Экологиялық білім – басты мақсат

EcoQuiz Рудныйда: «Таза Қазақстан» акциясы аясында интеллектуалды сайыс өтті

Рудный қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында кезекті эко-куиз өтті. Бұл жай ғана викторина емес, жасөспірімдердің экологиялық сауатын арттыруға бағытталған ауқымды білім беру жобасы. Аталмыш іс-шараны «Поколение KZ» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып, оған «ССКӨБ» АҚ Қоршаған ортаны қорғау бөлімі қолдау көрсетті. Жоба менеджері Геннадий Ипатовтың айтуынша, мұндай бастамалар оқушылардың тек білімін кеңейтіп қана қоймай, қоршаған ортаға деген саналы көзқарасын қалыптастырады.

—  Бүгінгі сайысқа 13 мектеп командасы мен 1 мұғалімдер тобы қатысты. Дәстүрлі түрде Рудный мен Қашар мектептері бұл ойынға белсенді түрде қатысады. Биыл бізге Перцевкадан да команда қосылды. Біз қатысушыларға барынша қолдау көрсетіп, көлікпен қамтамасыз етіп, олардың дамуына, қарым-қатынас орнатуына және жаңа білім алуына жағдай жасауға тырысамыз. Өйткені, мұндай іс-шаралар тек білім сынағы емес, командалық рухты қалыптастырып, ойлау қабілетін дамытады, – деді Геннадий Ипатов.

Эко-куиз төрт жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде ол экология, география, Қазақстан тарихы және басқа да пәндер бойынша білім тексеретін нағыз зияткерлік турнирге айналды. Жарыстар іріктеу кезеңдері түрінде өтеді. Әр ойында жеңіске жеткен команда автоматты түрде финалға өтеді, ол Жаңа жыл қарсаңында өтеді.

—  Бұл жүйені біз бір команданың бірнеше рет жеңіске жетуіне жол бермеу үшін жасадық. Осылайша, қатысушылардың қызығушылығы артып, білімдерін жетілдіруге ынталандырылады. Біздің ойындарымыз әділ және объективті өтеді. Жарысты бақылайтын қазылар алқасы бар. Біз сұрақтарды әртүрлі деңгейде дайындаймыз, осылайша тәжірибелі ойыншылар да, жаңадан қатысушылар да қызығушылық танытады. Ең қуаныштысы – жаңа, мықты командалардың пайда болуы. Бұл біздің жобамыздың дұрыс бағытта дамып жатқанын көрсетеді, – деп атап өтті Ипатов.

Қатысушылар эко-куизді білім алудың тиімді құралы деп санайды.

—  Біз бұл ойынға екінші жыл қатысып отырмыз. Сайыс қызықты өтеді, сұрақтар өте ерекше. Біз тек мектеп бағдарламасы бойынша ғана емес, өмірде қажет болатын көптеген қызықты мәліметтерді үйренеміз. Мысалы, соңғы ойындардың бірінде Қазақстандағы сирек кездесетін өсімдіктер туралы сұрақ болды. Мұндай ақпаратты оқулықтардан табу қиын, бірақ қазір біз бұл туралы білеміз, – деді №4 лицей 10-сынып оқушысы Альбина Жаншыбаева.

Альбинаның айтуынша, олар бір сыныптың оқушылары болғандықтан, команда құрамын өзгерту қиын емес.

— Арамызда жақсы ойнай алатын балалар бар, сондықтан жыл сайын мықты құрам жасақтаймыз. Біздің сынып өте белсенді, экологиялық іс-шараларға жиі қатысамыз, ағаш отырғызу, сенбіліктер өткізу сияқты жұмыстармен айналысамыз. Бізде арнайы дайындық сабақтары жоқ, бірақ көптеген оқушылар энциклопедиялар мен ғылыми мақалаларды оқиды, экологиялық жаңалықтарды қадағалайды. Тіпті әлеуметтік желілер де көмектеседі – кейде TikTok пен Instagram-да кездесетін қызықты фактілер осы ойын сұрақтарында кездесуі мүмкін, –-  деп бөлісті Жаншыбаева.

Ұйымдастырушылар эко-куиздің тек жарыс қана емес, жас ұрпақтың экологиялық сауатын арттыратын платформа екенін ерекше атап өтті.

—  Біздің басты мақсатымыз – тұрақты дамуды насихаттау. Балалар экологияны тек мектеп пәні ретінде ғана емес, күнделікті өмірдің маңызды бөлігі екенін түсінсе дейміз. Біздің іс-шараларымыз жас ұрпақтың табиғатқа, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған. Интеллектуалдық ойындар табиғи бәсекелестікке негізделген. Бұл – нағыз спорт. Қатысушылар жеңіске жетуге ұмтылады, дайындалады, оқиды, өз білімдерін жетілдіреді. Бірнеше жыл қатарынан ойнап жүрген балалар экология, Қазақстан тарихы мен географиясы бойынша нақты білім алып, өздерінің интеллектуалдық деңгейін арттырғанын байқайды, – дейді Геннадий Ипатов.

Эко-куиз – «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылып жатқан кешенді экологиялық жобаның бір бөлігі.

—  Біз бұл жобамен бірнеше жылдан бері айналысып келеміз. Қалалық және республикалық деңгейдегі экологиялық шараларға белсенді қатысамыз. Біздің басты серіктесіміз – «ССКӨБ» АҚ Қоршаған ортаны қорғау бөлімі. Олар бізге экологиялық тәрбие, ағаш отырғызу, қаланы көгалдандыру, өзен-көлдерді тазарту сияқты іс-шараларда үлкен қолдау көрсетеді,– деп атап өтті Ипатов.

Келесі эко-куиз сәуір айында өтеді. Ұйымдастырушылар қатысушыларды жаңа қызықты сұрақтар, пайдалы білім мен командалық жарыс күтетінін уәде етеді.

—  Біз әр ойынға 13 команда шақыруға мәжбүрміз, себебі Рудныйда үлкен зал жоқ. Бірақ біз үлкен мақсат қойып отырмыз – болашақта сайысты кең залда өткізу, барша қала оқушыларын қамту. Сондай-ақ, казақ тілінде ойын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағытта 15-мектептің ұстаздары мен белсенді оқушылары көмек көрсетуге дайын, – дейді ұйымдастырушылар.

 

Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,

суретті түсірген

Сұлтан СЕРТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *