18 қазан – Рухани келісім күні. Халықаралық мереке алғаш рет 1992 жылғы 18 қазанда өткізілді. Содан бері бұл күн қазақстандағы әлеуметтік маңызды күндердің бірі болып саналады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері атаулы күн адамгершіліктің, толеранттылықтың және түсінушіліктің символы ретінде және жақынына қайырымдылық жасап, көмек көрсету күні болып жыл сайын атап өтіледі. Осыған орай «Рудный орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» ММ мемлекеттік тілдегі кітапхананың оқу залында ауқымды іс-шара өтті.
Жиын рухани адамгершілік тақырыбын көтерген конференция түрінде болды. Шақырылған қонақтар қатарында Нұр мештінінің бас имамы Сабыржан Есмурзин, М.Дулатов атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9 сынып оқушылары, «Кездесу» клубы және «Дәстүрге жол» аналар жобасы болды. Қонақтардың назарына кітапхана қызметкерлері дінге байланысты кітап көрмесін, бейнероликтер мен сұрақ-жауап викториналарын ұсынды.
«Бұл бастамасы ғана, біздің кітапханада әртүрлі тақырыптарға жоспар бойынша іс-шаралар өткізіледі. Рухани келісім тұрақтылық күніне келіп отырған балаларымызды сүйіспеншілікке, әдетілікке, татулыққа, достыққа тәрбиелеу мақсатында жиналып отырмыз»,- деді кітапхана қызметкері Нұрсәуле Төлегенова.
Бүгінгі конференцияның мақсаты оқушыларға мейрам туралы және ынтымақ пен инабаттылық, бірлік туралы мәлімет бере отырып, оны бойына сіңіру, мейірімділікке, кішіпейілікке баулу, өздерін көпшілік жерде қалай ұстауды және сөйлеуді, бір келісімге келуге, сөйлеп жатқан адамды тыңдай білуді үйрету. Оған қоса имандылыққа үйрету, «Нұр» мешітінің жұмысымен таныстыру үшін бас имам Сабыржан Есмурзин арнайы қонаққа келді.
«Қазақстан егемендігін алғаннан бастап «толеранттылық» деген сөзді насихаттап келеді. Жалпы бұл ұғым біздің халыққа сай болып келген. Қазақ әрқашан қонағын төрге шығара білген халық. Ерте заманда өз жауымен кездесіп бір дастарханда отырып қалса, оны төрге шығарған. Біз өзге ұлтпен әрқашан татулықта өмір сүрген, ешкімнің ала жібін аттамай, бірінші болып соғыс бастамайтын халықпыз. Мешіттерімізге келетін болсақ, біздің дінімізді құрметтейтін кез келген ұлтқа есігіміз ашық. Ал құрметті оқушылар, қазіргі уақытта мешітіміз қоғам ішіндегі елдің елдігін, халықтың бірлігін сақтайтын мекемелердің бірі. Сіздерді мешітке келуге, онымен танысуға шақырамын. Кез келген туындаған сұраққа жауап береміз. Айтарым, ғаламтор порталдар мен әлеуметтік желілерден мәлімет іздемей, ұстаздардан сұраған жөн. Өйткені, қазір көпшілік әлеуметтік желілерге тәуелді болып қалып, түрлі діни ағымдарға кіріп кетуі мүмкін»,- дейді Рудный қалалық «Нұр» мешітінің бас имамы.
Сондай-ақ, жасөспірімдердің көп пайызы әлеуметтік желілерге тәуелді болып, социапатия ауруларына шалдығып жүргеніне тоқталды. Сұрақ қоюға, адамдармен диалог жүргізуге қорқатын жастар бар екенін айтты. Оны болдырмау үшін дұрыс тәрбие беріп, жастарды кітап оқуға, білімге ұмтылуға шақырды. Себебі, дұрыс білім – ол болашақтың кілті. Конференция соңында қарт кісілер өскелең ұрпаққа сөз, тілектерін айтты. Ал кітапхана қызметкерлері «сұрақ-жауап» сайысын жүргізіп, барлығын сергітіп алды.
Мемлекеттік тілдегі кітапхана еліміздегі атаулы күндері түрлі іс шараларды ұйымдастыруға асық. Алдағы уақытта 25 қазан республика күнін және 15 қараша ұлттық валюта күндерін тойламақшы. Жастардың бойына білім мен кітапқа деген сүйіспеншілікті баулу басты міндеттердің бірі дейді кітапхана қызметкерлері.
Сания Сактаган