Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрден жаңылмады. 1 қыркүйек күні елорда төрінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Жиында Президент кезекті Жолдауын жариялады.
Биылғы тақырып — «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары». Жолдауда айтылған жаңа міндеттер мен тақырыптарға қатысты бүгінгі сұқбатта облыстық және қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі, тіл жанашыры Жақсылық Кәкенов өз ойымен бөлісті.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті жолдауы 1 қыркүйек білім күнімен сәйкес келіп отыр. Бұл қуантатын жағдай, себебі: біздің жастарды, оқушыларды, ұстаздарды қолдап жатқаны деп есептеймін. Жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Жақсылық Кәкенұлы, бұл кезекті Жолдаудың басты мақсаты қандай?
– Жолдаудың негізгі мақсаты — әділетті Қазақстанды дамыту және көркейту. Ол үшін әжептәуір стратегиялық жоспарларды іске асыру керек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек», – деп өз Жолдауын бастады. Шын мәнінде азаматтардың дамуға деген ниет болмаса, алға қойған жұмыстың бәрі бекер. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ.
Басты назарда қандай мәселер болды?
Президент өнеркәсіпті, экономиканы дамытуға арналған іс-шараларды ұйымдастыру, объектілерді салу секілді нақты салалар бойынша өзекті мәселелерге тоқталды. Сауда-саттыққа қатысты озық тәсілдердің еліміздің өнім өндірушілеріне толық қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды екенін бәріміз білеміз. Осы орайда ел басшысы жергілікті әкімдіктерді шағын және орта бизнесті қолдауға шақырды. Ұлттық сауда жүйесімен ғана тұйықталып қалуға болмайды. Бизнеспен бірлесіп, мықты аймақтық тауар-шикізат биржасын құру мәселесін пысықтау қажет деп экономикаға қатысты көптеген мәслелер көтерілді. Жолдау еліміздің стратегиялық дамуына, 2029 жылға дейін масштабты жоспарлар қарастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде тіл, білім мәселелерін бірнеше рет қозғады. Осы жайында не айта аласыз?
Қазақстан Президенті: «Мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан ең алдымен, оған өзіміз құрмет көрсетуіміз керек» деп айтқан болатын. «Елдің тұрмысын,тілін,мінезін білмеген кісі – көш басын алып жүре алмайды» — деген екен Алаш арысы Әлихан Бөкейханов. Ал, билік органдарында отырған басшылар мемлекеттік тілді меңгеруі абзал. Білім бөліміне келетін болсам, қазіргі кезде оқушыларға, жастарға үлкен мүмкіндіктер ашылып жатыр. Қазір біртұтас жүйе жоқ екенін айтты. Осыған орай, бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды. Бұл бағдарлама мемлекеттен бастапқы білім беру капиталына төйленетін жәрдемақыны көздейді. Өте жақсы, себебі жастар біздің келешегіміз, болашағымыз, оларға көп сенім артамыз. Сондықтан олар жұмыспен қамтылып, ел қатарлы еңбек ету керек. Сонымен қатар, Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті деп санаймын. Бұл өзгермейтін аксиома. Ұрпағының болашағын ойлаған әрбір ата-ана баласын қазақ тілді мектепке беруі керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бала-бақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет екенін айтқан болатын.
Қаламыздағы мемлекеттік тіл дәрежесін көтеру мақсатында жоспарланған іс-шараларға тоқталсаңыз.
Қазіргі уақытта мемлекеттік тілді насихаттау, қоллдану аясын кеңейту мақсатында көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Біздер куәгеріміз. Қыркүйектің 5-і ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі, жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлының туған күні және Қазақстан халқы тілдері күні тойланып өтті. Осы айда халық батыры Амангелді Имановтың 150 жылдығы мен Амангелді ауданының 95 жылдығы тойлануда. Айтулы мерекелік шараларға байланысты Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасымен «Қоғамдық келісім» мекемесі қолдауымен қыркүйектің 8-10 күндері Амангелді, Жангелді аудандарының және Ахмет Байтұрсынұлы ауылының халқымен кездесулер жоспарланды. Делегация құрамында облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, белгілі айтыскер ақындар, ғалым, қоғам белсенділері бар. Кездесулер ел ертеңі, мемлекеттің келешегі жолында тіл саясатын көтеру үшін және Ахаңның ізбасарлары үшін маңызды болмақ. Ардагерлер кеңесінің атынан халық алдында сөйлеп, түсіндіріп, жолдаудың маңызын, оны қалай орындауын керектігін өз кездесулерде түсіндіріледі. Біз президент жолдауын қолдаймыз жіне орындауға Рудныйлықтарды шақырамын. Ұлы дала елінің қасиетті Тәуелсіздігі тұғырлы, мемлекеттік тілі ғұмырлы болсын!
Жақсылық Кәкенұлы өз пікіріңізбен бөліскеніңіз үшін рақмет!
Сания Сақтаған