«Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Рудный қалалық Ардагерлер кеңесі мүшелері Амангелді мен Жангелдин аудандарына ат басын бұрып, тарихи жерлердің көне атауларын зерделеп, тұлғалардың рухына тағзым жасады.
Амангелді батырдың — 150 жылдығы және ауданның 95 жылға толуына байланысты мерей тойға арнайы мақсатты іс-сапарымен барып қайнасу үшін Рудный қалалық Ақсақалдар Кеңесінің мүшелері халықпен, еңбек ұжымдарымен және жастармен көшпелі кездесу ұйымдастырды. Арнайы жасақталған экспедицияны және ардагерлер құрамын Қостанай өңірлік университетінің философия ғылымдарының кандидаты, Қостанай облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қалқаман Жақып бастады. Экспедиция сапында еңбек ардагерлері Ғабдолла қажы Ахметжанов, Кәкенов Жақсылық, Тілеуғабылов Жаңбыршы, Хасенғали Қамалов, қалалық ардагерлер кеңесінің тексеру комиссиясының төрағасы Ләйла Қапанова, сонымен қатар Ғалымгерей Кенжегозин, Марат Қалжанов бар.
– Батпаққара өңірінің тумасы, белгілі қоғам қайраткері, құрылысшы, жиһангер, саяхатшы, «Бабалар ізімен» ғылыми экспедициясының арнаулы басшысы – Сапар Ысқақұлының ниетті бастауымен салынып жатқан дүниенің жетінші кереметі көп функциональды туристік кешен құрлысын арнайы барып тамашалап, үлкен әсер алғанымызды айта кетуіміз кенрек деп есептеймін. Өйткені, бұл жәй ғана құрылыс емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі біздің қазақ тарихымызға тың серпін сыйлаған тарихи құндылық. Жалпы Амангелді ауданы дүбірлі тойға өте жақсы дайындалған. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа, аудан әкімі Талғат Карбозовқа алғысымыз шексіз. “Бабасы еккенді, баласы орады” дегендей, қасиетті Торғай өңірінде дүниеге келіп, сол ортаның қазақи тәрбиесін өз бойына сіңіріп, бойының қуаты, ойының сауаты мол Рудный қалалық мәслихатының депутаты, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, №7 Рудный қаласы бойынша білім беру ордасының бірегейі қазақ гимназиясының директоры Қымбат Исланбекқызының нақтылы көмегінің арқасында дүбірлі тойға барып келуге мүмкіндік туды. Торғай топырағында туғандықтан болар, өңірдегі ел тарихына сәйкес деректі мәліметтерді ести қалсақ, мүмкіндігінше арнайы барып қатысып, ортасында болып, ел тіршілігімен етене танысып қайтуды перзенттік борышымыз санайтынымыз рас. Есімдері өшпестей болып жазылған, қазақтың елеулі, атақты зиялы қауымының отаны қасиетті Торғай өнірінен алған әсерімізді бірғана хабарламалық, анықтамалық еңбекке сиғызып жазу мүмкін емес», – дейді Жаңбыршы Тілеуғабылов.
Сапар барысында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған жері «Сарытүбек» қонысына табан тіреп, кесенесіне тәу етіп, ата – бабалар рухына құран бағыштады. Ұлт ұстазының мұражай–үйін тамашалап, құнды жәдігерлердің тарихымен танысты. Одан кейін аудан орталығындағы мұражайларды аралады. Артынша, Ы.Алтынсарин атындағы мұражайда тағылымды кездесу өткізді.
– Жангелді ауданында болғанымызда өте жоғары сыйластықпен қарсы алып, ізгі ниетін көрсеткен Жангелді ауданының әкімі Ш.Оспановқа және Е.Алматовқа алғысымыз шексіз. «Өрге жүзген өнегелі ісімен, өрелігі көрініп тұр әр сөйлеген сөзінен» деген Әл-Фараби бабамыз. Аудан орталығындағы бес мұражай кешендерін араладық. Тіріні көрге салар да сөз, өліні тірілте алар да сөз, осы орада айтарымыз мұражай басшысы Гүлбану Құлетқызының елеулі еңбегін атап өтуіміз парыз. Қарт Торғайдың төлтумасы Жақсылық Кәкенұлы Ахмет Байтұрсынұлының мұражайына келгенде ұлы ұстаздың «Қарғаш» әнін тамылжыта орындады. Біздің басты мақсатымыз- тарихи өлкелерді аралап, құнды жәдегерлерді жинақтап, жас ұрпақтың санасына сіңіру. Сонымен қатар, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекет саясатын жүзеге асыру. Осы мақсатта ұлтаралық келісім мен халық бірлігін нығайту және сақтау, қоғамды біріктіру үшін ізденіспен жұмыс жасап жатырмыз. Ең маңыздысы қазақ халқының салт – дәстүрлері дәріптей отырып, ұрпақ сабақтастығын қаз қалпында сақтауымыз керек», – дейді Жаңбыршы Тілеуғабылов.
Қалалық Ардагерлер кеңесінің аудан жастарымен кездесу барысында, ана тіліміздің мәртебесі қашанда биікте тұратының тілге тиек етті. Оны қастерлеп құрмет тұту әр азаматтың парызы екенін еске салды. Сондай – ақ, жастармен пікір алмасып, сауалдара дұрыс жауап тапқан жастарға естелік сыйлықтар табыстады.Жаңа Қазақстанның гүлденуі жолында ел тарихындағы елеулі оқиғалардың межесіне сай аталып өтілуі және әр тұрғынның өз үлесін қосуы әрқашан маңызды болып қалмақ.
Гүлім Мұрат