Сенат кулуарында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатов заңды некедегі қазақстандықтар 1000 АЕК көлемінен асып кеткен қарыз алатын болса, жұбайының келісімімен алуға міндеттелетінін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
«1000 АЕК көлемінен асатын несие алатын болса, некедегі азаматтар жұбайының рұқсатын алуы керек. Неге 1000 АЕК деген шек қойдық. Себебі өмірде әртүрлі жағдайлар болады. Аяқ астынан ақша қажет болуы мүмкін. Ал жұбайы шетелде болса, олардың келісімін алу қиын болады. Оның ішінде денсаулығына байланысты тез ақша керек болып қалуы мүмкін. Осы мәселелерді ескеріп, біз 3 700 000 теңге жедел қажет болатын қаржылық проблемаларды шешуге жеткілікті деп ойлаймыз», — деді ол.
Агенттік төрағасының сөзінше, бұл өзгерістен несие көрсеткішінің мөлшері азайып немесе көбейіп кетпейді.
«Жалпы несие көлемі азайып кететіндей үлкен өзгеріс күтіп отырған жоқпыз. Қарыз алуда ойланып әрекет етуге ықпал етеді деп ойлаймыз», — деді ол.