Қостанайдан арнайы комиссия келіп, шарттары бойынша малдың сойылуына қарайды. Сойылған кезде мал ұрылмау керек, тоққа түспеуі қажет, екі аяғы байланып бауыздалуы керек. Біз дүкенде жылқы, қой, сиыр, сондай-ақ тауық етін сатамыз. Малдың адал сойылғанын өзіміз қадағалаймыз»,- деді «Муслима» дүкенінің иесі Қанат Қожахметов.
Дәмхананың тұрақты клиенті Нияз Кабдушев Степногорск қаласының тумасы. Рудный қаласында 2 аптаға жуық вахталық қызметте істейді. Дәмханада 2 аптада 4-5 мәрте тамақтанады. Халал мөрі бар «Муслиманы» таңдауын тағамдардың құрамына сенімді болғандықтан деп түсіндірді.
«Мен Рудный қаласына вахтамен келіп жұмыс істеймін. 2 апта ішінде 4-5 мәрте осы кафеге келіп ас ішемін. Тамақтары өте дәмді, әрі «халал». Сол үшін жиі келемін», — деді Нияз Кабдушев.
Дүкендегі сөреде халал белгісі бар өнімдердің алуан түрін көруге болады. Қазіргі таңда тұтынушылардың басым бөлігі «Халал» өнімді іздейтіні де рас. Десе де, логотипті рұқсатсыз пайдаланатындар бар. Ал қарапайым адам оның қайсысы шынайы сертификатталғанын білмей дал болады.
«Смартфонға арнайы «Halal guide» атты қосымша жүктеуге болады. Сол арқылы халал сертификатын алған мекемелердің тізімдері, халал сертификациясынан өткен өнімдер жарияланып отырады. Яғни, сіз келген келген супермаркетке, не болмаса дүкенге кірген кезде заттың адал екенін анықтау барысында қандай да бір қиыншылыққа душар болсаңыз, қосымша арқылы тауарды тізімнен тауып, қаншалықты дұрыс өнім екенін анықтауға болады», — деді «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин.
Сөрелерден халал ет өнімдері, шұжықтардан бөлек, сусабын, қол сабын, тіс пастасын да көруге болады. Соңғы уақытта «халал су, халал жұмыртқа, тіпті халал опа-далап» дегенді де жиі көзіміз шалады. Бұл жөнінде «Нұр» мешітінің бас имамы Сабыржан Есмурзин былай деп түсіндірді.
«Қазіргі таңда жұмыртқа, су, тіпті сусабын деген секілді заттарға Халал сертификаты беріліп жатыр. Мұның барлығы қалай деген сұрақ халық арасында жиі туындайды. Мәселен, жұмыртқаға келсек, адал сертификаты оны шығаратын мекеменің тауықты асырайтын жеміне байланысты тағайындалады. Көптеген жұмыртқа шығаратын фабрикаларда тауыққа жем ретінде сүйектің ұнтақталып жасалған ұны беріледі. Ал, ұнтақтың құрамына өлімтік малдардың, доңыздың сүйектері қосылғандықтан лас затты жеп өсірілген тауықтың жұмыртқасы да, еті де адал болып есептелмейді», — деді бас имам.
Сонымен, «Халал» дегеніміз — тағамда доңыз етінің болмауымен қатар, зиянды қоспаларсыз, физикалық тұрғыда таза дайындалған тағамдарды жеуге рұқсат деген сөз. Ауру астан дегендей, адам денсаулығына кері әсер ететін факторлардың 50 пайызы тамақтанудан келеді. Сондықтан, ішер асымыздың адал екеніне мән берген артық етпес.
Зерде Жеңіс