Рудныйлық оқушылар Полиция департаментінің мұражайына барды
Күнделікті қоғамдық тәртіпті қадағалаушы полиция қызметкері болуды армандамайтын бала жоқ шығар. Қылмысты ашуда, тәртіпті сақтауда полицейлердің еңбегі орасан зор. Аталмыш салада қызмет ету білімді де, білікті де талап етеді. Осы тұста, полицейлердің тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысу мақсатында № 2 Қашар мектебінің 10-сынып оқушылары Полиция департаментінің мұражайына барып, құқық қорғау саласының қалыптасу жолымен танысып қайтты.
Жақында Әлихан Бөкейханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің аға инспекторы Ермек Оразбайұлы мен № 2 Қашар мектебінің директоры м.а. Жанар Ембергенованың ұйымдастыруымен Қашар оқушылары ішкі істер органдарының тарихына арналған музейде болды. Экскурсия барысында білім алушыларға Қазақ хандығының құрылуынан бастап бүгінгі күнге дейінгі ішкі істер органдарының қалыптасу тарихы баяндалған. Балалар қару-жарақ үлгілері және әскери қызметкерлердің формасы, сондай-ақ Ұлттық Ұлан кинологының киім-кешегі мен қасындағы қызметтік итін де тамашалады. Мұнда сақталған әрбір жәдігер оқушыларға құқық қорғау органдарының қиын да, күрделі еңбек жолының тарихына көз жүгіртуге мүмкіндік береді.
Әр бала қызмет барысында қаза тапқан бүгінгі күннің батырларын білуі қажет. 10-сынып оқушысы Гауһар Алдабергенова өскелең ұрпақ өз тарихын жадында мәңгі сақтап, одан әрі насихаттауы үшін аталмыш экскурсия жиі ұйымдастырылуы қажет деп санайды.
«Жас ұрпақ өз елінің тарихын білуі керек. Бұл саяхат бізді Отансүйгіштікке, адал еңбек етуге және батыл болуға тәрбиеледі. Мұражай тәлімгері стендте ілулі тұрған Қостанай облысының батырлары жайлы баяндады. Біз бейбіт заманда ерлікпен қаза тапқан ержүрек қызметкерлер жөнінде зор ықыласпен тыңдадық. Осы іс—шара үшін бізді мұражайға апарған Ермек Оразбайұлына алғысымды білдіремін», — дейді Гауһар Алдабергенова.
Сыныптасының пікіріне Еламан Раманов та қосылды. 1971 жылы ашылған мұражай еліміздегі тарихы терең мұражайлардың бірі боп саналады. Ол іс-шара патриотизмді жандандыруға, оқушылардың туған өлкесінің маңыздылығын түсінуіне ықпал етеді деп бөлісті.
«Өз басым, музейде жау жүрек батырлардың жасаған ерліктерімен танысып, тәнті болдым. Көне суық қарулардың көптеген түрлерін тамашаладық. Қазақстан бойынша жалғыз «Гра» француз қаруы осында сақтаулы екен. Ермек ағайға мұражайды аралауға берген мүмкіндігі үшін алғысым шексіз», — деді Еламан Раманов.
«Ер есімі – ел есінде» демекші, ержүрек батырларымыздың есімін ұлықтау маңызды. Қорытындылай келе, оқушыларға полиция құрылымы жұмысын жақынырақ таныстыру сәтті орындалды деп сенеміз. Ұсынылған экспонаттар, құжаттар, қару-жарақтар, жәдігерлер білім алушылардың бойына ерекше қуаныш пен мақтаныш сезімін тудырғаны сөзсіз.
Зерде Жеңіс