ҚР Әділет министрлігі шетелдерде Қазақстанның мүддесін қорғауға отандық заңгерлік компанияларды тартуды жоспарлап отыр
Әділет министрлігінде Азамат Есқараевтың төрағалығымен Қазақстан Үкіметінің мүдделерін шетелде білдіру және қорғау мәселелеріне арналған тұңғыш халықаралық практикалық конференция өтті.
Ведмство басшысы Азамат Есқараев Әділет министрлігі шетелдік төреліктерде, мемлекеттік және сот органдарында мемлекеттің мүдделерін қорғауды және білдіруді қамтамасыз етуге жауапты орган болғандықтан, бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы Президент белгілеген бағытты нәтижелі түрде жүзеге асыратынын атап өтті.
Айта кетейік, бұл мәселе Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері тұңғыш рет көтеріліп отыр.
Әділет министрлігінің бастамасымен өткізілген конференцияға қазақстандық заң қоғамдастығының, бірқатар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарының назарын өзіне аударып, түйткілді мәселелерді талқылауға түрткі болды.
Конференцияда спикер ретінде Latham & Watkins; Sayat Zholshy & Partners; Tukulov, Kassilgov, Shaikenov Disputes; Curtis, Mallet-Prevost, Colt & Mosle, White & Case сынды жетекші халықаралық және қазақстандық заң фирмаларының өкілдері сөз сөйледі.
Конференцияда көтерілген мәселелердің негізгі бөлігі аталған тақырып бойынша қазақстандық заң фирмаларының әлеуетін пайдалану мүмкіндіктерін талқылауға бағытталды.
Жиында барлық қатысушыларға өз бастамаларын таныстыруға мүмкіндік берілді.
Сондай-ақ спикерлер Әділет министрлігінің өкілдеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мазмұнды жауаптар алуға мүмкіндік туды.
Конференцияға қатысушылар іс-шара ұйымдастырушыларына алғыстарын білдіріп, көтерілген мәселелердің өзектілігі мен дер кезінде көтеріліп отырғандығын айтып, осы мәселеге өз үлестерін қосуға дайын екендігін жеткізді.
Айта кету керек конференцияда айтылған мақсат-міндеттерді іске асыру, мемлекет мүдделерін қорғауға қабілетті ұлттық кадрлар корпусын қалыптастыруға негіз болмақ.
Оған қоса, осы іске отандық заң фирмаларын тарту салық төлеушілердің қаражатының Қазақстан экономикасында қызмет етуіне септігін тигізбек.
Аталған конференцияны жыл сайын өткізу жоспарланып отыр.
KAZINFORM