Халық – айна, тыңдай алсаң – шешім табасың

Мәслихат депутаттары Рудныйдағы әлеуметтік маңызды нысандарды аралады

Өткен аптада Рудный қалалық мәслихатының депутаттары мәслихат төрағасы Азамат Ысқақов пен әкімдік өкілдерінің қатысуымен бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс сапарын өткізді.

Мақсат – қаланың тіршілік тамырына айналған инфрақұрылымдардың жағдайын көзбен көру, халықтың үнін есту, сол жерде көтерілген мәселелерді назарға алу.

Маршрут мазмұнды болды: спорт кешені, бос уақыт орталығы, қалалық саябақ. Әр мекен өзінше бір сыр, өзіндік үміт пен күтімге мұқтаж тіршілік ошағы.

ҚОЛЖЕТІМДІЛІК – ҚОҒАМ ТАЛАБЫ

Сапардың алғашқы бағыты 11-ықшамауданда бой көтеріп жатқан дене шынықтыру және сауықтыру кешеніболды. Құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр: ішкі әрлеу мен жабдықтау жұмыстары аяқталуға жақын.

Депутаттар нысанды аралап, мердігермен сөйлесті. Қозғалысы шектеулі жандар үшін жасалып жатқан жағдайлар, нысанның инфрақұрылымы мен жұмыс кестесі басты назарда болды.

Кешен ішінде әмбебап спорт залы, күрес пен жекпе-жекке арналған арнайы аймақтар, киім ауыстыратын бөлмелер, жуынатын орындар, жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлеріне арналған бөлмелер қарастырылған. Ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға да лайық жағдай жасалып жатыр, пандустар, арнайы жабдықталған санитарлық бөлмелер орнатылған.

Еден жабындысы да бейжай қалмады: бастапқыда спорттық линолеум төсеу жоспарланғанымен, спортшылар ұсынысымен қауіпсіз әрі төзімді паркетпен ауыстырылды. Бұл өтініш ескеріліп, бүгінде паркет төсеу толық аяқталды.

Алдағы аптада футболшылар қатысатын алғашқы жаттығу өтеді. Егер сынақ сәтті болса, кешендер толыққанды жұмысын бастайды.

ӨНЕР САХНАҒА МҰҚТАЖ

Келесі аялдама – «Орбита» бос уақыт орталығы. Мұнда бүгінде 21 үйірме жұмыс істейді, 350-ге жуық қатысушы бар. Қатысушылар қатарында балабақша бүлдіршіндерінен бастап, зейнет жасындағы азаматтарға дейін бар.

Хор ұжымдары, цирк студиясы, би мен вокал – барлығы бір шаңырақ астында дамып келеді. Дегенмен кең сахнаның болмауы, дайындыққа арналған жеке бөлмелердің жетіспеуі шығармашылық әлеуетті толық ашуға кедергі келтіріп отыр. Орталық басшылығы мәдени нысандарды жаңарту немесе қайта салу мәселесіне қолдау болса дейді. Иә, мұндай жоба үлкен қаржыны талап етеді, алайда шығармашылығы бар қала үшін бұл – болашаққа салынар инвестиция.

ТӘРТІП ПЕН ҚАУІПСІЗДІК АЙМАҒЫ

Мәдениет және демалыс саябағында депутаттар қала әкімі Виктор Ионенкомен бірге аумақты аралап, өзекті мәселелерді талқылады. Күн тәртібінде шомылуға тыйым салынған жерлер, жағажай қауіпсіздігі, ескі аттракциондарды алып тастау, жарықтандырудың жеткіліксіздігі сынды сұрақтар болды Бүгінде бірқатар нысандар жаңартылып үлгерді. Бұрынғы туберкулез диспансерінен жағажайға дейінгі аумақты тазарту, құрғап, қурап қалған ағаштарды кесу, жасыл желекті жаңарту, абаттандыру жұмыстарына қаржы бөлінді.

Су маңындағы қауіпсіздік те басты назарда. Арнайы рұқсат етілген аймақтарда құтқарушылар мен медицина қызметкерлері қызмет атқаруда. Дегенмен тұрғындар тыйым салынған жерлерде шомылуын жалғастырып келеді. Бұл – тек ақпараттық жұмыс емес, әр азаматтың жауапкершілігімен шешілетін мәселе.

Депутаттар көпқабатты үйлердің аулаларын абаттандыру мәселесіне де тоқталды. Тақырып қарапайым көрінгенімен, маңызы зор: лай батпақтың орнын таза жол, ескі әткеншектің орнын қауіпсіз ойын алаңы, қараңғы бұрыштың орнын жарық пен жайлы орын алмастыру керек.

Жоспарға сәйкес брусчатка төселіп, орындықтар, көгалдар орнатылады. Бұл – жай ғана құрылыс емес, өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадам.

Сондай-ақ, Ленин, Парковая көшелері мен Комсомол даңғылын кеңейту жобасы бастау алды. Көлік кептелісі, әсіресе таңертең және кешкісін қала тұрғындарының күнделікті мәселесі. Жоба-сметалық құжаттама дайын, жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізіледі. Бұл жұмыс сапарының басты қорытындысы – істердің аз еместігімен қатар, әлі де атқарылар жұмыстардың жеткілікті екендігін көрсетті. Ең бастысы – халықпен байланыс үзілмеуі керек.

«Біз адамдармен сөйлестік, олардың айтқанын тыңдадық, мәселелерді көрдік, қай бағытта қозғалатынымызды нақтыладық. Кері байланыссыз даму болмайды. Барлық ұсыныстар мен ескертулер ескерілетін болады», – деді қалалық мәслихат төрағасы Азамат Ысқақов.

Қала тек бетон мен асфальт емес. Қала – көңіл, қамқорлық, жанашырлық. Жаңа өзгерістердің іргесі осы сезімдерден қаланады. Ал депутаттардың бұл сапардан оралған көңіл күйі өзгерістің жақын екендігін аңғартады.

 

Арай АХМЕТ,

суретті түсірген

Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *