Елімізде денсаулық сақтау саласын жаңғырту мақсатында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Цифрлық Қазақстан» жоба аясында мемлекетіміздегі медицина саласы жақсарып, қызмет көрсету сапасы артуда. Аталған жоба Рудный қаласындағы емханасында үздіксіз жұмыс жасайды.
Рудный емханасында 3 жыл бұрын көмек көрсету бұрышы пайда болды. Ол жерде науқастар мемлекеттік электрондық қызметтерді ала алады. Жаңа технология арқылы науқас кез-келген дәрігерге қаралып, анализ жауаптарын бақылауға, еңбекке жарамсыз қағазын алу мен пікір қалдыруға мүмкіндік береді. Бұл бағдарлама уақытты үнемдеу, қашықтықтан құжат алмасу, жұмысты оңайлатуға септігін тигізеді. Емхана қызметшілері халыққа барлық жағдай қарастырылғанын айтады, бар болғаны науқас ЭСҚ кілтін өзімен бірге алып жүруі тиіс.
«Ең тиімді тұсы электронды қызмет бұрышы 1 қабатта орналысқан және күнделікті көмекші қызметкерлер жұмыс жасайды. Жастар өздері пайдаланады, ал егде жастағы емделушілерге көмек көрсетіледі. Емхана қызметтерін алу, көпшіліктін айтуынша қиын, бірақ бізде тіркеу бөлімі, терминал, электронды қызмет бұрышы және call-центр істейді. Қазір жұмыс істеу жеңіл, уақытты үнемдейміз. Бұрын еске алсақ, емделушілер көп болғасын, құжаттар жоғалатын. Қазір болса барлық жеке карточкалар мен құжаттар электронды форматқа көшті»,- дейді «Рудный қалалық емханасы» КМК аға-тіркеушісі Кәмшат Шаухина.
Сондай-ақ, Рудный қалалық емханада, емделушілерге қолдау қызметі жұмыс жасайды. Емделушілерді қолдау және ішкі сараптама қызметі ұйымның медициналық көмек көрсету тәртібі мен стандарттарды бұзу фактілерін анықтауды, дауларды шешіп, оларды талдауды, сондай-ақ емделушілердің өтініштерін күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қарауды жүргізеді.
«Пациентті қолдау және ішкі аудит қызметі, шағымдар мен ұсыныстар қорабынан өтініштер келіп түсуіне қарай жұмыс жасайды. Көптеген адамдар емханада болған кезде қолдау қызметіне жүгінеді. Бүгінгі күні емхана өте үлкен болғандықтан, бізге қаланың 90 000-ға жуық тұрғыны тіркелген. Тиісінше, пациент оған көрсетілген қызметке наразы болған кездер болады. Мысалы, қазір күзде сырқаттанушылардың саны өсті. Сәйкесінше, стандарт бойынша жалпы тәжірибелік дәрігер бір науқасты шамамен 20 минут қабылдау керек, бірақ тек 10 минут уақыт бөлу мүмкіндігі болады»,-дейді «Рудный қалалық емханасы» КМК бас дәрігерінің медициналық бөлім бойынша орынбасары Жандос Рахметов.
Егер, дәрігерге барған кезде сізге сапасыз көмек көрсетсе немесе сұрақтарыңыз, шағымдарыңыз және ұсыныстарыңыз болса, сенім жәшігіне хат жазуға болады. Сонымен қатар, 7-26-79 нөміріне немесе QOLDAU24/7 мобильді қосымша арқылы тікелей әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына хабарласа аласыз.
Сания Сақтаған