Шығармашылық және экологияның үйлесімі

Рудныйда экосөмкелер жасау жобасы сәтті аяқталды

Бүгінгі таңда экология мәселесі адамзаттың басты назарында. Табиғатқа зиян келтіретін қалдықтарды қайта өңдеу, әсіресе, пластик пен полиэтиленнің қоршаған ортаға әсерін азайту – бұл тек табиғатты сақтау ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпаққа таза орта қалдырудың кепілі. Осы мақсатта Рудный қаласында жүзеге асырылған ерекше экологиялық жоба сәтті аяқталды.

2024 жылдың 5 желтоқсан күні басталған бұл жоба полиэтилен пакеттерді қайта өңдеу арқылы экосөмкелер жасауға бағытталған. Жобаға №11 мектеп пен «Рудненский добряк» волонтерлік штабы мұрындық болды. Бүгінде жоба сәтті жүзеге асырылып, қала тұрғындарының, оқушылар мен еріктілердің үлкен қолдауына ие болды.

Бұл бастама кездейсоқ пайда болған. «Рудненский добряк» жобасының жетекшісі Вероника Миннің айтуынша, идея №11 мектептің директоры Айнажан Бурбаевамен кездесу барысында талқыланған. Мектепте осыған дейін де экологияға қатысты жобалар іске асырылып, оқушылардың белсенділігімен ерекшеленген.

— Біз екі акцияны біріктірдік: «Таза Қазақстан» – бұл полиэтилен пакеттерге екінші өмір сыйлау және жыл сайын өтетін «Рудненский добряк» акциясы. Осы сөмкелердің ішінде біздің мекенжайларымызға жаңа жылдық сыйлықтар жеткізілетін болады. Бізді 11-мектеп және Рудный қаласындағы екі аула клубының ұжымдары қолдады. Сол клубтарда да шеберлік сабақтары өтеді. Бұл жоба бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен пакеттерді жинау, содан кейін оларды сұрыптап, жолақтарға кесіп, жіпке айналдырамыз. Кейінгі кезең – тоқу. Мұнда оқушылар мен мұғалімдер ғана емес, алғаш рет қолына ілмек ұстағандар да белсене қатысуда. Бұл жоба — полиэтилен қалдықтарын тұрмыста пайдалы әрі экологиялық таза өнімге айналдырудың бірегей жолы. Енді сыйлықтар экосөмкелерде таратылып, табиғатқа зиянын тигізбейтін қаптамамен берілді. Бұған дейін полиэтилен пакеттерді тек бір рет пайдаланса, енді олар ұзақмерзімді экологиялық өнімге айналды, – дейді Вероника Мин.

Жобаның негізгі мақсаты – экологиялық мәселелерге назар аударту, жастарға табиғатты қорғау идеясын жеткізу және полиэтилен қалдықтарды қайта өңдеудің тиімді әдісін көрсету. Сонымен қатар, бұл бастама балалардың шығармашылық қабілетін дамытумен қатар, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке тәрбиелейді.

 

– Бұл жоба мектеп оқушылары үшін үлкен тәжірибе. Олар тек сөмке жасауды ғана емес, сондай-ақ табиғатты қорғаудың маңыздылығын түсініп келеді. Мектебімізде арнайы экобокстар орнатылған, соған тұрғындар полиэтилен пакеттерін әкеледі. Балалар сол пакеттерді өңдеп, жаңа өнімге айналдырады. Шеберлік сабақтарының барысында балалар бір-біріне көмектесіп, шығармашылық идеяларын жүзеге асыруда. Менің ойымша, әрбір әйел өз қолымен сөмке тоқуды үйренуі керек. Бұл – ежелден келе жатқан шеберлік, әйелге тән қасиет. Осы жобаның ерекшелігі – экологиялық тұрғыда таза өнім жасау. Біз пластик қоқыстарды қайта өңдеп, табиғатқа қамқорлық танытып жатырмыз. Сонымен қатар, бұл – қаражатты үнемдеу тәсілі. Мысалы, өткен жылы біздің оқушылар жасаған сөмкелер экологиялық жобалар байқауында жүлделі орындарға ие болды. Олар тіпті бір полиэтилен пакетінің табиғатқа қаншалықты зиян келтіретінін көрсетті,- №11 мектептің директоры Айнажан Бурбаева.

Бұл жоба қолөнермен айналысуды үйренуге, қолдың ұсақ моторикасын дамытуға, тіпті стресс азайтуға көмектеседі. Сонымен қатар, полиэтилен пакеттерді қайта өңдеу арқылы қала көшелерінде қоқыс көлемі азаяды.

