Экологиялық тәрбиенің жаңа қадамы

5 желтоқсан – Халықаралық еріктілер күні. Осы маңызды күнде Рудный қаласында жаңа экологиялық бастама – полиэтилен пакеттерден экосөмкелер жасау жобасы іске қосылды. Бұл бастама №11 мектеп пен «Рудненский добряк» қалалық волонтерлер штабының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба аясында оқушылар мен волонтерлер полиэтилен пакеттерді қайта өңдеп, олардан тұрмыста пайдалы әрі экологиялық таза сөмкелер дайындайды.

Бүгінде экология мәселесі күн тәртібіндегі басты тақырыптардың бірі. Қалдықтарды қайта өңдеу, пластик пен полиэтиленді азайту – бұл тек табиғатты сақтау ғана емес, болашақ ұрпаққа экологиялық таза орта қалдырудың маңызды қадамы. Осы орайда, №11 мектеп оқушылары мен ұстаздары бастама көтеріп, ерекше жоба бастаған.

Жобаның мәні қарапайым: қала тұрғындары полиэтилен пакеттерді мектептер мен аула клубтарына орнатылған арнайы экобокстарға жинайды. Кейін бұл пакеттер арнайы әдіспен өңделіп, экосөмкелерге айналады. Әр сөмкеге оның жасалуына қанша пакет жұмсалғаны, жасаушының аты-жөні және жұмсалған уақыт көрсетіледі. Бұл тек экологиялық идея ғана емес, сонымен қатар балаларға еңбекке баулу, шығармашылықпен айналысу және жауапкершілік сезімін ояту мүмкіндігі.

– Қазіргі уақытта біздің мектепте полиэтилен пакеттерді жинау жүріп жатыр. Бұл пакеттерден біз сөмкелер тоқимыз, – дейді мектептің 9-сынып оқушысы Елена Худякова. – Бізде бұған дейін де түрлі экологиялық акциялар өткен, мысалы, пластикті жинау. Қазіргі уақытта макулатура жинау акциясы да жүріп жатыр. Жиналған макулатураны қайта өңдеуге тапсырып, түскен қаражатқа жануарларға арналған азық сатып аламыз. Осылайша, біз қала экологиясына ғана емес, жануарларға да қамқорлық көрсетудеміз.

Елена бұл іске тек мектепте ғана емес, үйде де үлкен көңіл бөлетінін айтады:

– Біздің отбасымызда қоқысты сұрыптау жақсы жолға қойылған. Біз қағазды, пластикті, полиэтилен мен металл қалдықтарын бөлек жинап, оларды арнайы қабылдау пункттеріне апарамыз. Сонымен қатар, қолданылған материалдардан түрлі бұйымдар жасаймыз. Мысалы, полиэтиленнен кілемше тоқып, енді экосөмке жасауды үйреніп жатырмыз.

Жоба 15 қарашада басталды. Оны ұйымдастырушылар – «Рудненский добряк» қалалық волонтерлер штабы мен №11 мектеп. Мектептің бұрын экологиялық лицей болғаны белгілі. Қазір де экологиялық тәрбиеге ерекше көңіл бөлінеді.

Бұл бастаманың идеясы кездейсоқ пайда болғанын айтады «Рудный добряк» жобасының жетекшісі, волонтер Вероника Мин:

– Идея мектеп директоры Айнажан Бұрбаевамен кездесу кезінде туған болатын. Мектепте біздің белсенді волонтерлеріміз оқиды. Олардың бірі – Елена Худякова. Ол өте талантты әрі еңбекқор оқушы. Жоба барысында Елена экосөмке тоқу бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастырады. Бұл сөмкелер тек жасалып қоймайды, олар Жаңа жылда сыйлықтарды қаптауға пайдаланылады. Бұрын біз сыйлықтарды полиэтилен пакеттерге салсақ, енді экосөмкелерде тарту етеміз.

«Рудненский добряк» – он жылдан бері жалғасып келе жатқан қайырымдылық жоба. Бұл бастаманың шеңберінде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты қарияларға және басқа да көмекке мұқтаж жандарға сыйлықтар таратылады.

– Біз тек балаларға ғана емес, бүкіл отбасыларға көмектесеміз. Әр отбасының нақты қажеттіліктерін ескеруге тырысамыз. Мысалы, балалардың жынысы мен жасына сәйкес сыйлықтар таңдаймыз. Біздің бюджет үлкен емес, бірақ бізге жыл сайын қолдау көрсететін кәсіпкерлер бар, – дейді Вероника Мин.

Қайырымдылық жоба аясында волонтерлер полиция қызметкерлерімен, мектептермен және қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен тығыз жұмыс жасайды. Соңғы үш жылда «Рудненский добряк» жобасы аясында 267 отбасыға көмек көрсетілді. Олардың әрқайсысында бірден онға дейін бала тәрбиеленуде.

Экосөмкелер жасау жобасы тек №11 мектептің шеңберінде ғана емес, бүкіл қала аумағында жүзеге асырылмақ. Қаладағы барлық аула клубтары мен қосымша білім беру мекемелеріне арнайы экобокстар қойылады. Қала маңындағы Перцевка, Қашар және Горняцкий ауылдарының балалары да бұл жобаға белсенді қатысады.

Сонымен қатар, жобаның жалғасы ретінде шеберлік сабақтары өткізілмек. Оқушыларға полиэтилен пакеттерді қалай өңдеу, олардан сөмке тоқу сияқты дағдылар үйретіледі. Бұл балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, еңбекке баулудың тамаша тәсілі.

Жобаға кез келген рудныйлық қатыса алады. Ол үшін Жастар ресурстық орталығына (50 лет Октября көшесі, 5А) жүгіну қажет. Волонтерлер мұқтаж отбасылардың тізімін ұсынады, сол арқылы қала тұрғындары жаңа жылдық қуаныш сыйлай алады.

Экологиялық және қайырымдылық жобалар – бұл тек табиғатқа немесе адамдарға көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар қоғамның экологиялық санасын арттыру мен өзгеге қамқорлық танытуға тәрбиелеудің ең жақсы тәсілі. Рудныйда басталған бұл бастамалар бүкіл елге үлгі бола алады.

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген  Айбар БЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *