Биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 16 процентке қысқарады. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Министрлік мемлекет басшысының қаңтарда ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесу қорытындысы бойынша берген тапсырмасын орындау үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны 16% — ке дейін қысқартты», — делінген хабарламада.
Бұл елде тапшылығы сезілетін салалық және бейінді мамандардан басқа кәсіптердің барлық санатына қатысты.
Шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 28 352-ден 23 560 бірлікке төмендеді. Яғни ол 4 792 бірлікке (16%) азайды. Биылғы квота 4 санатқа бөлінді:
Басшылар және олардың орынбасарлары — 1 243 рұқсат;
Құрылымдық бөлімшелердің басшылары — 6 499 рұқсат;
Мамандар — 11 110 рұқсат;
Білікті жұмысшылар — 2 396 рұқсат.
Айта кетерлігі, бірінші ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан аумағында 14 932 шетелдік азамат жұмыс істейді.