«Ғасырға жуық ғибрат ғұмыр»

Рудныйда Қасымқайыр Қазыбайұлымен тағылымды кездесу өтті

Қоғамда тұлғаның орны — оның жасаған еңбегі мен ұрпаққа қалдырған өнегесімен өлшенетіні сөзсіз. Осы орайда Рудный қаласында рухани құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен тағылымды кеш өтті.

Рудный қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің мемлекеттік тілдегі кітапханасы «Әдеби қолтаңба» жобасы аясында ұйымдастырған бұл шара — қаламыздың құрметті азаматы, еңбек ардагері, кенші, әрі жергілікті ақын Қасымқайыр Қазыбайұлы Дүйсенбаевтың 95 жылдық мерейтойына арналды.

Бұл шара 2025 жылдың — «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жариялануына орай, қарапайым еңбек адамын ұлықтап, оның өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету мақсатында өткізілді. Аталмыш шараның атауы да терең мағыналы — «Ғасырға жуық ғибрат ғұмыр». Бұл — еңбекпен есейіп, парасатпен өмір сүрген бір адамның тағдыры ғана емес, тұтас бір дәуірдің шежіресі.

Кешке қатысқан құрметті қонақтар қатарында Рудный қаласы әкімінің орынбасары Сәкен Балғабайұлы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жанна Ерманқызы, қоғам қайраткері Жақсылық Какенов, тіл жанашыры, қаламгер Жаңбыршы Тұқатұлы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәлімгерей Сұлтанғазыұлы, қаламгерлер Қабдолла Ахметжанов мен Сүндет Молдашев, сондай-ақ белгілі журналист, Рудный қаласының құрметті азаматы Арман Сәбитбекұлы болды.

Кеш шымылдығы «Кездесу» клубының мүшесі, «Жадыра» вокалдық ансамблінің әншісі Шәмшия Қайыркенованың орындауындағы «Ағаларым» әнімен ашылды. Көрермен көңілін тербеген бұл туынды — кеш иесіне деген құрметтің көркем көрінісі іспетті болды.

Қасымқайыр Қазыбайұлының өмір жолы — нағыз еңбек пен ерлікке толы тағылым мектебі. Ол 1930 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тап келіп, небәрі 11 жасында еңбек майданына араласады. 1946 жылы 15 жасында «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Бұл — оның болашақта қандай еңбек адамы болатынының айғағы еді.

Мектепті үздік аяқтап, Алматы тау-кен институтына түсіп, инженер мамандығын алған Қасымқайыр ата 1956 жылдан бастап Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатында еңбек жолын бастайды. 40 жыл бойы осы алып өндіріс ошағында түрлі лауазымдарда табанды еңбек етеді. Алдымен кен шебері, кейін учаске бастығы, бас инженер, кеніш басшысы қызметтерін абыроймен атқарған. Ерен еңбегі үшін «Ленин» ордені, «Құрмет белгісі» ордені және басқа да мемлекеттік марапаттарға ие болды.

Оның есімі тек еңбекпен ғана емес, ақындық өнерімен де ел есінде. Қасымқайыр атаның «Жырларым менің», «Өмір тағдыр құдіреті», «Тарих тағдырынан үзінділер», «Өмірімнің де, өнерімнің де ғұмырнамасы» атты жыр жинақтары — оның рухани әлемінің айнасы. 2023 жылы жарық көрген «Ғасырға жуық ғибрат ғұмыр» атты кітабы — тұтас өмір жолының көркем шежіресі іспетті.

Кеш барысында оқушылар мен студенттер ақын өлеңдерін жатқа оқып, шығармашылығына терең бойлады. Сахнада «Алтын домбыра» студиясының өнерпаздары күй тартып, «Жадыра» вокалдық ансамблі «Рудный» әнін орындады. Бұл әннің сөзі де Қасымқайыр Дүйсенбаевқа тиесілі.

Кеш соңында ақынға шағын сый-сыяпат табысталып, қатысушылар ақ батасын алып тарқасты. Ақын өзінің жүрекжарды тілегін айтып, жастарды елге адал қызмет етуге, білім мен еңбекті серік етуге шақырды.

Бір адамның өмірі — тұтас дәуірдің айнасы. Қасымқайыр Қазыбайұлының өмір жолы — адал еңбек пен адамгершіліктің, елге деген сүйіспеншіліктің үлгісі. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, мұндай кештер — өскелең ұрпақтың жүрегіне ұлттық рух пен қадір-қасиетті дарытатын, өткенді танып, болашаққа жол сілтейтін ерекше рухани мектеп болмақ.

 

Аякөз ҚОЖАБЕКОВА,

суретті ұсынған қалалық мемлекеттік кітапхана

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *