«Қазақстан – ортақ үйіміз»

Рудныйда балалардың жүрегінен туған суреттер шеруі өтті

Өткен демалыс күндері «Орбита» орталығында «Қазақстан – ортақ үйіміз» атты қалалық сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аталған байқау «Бақыт біздің бойымызда» қоғамдық қорының бастамасымен және Рудный қалалық ішкі саясат бөлімінің мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында 4 жыл қатарынан ұйымдастырылап келеді.

Байқаудың мәні – баланың қиялымен бейнеленген бейбіт Қазақстанды сурет арқылы көрсету ғана емес, өскелең ұрпаққа көпұлтты елде тұрудың құндылығын ұғындыру, бірлік пен ынтымақтың маңызын балалық санаға сіңіру еді. Сол мақсат орындалды да. Кішкентай суретшілер өз қиялындағы Қазақстанды түрлі түстермен, символдармен және шынайы бейнелермен сипаттап, ерекше туындылар ұсынды. Бұл суреттерде тату ел, бейбіт аспан, бақытты бала бейнесі, табиғат пен халықтың жарасымы қатар өріліп жатты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауға 68 сурет ұсынылған. Олардың ішінен ең шынайы, тақырыпқа сай, балалардың өз қолымен салынған 38 үздік жұмыс таңдалып алынды.

«Біз әр жұмысты мұқият қарап шықтық. Әрбір суреттің астарында үлкен мағына бар. Баланың жүрегі мен санасында қандай Қазақстан бейнеленетінін түсіну – бұл үлкен тәрбие жұмысы», – дейді байқау ұйымдастырушыларының бірі Ирина Федерчук.

Байқау жеңімпаздары арнайы номинациялар бойынша дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды. Ал қатысушылардың барлығы естелік сыйлықтар алды.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Жергілікті мектеп оқушылары ән айтып, би биледі. Зал іші балалардың күлкісі мен ата-аналардың қошеметіне толды. Әрбір қатысушы өз суреті арқылы мақтаныш пен жауапкершілік сезімін бастан кешті.

№2 гимназия  оқушысы Венера Сагимбаева байқауда Гран-при иегері атанды. Ол өз суретімен ерекше ойды жеткізгісі келген:

«Мен үш сабақ бойы сурет салдым. Ойымда – бірлікте ағаш отырғызып жатқан балалар бейнесі болды. Бұл ағаш – Қазақстан, оны бірігіп өсіріп жатырмыз. Ол болашақта үлкен, мықты ағашқа айналады. Жүлде алғаныма өте қуаныштымын!», – деді Венера. Оның анасы Жанар Талғатқызы байқауға қатысудың маңыздылығын ерекше атап өтті: «Шығармашылық арқылы бала дүниені таниды, Отанын сүюді үйренеді. Сурет – баланың ішкі жан-дүниесін ашатын құрал. Осындай байқаулар баланың бойындағы дарынын оятып, рухани байытады», – деді ол.

№4 мектеп-лицейінің оқушысы Артём Ганенко да «Ең жарқын сурет» номинациясын иеленді. Оның анасы Елена Григорьевна өз пікірінде қаламыздағы шығармашылық үйірмелердің балалардың дамуына қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті: «Мен баламмен мақтанамын. Қаламызда балаларға арналған би, музыка, сурет үйірмелері көп. Әр бала осындай ортада өзін таба алады. Барша ата-аналарға айтарым – баланың талантын дер кезінде байқау керек».

Мерекелік шара соңында балалар мен ата-аналар естелік суретке түсіп, бір сәтке болса да өз армандарындағы ортақ Қазақстанда бірге тұрғандай әсер алды.

Балалар халықтар достығын, түрлі ұлттардың мерекелерін, бірліктің рәміздерін бейнелеген. Әрине, кейбір суреттерде ата-ананың көмегі байқалады. Бірақ бұл да маңызды. Себебі бала мен ата-ана бірге отырып сурет салғанда, бірге шығармашылықпен айналысқанда – олар жақындай түседі, бір командаға айналады. Біз, ересектер, осындай сәттерде балаларға өз ойы мен сезімін шығармашылық арқылы жеткізу қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Барлық қатысушыларға үлкен алғысымды білдіремін! Әсіресе, «Орбита» ұжымына жылы қабылдауы мен іс-шараны ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс айтамыз. Бұл игі дәстүрді міндетті түрде жалғастырамыз. Келесі жылы да сіздердің жаңа суреттеріңізді асыға күтеміз!», – деп қортындылады «Бақыт біздің бойымызда» қоғамдық қорының төрайымы Ирина Неживых.

 

Гүлім МҰРАТ,

суретті түсірген

Даулет КУЛАТАЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *