Қазақстанда баспана бағасы 15 пайызға өсуі мүмкін

Қазақстанда тұрғын үй бағасы бастапқы және қайталама нарықта айтарлықтай өсуі мүмкін. Бұған құрылыс саласына 12 пайыздық қосылған құн салығын қайта енгізу жоспары себеп болып отыр. 

Тұрғын үй бағасының қымбаттауы туралы сыбысқа жылжымайтын мүлікті сату кезінде қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатуды жою туралы жаңалық себеп болған. Салық мөлшері – 12 пайыз.

Елдегі құрылыс компаниялары сонау 2001 жылы бұл салықтан босатылған. Осылайша үкімет үйдің бағасын арзандатпақ болды. Алайда Экономика министрлігі жақында оның тиімділігі шамалы екенін мәлімдеді. Өйткені 2001 жылдан бастап су жаңа баспананың құны 21 есе қымбаттапты.

«Жаңа баспананың да, қайталама тұрғын үйдің де құны жыл сайын өсіп жатыр. ҚҚС-ты алып тастау шарасы алға қойған мақсатына жеткен жоқ, яғни тиімсіз. Жеңілдіктен баға төмендей қойған жоқ, демек құрылыс компаниялары тек табыс табуды көздейді. Құнды қалыптастырудың нарықтық жолдарын ескерсек, жеңілдікті жою бағаға айтарлықтай әсер етпейді», — деді министрлік өкілдері.

Сарапшылар керағар пікірді ұстанады. Олар келер жылдан бастап енгізілетін жаңа салық нормасы бағаға кері әсер ететініне сенімді.

«Қазір құрылыс компаниясы үй салып, орта есеппен 15 пайыз пайда табады. Егер 12 пайыздық салық енгізілетін болса, құрылыс компаниясы нөлге жұмыс істейді деген сөз. Сондықтан оларда екі-ақ бағыт бар: пайдасыз істейді немесе шаршы метр бағасын көтереді», — деді Қазақстан құрылысшылар одағы Астана филиалының директоры Вячеслав Лазарев.

Ешкім тегін жұмыс істегісі келмейтінін ескерсек, құрылыс комппниялары екінші нұсқаны таңдайтыны белгілі. Ал жаңа салынған үйлер бағасы аспандайтын болса, сәйкесінше, ескі үйлердің құны да қатарласып қымбаттайтынына риелторлар сенімді, өйткені тұрғын үй нарығындағы бағаның қымбаттағанын көрген үй иелері соған қарай үй бағасын көтереді.

«Олар тұрғын үй кешендерінің бағасының көтеріле бастағанын және оның жеткілікті мөлшерде өскенін көре сала өз пәтерлерінің бағасын көтере бастайды. Біздің нарық үнемі солай жұмыс істейді. Құрылыс салушылар қазірдің өзінде осы 12 пайызда тұрғын үй құнына салады. Ал бұл кімге әсер етеді? Бұл түпкілікті тұтынушыға, яғни сатып алушыға әсер етеді», — деп түсіндірді жылжымайтын мүлік агенттігінің сату бөлімінің басшысы Камиль Бакиев.

Тұрғын үй нарығының қандай өзгеріске ұшырайтынын уақыт көрсетеді. Бірақ дәл қазір пәтер бағасы айтарлықтай тұрақталып қалды, дейді риелторлар. Алматыда 40 шаршы метр бір бөлмелі пәтердің құны шамамен 25-30 миллион теңгенің төңірегінде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *