«Экомектеп» – қоршаған ортаны қорғаудың жаңа форматы

Қалалық «Экологиялық құзыреттілік орталығы» қалай жұмыс жасауда?

Экологиялық мәселелер — бүгінгі қоғамның ең өзекті тақырыптарының бірі. Қоршаған ортаның ластануы, табиғи ресурстардың сарқылуы, климаттың өзгеруі сияқты жаһандық проблемалар адамзаттың өмір сүру сапасына тікелей әсер етуде. Осы мәселелерді шешу үшін экологиялық сананы арттыру маңызды. Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы осы бағытта «Экологиялық құзыреттілік орталығы» ретінде оқушыларды экологиялық мәдениетке баулуда.

№7 мектеп-гимназиясының директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ляйля Сайлаубайқызы атап өткендей, экомектеп — бұл оқушыларға экологиялық сауаттылықты үйрететін, қоршаған ортаға қамқорлық жасауға тәрбиелейтін білім беру мекемесі. Мұндай мектептер экологиялық проблемаларды оқыту жүйесінің негізіне қойып, балалардың табиғатқа деген жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған.

— Экологиялық білім беру — оқушыларды табиғатқа деген сүйіспеншілікке, қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жауапкершілікті сезінуге үйрететін маңызды бағыттардың бірі. Біздің экомектепте экологиялық таза технологиялар қолданылады. Олардың ішінде күн батареялары, жел генераторлары, жаңбыр суын жинау жүйелері бар. Мұндай бастамалар оқушыларға экологиялық таза энергия көздерінің артықшылықтарын өз көзімен көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мектеп аумағында жасыл бақтар, жылыжайлар, көкөніс өсіретін учаскелер жұмыс істейді. Балалар өсімдіктерді баптауды үйреніп, табиғатпен тікелей байланыс орнатуда, — дейді Ляйля Искабулова.

Экомектептерде оқушылар өз жобаларын жүзеге асырып, қоғамға пайда әкелетін экологиялық бастамаларды қолға алады. Мысалы, мектеп маңындағы жерлерді көгалдандыру, қоқыс жинау акцияларын ұйымдастыру, су және энергия шығындарын азайту бойынша жобалар жүргізілуде.

Оқушылар экологиялық мәселелерді зерттеу арқылы өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік алады. Бейімбет Майлин атындағы мектеп-гимназиясында түрлі экологиялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі — тұрмыстық қалдықтарға екінші өмір сыйлау. Бұл жоба аясында оқушылар пластик пен қағазды қайта өңдеудің түрлі әдістерін зерттеп, қолдан жасалған бұйымдар мен инсталляциялар әзірлейді.

— Мектеп оқушылары қалалық «Эко-көрме» шарасына белсене қатысып, тұрмыстық қалдықтардан жасалған шығармашылық жұмыстарын таныстырады. Сонымен қатар, мектепте жеміс-жидектерді қолда өсіру жобасы қолға алынған. Бұл жоба арқылы балалар агрономия негіздерін меңгеріп, органикалық ауыл шаруашылығының артықшылықтарын түсінеді, — дейді мектеп басшылығы.

Осы жұмыстардың нәтижесінде мектеп ұстаздары мен оқушылары «Ұлттық Ұстаз» академиясының ұйымдастыруымен өткен «Білім беру Хакатоны-2024» кеңесінде «Экомектеп» жобасының моделін сәтті қорғап, республикалық деңгейде жоғары бағаға ие болды. Бұл мектептің экологиялық білім беру саласындағы жетістіктерінің маңызды көрсеткіші болып табылады.

Қазақстанда экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Бұл бағдарлама қоршаған ортаны қорғау, орман алқаптарын көбейту, қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттыру, атмосфералық ауаның сапасын жақсарту сияқты бірнеше бағытты қамтиды. №7 мектеп-гимназиясының ұжымы мен оқушылары бұл бастамаларға белсене қатысуда.

Қала мектептері осындай бастамаларды бірлесе жүзеге асыру арқылы Қазақстанның экологиялық тұрақтылығына елеулі ықпал ете алады.

 

Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,

суреттерді ұсынған №7 мектеп-гимназиясы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *