Қазақстанда Миннесота дипломын алуға мүмкіндік беретін оқуға құжат қабылдау басталды

Әйгілі оқу орны Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-мен ынтымақтастық туралы келісімге келген болатын.

2023 жылдың қыркүйегінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті мен АҚШ-тың Миннесота университеті арасында алғашқы келіссөздер өтті. 2024 жылдың сәуірінде Миннесота университеті облысқа жұмыс сапарымен келді. Кездесу қорытындысы бойынша ЖОО-лар 6b06104 Computer Science білім беру бағдарламасы бойынша қос дипломды білім беруді іске асыру туралы келісім жасасты.

Құжаттарды қабылдау биыл 22 шілдеде басталды.

«АҚШ-тың Миннесота университеті білім беру және ғылыми зерттеулер сапасы бойынша әлемдегі ең жақсы университеттердің қатарына кіреді. Мәселен, әлемдік жоғары оқу орындарының рейтингінде ол 156-орында, АҚШ-тың үздік университеттерінің рейтингінде – 38-орында. Екі университеттің қос дипломдық бағдарламасы қазіргі заманғы еңбек нарығының халықаралық тәжірибесі мен әлемдік стандарттарына сәйкес келетін білімі, сондай-ақ ғылыми зерттеулер мен инновациялық қызмет дағдылары бар жоғары білікті IT-мамандарды даярлауға бағытталған. Бұл бағдарлама студенттерге әлемдік деңгейде білім алу арқылы кәсіби дамуға үлкен мүмкіндіктер береді», – делінген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ хабарламасында.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *