«Қазақстан халқына» қоры Би аға атындағы тірек мектепті жабдықтады

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында Б.Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясында материалдық-техникалық база толығымен жаңартылды және мектеп ұстаздары оқытудан өтіп, әдіснамалық қолдау көрсетілді.

Жаңартылған мектептің таныстырылымы презентация түрінде өтті. Іс-шараға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқали, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ляззат Чингисбаева, Қазақстан Республикасында бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, ҚР Жазушылары одағының мүшесі, профессор, педагогикалық еңбек ардагері Серікпай Оспанов, жергілікті атқарушы органының өкілдері қатысты.

Бейімбет Майлин атындағы №7 мектеп-гимназиясы 2010 жылы «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы аясында пайдалануға берілген. Жобалық қуаттылығы 900 оқушыға арналғанмен, бүгінгі күні 1158 оқушы білім алуда. Мектепте 77 педагог жұмыс атқарады. Мұғалімдердің барлығы біліктілік курстарынан 100 пайыз өткен. Мектепте оқу кабинеті зертханаларымен бірге 41 кабинетті құрайды. Сонымен қатар жүзу хауызы бар.

Мектеп жобаға енген соң кабинеттердегі еден жапқыш және электр шамдарын ауыстыруға 10 млн 920 мың теңге жұмсалды. «Ауылды жерлердегі тірек мектептерінің әлеуетін арттыру» жобасы аясында мектепке 250 млн теңге қаражат бөлініп, мектептің 41 сыныбы қайта жабдықталды.

«Біз дарынды балаларға арналған мектептер салмаймыз. Біз балалардың бәрі дарынды деп санаймыз. Білім беру сапасы үлкен қалаларда да, аудандарда да, ауылдарда да қолжетімді және сапалы болуын қалаймыз. Сондықтан тірек мектептер жобасы, біздің NIS серіктестерімізбен бірге ынтымақтасқан жұмысымыз. Олар өз тарапынан мұғалімдерді, топ-менеджерді толығымен оқытады. Біздің қор шағын , бейінді педагогтар мен оқушылар жетіспейтін мектептермен жұмыс істейді», – деді Ләззат Чингисбаева «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары өз сөзінде.

Сыныптардағы жиһаздар жаңартылды, эргономикалық орындықтар мен парталар қойылды, мұғалімдер мен оқушылар жұмыс жасауға барынша қолайлы жағдайлар жасалынды. Физика, химия, биология, география, информатика, Абай, Бейімбеттану кабинеттері нағыз заманауи білім беру сыныптарына айналды. Интерактивті панельдер мен зертханалық жабдықтар қойылды. STEM зертханасы және робототехника кабинеті тереңдетілген білім алу үшін сынақтарға қажетті 3D принтерлермен, виртуалды шындық кабинеттерімен және әртүрлі құралдар, материалдармен жабдықталды. Мектепте балалардың спортпен шұғылдануы және физикалық дамуы үшін «Қазандоп», «Садақ ату» сынды қазақтың ұлттық ойындарының құрал-жабдықтармен жарақтандырылды. Арт-студия, телестудия кабинеттері оқушылардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында жабдықталды.

Сонымен қатар, мектеп педагогтарының білімін шыңдау мақсатында 100 пайыз педагогикалық ұжым заманауи құралдармен жұмыс жасауға қатысты оқыту курстарынан өтті. Жалпы бағдарламаны іске асыруға қор 4 млрд 250 млн теңге бөлген.

Сания САКТАГАН

Фотосурет түсірген:

Милена ПОТОРОЧИНА

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *