Министр бүгінде елімізде мүмкіндігі шектеулі 732 мың адам тұратынын, бұл халықтың жалпы санының 3,6%-ын құрайтынын атап өтті.
«Оның 57%-ы еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 27%-ы зейнеткерлік жастағы адамдар, 15% — балалар. 18 жастан асқан жастар арасында аурудың нозологиялық формаларының құрылымында психикалық бұзылулар, қан айналымы жүйесінің аурулары, барлық локализацияның жарақаттары басым. Ал балалар мүгедектігі бойынша жүйке жүйесінің аурулары, туа біткен ақаулар, психикалық бұзылулар басым», — деді Светлана Жақыпова.
Оның айтуынша, жүргізілген талдау соңғы үш жылда балалардың мүгедектігі 11%-ға өскенін көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі балалардың көпшілігі 7 жастан 18 жас аралығында.
«Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығыстар базалық және міндетті деңгейде жүзеге асырылады. Жыл сайын республикалық бюджет пен мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының жиынтық шығыстары шамамен 22%-ға ұлғаяды. Биыл олар 748,5 млрд теңгені құрады», – деді министр.