Жоба барысында әрбір сөмке үлкен еңбек пен шыдамдылықты қажет етеді. Шеберлік сабақтарына қатысқан оқушылар экосөмкелерді жасау техникасын меңгеріп, өздерінің шығармашылық қабілеттерін дамытты.

Жоба барысында оқушылар мен еріктілерге полиэтилен пакеттерді қайта өңдеу, олардан жіп дайындау және экосөмке тоқу технологиясы үйретілді. Қарапайым қадамдар арқылы қалдықтарды пайдалы өнімге айналдыру әдісі оқушылар арасында ерекше қызығушылық тудырды.

Жобаға белсенді қатысқан оқушылардың бірі, 9-сынып оқушысы Елена Худякова былай дейді:

«Бұл жобаның ең маңыздысы – оның экологиялық мәні. Біз полиэтилен пакеттерден экосөмкелер жасауды үйрендік. Бір сөмке жасауға орта есеппен 10-12 пакет жұмсалады. Бір жағынан, бұл еңбекқорлықты талап етеді, екінші жағынан, шығармашылық қабілетімізді арттырады. Жобаның арқасында біз табиғатты қорғауға өз үлесімізді қосып, сонымен бірге ерекше дағды үйрендік. Менің бұл жобаға қатысуым – үлкен тәжірибе болды. Біз полиэтилен пакеттерді кесіп, оларды жіпке айналдырдық. Алғашқы кездері қиын болғанымен, кейіннен қызықты әрі пайдалы іс екенін түсіндік. Әрбір сөмке – бұл біздің еңбегіміздің жемісі. Мұндай жобалар жастарды экологиялық мәселелерге бей-жай қарамауға үйретеді».

Экосөмке жасау – тек қолөнер ғана емес, сонымен қатар экологиялық мәселелерге деген шығармашылық көзқарас. Мұндай жұмыстар балалар мен ересектерге экологияға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға көмектеседі. Экосөмке жасау жобасы – бұл табиғатқа қамқорлық көрсетудің тамаша үлгісі. Бұл бастама Қазақстанның басқа да қалаларына таралып, экологияны сақтау мәдениетін дамытуға өз үлесін қоса алады. Бұл сөмкелер тек экологиялық таза ғана емес, тұрмыста өте пайдалы. Олар ұзақ уақыт қолдануға жарамды және сыйымдылығы жоғары. Жоба жетекшілері мұндай өнімдердің болашақта басқа да әлеуметтік және мерекелік шараларда қолданылатынын айтады.

Жобаға тек оқушылар ғана емес, бүкіл қала тұрғындары белсенді атсалысты. Қаладағы барлық аула клубтары мен қосымша білім беру мекемелерінде арнайы экобокстар орнатылды. Бұл бокстарға тұрғындар полиэтилен пакеттерін жинап, қайта өңдеу процесіне өз үлестерін қосты.

Қаланың маңындағы Перцевка, Қашар және Горняцкий ауылдарының мектептері де жобаға қосылып, өз шеберлік сабақтарын ұйымдастырды. Алдағы уақытта мұндай бастаманы облыс деңгейінде жүзеге асыру жоспарлануда.

«Рудненский добряк» – он жылдан бері жалғасып келе жатқан қайырымдылық бастама. Жоба аясында аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарттарға және басқа да мұқтаж жандарға көмек көрсетіледі. Ал полиэтилен пакеттерден экосөмке жасау жобасы бұл қайырымдылыққа экологиялық мән қосып, ерекше сипат берді.

 — Экологиялық тәрбиенің маңызы өте жоғары. Балалар мен ересектердің табиғатты қорғауға деген көзқарасын өзгерту – біздің басты мақсатымыз. Бұл жоба арқылы біз тек табиғатты сақтап қана қоймай, қоғамға пайдалы болудың жаңа қырын көрсеттік,- дейді Вероника Мин.

Рудныйда басталған бұл ерекше бастама – экологияға және қайырымдылыққа қосқан үлкен үлес. Табиғатқа деген қамқорлық пен қоғамның санасын арттыруға бағытталған жоба тек қала деңгейінде ғана емес, бүкіл елге үлгі бола алады. Экологиялық бастаманы қолдау – табиғатқа деген құрметтің көрінісі. Қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоршаған ортаға зиян келтірмей, болашақ ұрпаққа таза әлем қалдырайық!

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *