Рудныйлық оқушылар экологияны жақсартуға үлес қосуда
Рудный қаласындағы №1 мектептің оқушылары ерекше экологиялық жоба дайындап, оны іске асыруға кірісті. Бұл жоба қоқысты бөлек жинау арқылы табиғатқа қамқор болуды және экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.
Оқушылар өз идеяларын қыркүйек айында Рудный индустриялық университетінде өткен экологиялық форумда таныстырып, жүлделі орынға ие болды. Енді олар жобаны мектеп ішінде жүзеге асыруды бастап кетті.
Форумға қаланың белсенді жастары, мектеп оқушылары, колледж және университет студенттері қатысты. Қатысушылар экологияны жақсартуға бағытталған жобаларын қорғап, өз идеяларын ортаға салды. №1 мектептің командасы ерекше көзге түсті. Олар әр сыныпта қағаз бен пластик қалдықтарын бөлек жинауға арналған арнайы жәшіктерді (экоурналарды) орнатуды ұсынды. Бұл жоба өзектілігімен және нақты шешімдер ұсынуымен ерекшеленді.
Жобаның ерекшелігі неде?
Форумда көптеген жобалар ұсынылды: жасыл желектерді көбейту, табиғи шыршаларды жасанды шыршалармен алмастыру, қоқысты қайта өңдеу және тағы басқа идеялар талқыланды. Бірақ №1 мектеп оқушыларының жобасы өзінің қарапайымдылығы мен іске асыру мүмкіндігі арқылы жоғары бағаланды. Жобаның негізгі артықшылықтары мыналар:
- Қолжетімділігі – үлкен қаржылық шығындарды қажет етпейді. Экоурналар қарапайым материалдардан, соның ішінде картоннан жасалған.
- Ұзақмерзімділігі – жоба бір күндік немесе уақытша бастама емес, мектеп ішінде тұрақты түрде іске асады.
- Өзін-өзі ақтауы – қоқысты қайта өңдеуге тапсырудан түскен қаражат жаңа экоурналарды жасауға немесе экологиялық белсенді оқушыларды марапаттауға жұмсалады.
Жоба әзірге тек №1 мектептің ішінде жүзеге асырылып жатыр. Егер оқушылар бұл жобаны табысты іске асыра алса, болашақта оны Рудный қаласындағы басқа да мектептерде енгізу жоспарланып отыр.
Жастардың белсенділігі қуантады
Жобаның авторлары – мектептің онкластары. Олардың жобасын ұйымдастыруда география пәнінің мұғалімі және экология үйірмесінің жетекшісі Андрей Иванов бағыт-бағдар берді. Дегенмен, негізгі жұмысты оқушылар өз беттерімен атқарған. Андрей Иванов бұл жобаның маңыздылығын атап өтті:
– Қыркүйек айында өткен форумда біздің оқушыларға экологияға қатысты жоба әзірлеу тапсырылды. Бірнеше күн бойы олар әртүрлі идеяларды қарастырды. Жасыл желектерді көбейту, саябақтарды көгалдандыру сияқты ұсыныстар болды. Бірақ қоқысты бөлек жинау жобасы ең тиімді және оңай іске асатын жоба деп танылды. Жобаны іске асыру үшін үлкен қаржы қажет емес. Оған қоса, бұл бастама қоршаған ортаны жақсартуға нақты үлес қосады. Ең бастысы – бұл жоба ұзақмерзімді және өзін-өзі қамтамасыз етеді. Қоқысты қайта өңдеуге тапсыру арқылы жиналған қаражат жаңа экоурналарды сатып алуға немесе экоактивистерді марапаттауға бағытталады.
Мұғалімнің айтуынша, оқушылар бұл жобаны өздері қорғаған. Қорғау кезінде оларға мұғалімдер көмектескен жоқ, бұл толығымен оқушылардың бастамасы мен жауапкершілігі.
Жобаны дайындау барысында оның кемшіліктері де ескерілді. Солардың бірі – барлық оқушылар қоқысты дұрыс сұрыптауды біле бермейді. Осы мәселені шешу үшін экоотряд құрылды. Бұл топқа жоба авторлары, яғни онкласс оқушылары мен мектептегі экология үйірмесінің мүшелері кірді. Олар қоқыс жәшіктерін бақылап, қажет болған жағдайда қалдықтарды қайта сұрыптайды. Сонымен қатар, экоотряд мектеп оқушыларымен және мұғалімдерімен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Рудный қаласында экология мәселелеріне көп көңіл бөлінуде. Қалада қайталама шикізат қабылдайтын арнайы пункттер ашылып жатыр. Дегенмен, мектептер арасында қоқысты бөлек жинау бойынша осындай ауқымды жоба алғаш рет жүзеге асырылуда. Бұл бастама қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында іске асырылып отыр.
№1 мектеп оқушыларының бұл жобасы жастардың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарай бастағанын көрсетеді. Олардың бастамасы басқа мектептерге үлгі болып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Егер мұндай жобалар бүкіл қала көлемінде іске асырылса, Рудный экологиялық тұрғыдан таза әрі жайлы қалаға айналар еді.
Бұл бастама жастардың белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін көрсетіп қана қоймай, олардың өз қаласының экологиясына бейжай қарамайтынын дәлелдейді. Ендігі мақсат – жобаның ауқымын кеңейтіп, қаланың барлық мектептерінде іске асыру.
Арман БЕЙСЕНҰЛЫ,
суретті түсірген Султан СЕРТАЕВ