Еліміз үшін ауыртпалығы мол болған жаңару кезеңі — «Барыс» жылын артқа тастап, үлкен үмітпен, сеніммен жаңа жылға қадам бастық. Қырдан қырға орғыған қоян жылы уайым-қайғы артта қалатын, адамдар үшін тұрақты, тыныш жыл болады деп сенеміз. Алайда бұл жыл қазақ тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнетпен есте қалды. Тарих парақтарына көз жүгiртсек, Қоян жылында түрлi жұттар болған.
Қоян жомарттық пен мейірімділіктің нышаны. Ол туа біткен емші. Қарсыласудан бойын аулақ ұстайды. Десе де оны қорқақ деп санау дұрыс емес – ол төтенше жағдайларда ерлік пен батылдыққа қабілетті. Шығыс елдері қоян адамға сәттілік алып келеді деп сенеді. Қоян – отбасылық жануар, сондықтан биылғы жыл отау құруға, бала көтеруге қолайлы жыл болмақ. Бұл жылы отбасы, туған-туыстармен жақсы қатынаста болу маңызды. Адамзат тарихында қоян жылында есте қалуға тұрарлық жарқын оқиғалар болған. Дегенмен қазақ халқы қоянды жайлы жыл қатарына қоса бермейді. Себебі тарих парақтарын ақтарсақ, қоян жылы атышулы оқиғалар мен ауыр кезеңдер болды.
Ел тарихындағы ащы қасірет «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасы» 1723 жылы қоян жылымен тұспа тұс келген. 1867 жылғы қоян жылын қазақтар «жалпақ қоян жұты» деп атады. Жұт жылдары жеке рулар, ауылдар немесе тұтас бір отбасы, мал басы малсыз қалған кездер болған. Содан кейін қоян жұт, қорқақ жыл деген түсінік қалыптасты. Одан кейін де қоян жылында жұт қайталанып отырған. Тарихшылар әр 36 жыл сайынғы қоян жылы қатты болып, соның кесірінен елді жұт жайлағандығын айтады. Мәселен 1880 жыл «үлкен қоян жұты», 1891-1892 жыл «кіші қоян жұты» деген атаумен ел есінде. 1963 жылғы қоян жылы да шаруашылық үшін ауыр өткен. Қалың қар жауып, жылқы, сиырлар өріске жайыла алмай қырылды, адам шығыны да болды. 1916 жылға дейін қазақ жерінде 3 млн 174 мың жылқы, 365 мың ірі қара, 10,5 млн қой болса, 1915-16 жылғы «Тақыр қоян жұтынан», Қазан дүрбелеңінен соң, 1918 жылғы Павлодар уезіндегі жылқы жұтынан соң, 1922 жылғы санақта қазақ жеріндегі жылқы саны 1 млн 892 мыңға, қой басы 2,5 млн-ға түсіп кеткен. (Ахмет Тоқтабай, «Қазақ жылқысының тарихы» энциклопедиясынан). Қоян жылғы жұт пен апат, аштық қаламгерлер шығармаларына да арқау болып қалды. Солардың бірі І.Жансүгіров былай деп жазды: Болмаса түлкі алдырған, қасқыр атқан, Бір қазақ таба алмайсың, қысты ұнатқан. Өтіпті «ақ қояндай» қырғын қыстар Түкірік түспей қатқан, жұрт жұтатқан. Әбіқай Нұртазаұлы «қоянды» былай суреттейді: Жұт көрдім жеті жаста «қоян» деген, Адалды қыс емес-ті қоям деген. Қызарып, қымыз ішіп ұйықтағанға, «Абайла, аштық келді! Оян!» деген.
Сонымен қатар 1951 жылы қоян жылында Семей полигонында уран бомбасы сынақтан өткізілді. Ал 1963 жылдан бастап халықаралық келісім бойынша жарылыстар тек жер астында жүргізіле бастады. 1987 жылдың маусым айында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін Қайрат Рысқұлбеков ату жазасына кесілді. 2011 жылы Маңғыстауда жаппай тәртіпсіздік, Ақтөбе, Атырау, Таразда, Алматы облысында лаңкестік оқиғалар болып, Оралда үш ауылды су басты.
Биыл үш жүздің басын біріктірген қазақтың ұлы ханы Абылайдың туғанына — 310 жыл толады. Абылай хан қоян жылында (1711 жылы) дүниеге келіп, қоян жылында (1771 жылы) қазақ хандығының ханы болып сайланған. Сондай-ақ 2023 жылғы атаулы күндердің арасында «Қазақ» газетінің 110 жылдығы және «Абай» журналының 105 жылдығы бар. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Ата заңы қабылданғанына және Ұлттық валютаның енгізілгеніне 30 жыл толмақ. Қазақ халқы басынан небiр қилы заманды өткерсе де, ертеңгi күнге үлкен сенiммен қарайтын қайсар халық. Ендеше, табалдырықтан жаңа аттаған қоян жылында ел еңсесі биік, абыройы асқақ болсын деп тілейміз!
Зерде ЖЕҢІС